Денсаулыққа пайдалы диета - 1

Денсаулыққа пайдалы диета - 1

Арықтауға арналған диеталармен қатар ауырған кезде ұстайтын диеталар бар. Олар денсаулықтың мықты болуына септігін тигізеді. Дәрігер мамандар денсаулыққа арналған диеталардың аурудан тез айығуға әсер ететінін айтады. Оларды осы қасиетіне байланысты «денсаулыққа пайдалы диеталар» деп атайды. Денсаулыққа пайдалы диеталар белгілі бір дене мүшесінің қызметінің бұзылуына байланысты тағайындалады. Дұрыс таңдалған диета ішкен дәрілердің әсерін күшейтеді. Кезекті материалымызда олардың әрқайсысын сипаттап өтейік.

№1 денсаулыққа пайдалы диетаны асқазанда жара пайда болғанда, он екі елі ішек ауырғанда, гастрит кезінде ұстайды. Бұл диетаны ұстаған кезде тағамдарды үккіштен өткізіп жейді. Суды көп ішеді. Ол асқазанның шырышты қабығы мен он екі елі ішекті емдеуге әсер етеді. Науқастың жағдайы жақсарған соң тағамдарды үккіштен өткізбей-ақ қоюға болады. Тағамдардың құрамында А, В, С дәрумендері өте көп. Тамақты аз-аздап, жиі ішкен жөн. Ал тәулігіне тамаққа тек 8 г тұз қосуға рұқсат беріледі. Тым ыстық немесе тым суық тағамдар жеуге болмайды. Тағамдардың барлығы дерлік суға қайнатылады немесе буға пісіріледі.

Денсаулыққа пайдалы тағамдар:

- 1 немесе 2-сорттағы бидай ұнынан жасалған нан, кептірілген нан. Жаңа піскен ыстық нанды жеуге болмайды;

- вермишельге сүт қосып дайындалған сорпа, картоп пен сәбізді езіп жасалған сорпа;

- тауық, қой, сиыр етінен дайындалған тағамдар: котлеттер;

- балық етінен жасалған негізгі тағамдар: көксерке, алабұға, нәлім, хек еттерін буға пісіріп котлет жасау. Балықтың майсыз сорты пайдаланылады;

- көкөністерден жасалған гарнир: кәдіш, асқабақ, картоп, сәбіз – барлығы үккіштен өткізіледі. Ботқа – күрішті, қара күрішті, сұлыны әбден ұнтақтаймыз. Вермишель мен кеспені қайнатамыз;

- күніне 2 уақыт жұмыртқадан жасалған омлет;

- сүтті тағамдар: сүт, қаймақ, қышқылдығы аз қатық;

- тұздықтар: сүттен, сүт пен жұмыртқадан, жеміс-жидектен жасалған. Ұн араластырылған тұздықты жеуге тыйым салынады;

- үшінші тағамдар: кисель, сүттен немесе жеміс-жидектен әзірленген желе, сүт немесе қаймақ қосылған шай, бал мен тосап;

- жеміс-жидектер: алмұрт, алма, банан, шие – барлығының қабығын аршимыз. Осы жемістердің табиғи шырынын ішуге болады;

- майлар: сары май, зәйтүн мен күнбағыс майы. Оларды қуыруға болмайды. Тек тағамға қосылуы тиіс.

Қандай тағамдардан бас тартамыз?

Жаңа піскен нан мен ұннан пісірілген тәттілер, борщ пен окрошка, саңырауқұлақ, ет, балық етінің сорпасы, консервіленген тағамдар, қуырылған ет, майлы қаймақ, қуырылған немесе пісірілген жұмыртқа, ұн, арпа, жүгері, макарон, ақтаған арпа, орамжапырақ, тұрма, шалғам, пияз бен қияр, қымыздық пен саумалдық, тұздалған, маринадталған, консервіленген көкөністер, саңырауқұлақ, қышқыл жеміс-жидек, кептірілген жемістер, шоколад, балмұздақ, газдалған сусын, квас, кофе, бұрыш, қыша, ақжелкек жеуге қатаң тұрде тыйым салынады.

Осыған дейін арықтауға арналға күріш диетасыарықтауға арналған мұз диетасыарықтауға арналған жұмыртқа диетасы,  арықтауға арналған қант диетасыарықтауға арналған құлпынай диетасыарықтауға көмектесетін диета,  жігіттерге арналған диетатез арықтататын диета сынды диета түрін жазған болатынбыз. Олардың да көмегі тиер деген ойдамыз.  

Қ. Бүйенбай