Табандағы сызаттардан қалай арылуға болады?

Табандағы сызаттардан қалай арылуға болады?

Жиырма жастан асқан кез келген қыз-келіншектің табанында сызаттар пайда болады. Сызаттардан арылудың бірден бір жолы – педикюр. Алайда, оны тұрақты түрде жасауға мүмкіндік бола бермейді. Оның үстіне пайда болған сызаттан дер кезінде арылмаса, ол созылмалы ауруға апаруы мүмкін.

Сызат қалай пайда болады?

Негізінде өкшедегі тері таза, жұмсақ, тегіс болуы керек. Бірақ, мұндай тері тек кішкентай балалар мен жасөспірімдерде ғана кездеседі. Адам есейген сайын оның табанындағы тері ойылып, әр түрлі сүйел-сызаттар түсе бастайды. Мұның салдарынан тері қатайып, түсі өзгереді. Осы себептен де көптеген қыз-келіншектер ашық аяқ киім киюге ұялып, сызаттарға шыдап бағады. Сызатты табанмен жүру қиын әрі жанға батады.

Сызаттың пайда болуына құрғақ тері ықпал етеді. Әсіресе, аптап ыстықта терінің сыртқы қабаты тартылып, кешке қарай құрғай бастайды. Бұл жағдайда аяққа күтім жасалмаса, сызат пайда болады. Сондай-ақ, табан, өкшедегі сызаттың пайда болуына мына жайттар әсер етеді:

  • Тері аурулары
  • Эндокринологиялық аурулары
  • Гастрит
  • Диабет
  • Қан аздығы (анемия)
  • Авитаминоз
  • Ыңғайсыз аяқ киім
  • Дұрыс жүрмеу, аяқты қисық басу

Сызаттарды емдеу

Сызаттарды емдемес бұрын, әуелі олардың пайда болуына не нәрсенің түрткі болғанын анықтап алыңыз. Егер де жоғарыда айтылған аурулармен байланысты болса, алдымен сол аурудан айығып алыңыз. Егер де аяқ киімнен пайда болып жатса, жайлы әрі ұлтаны жұмсақ аяқ киім киіңіз.

Сызаттардан арылу үшін дәріханаларда сатылатын арнайы май немесе құрамында A және F дәрумендері бар кремдерді жағуға болады.

Табан, өкшедегі сызаттардан арылу үшін күнделікті жатар алдында аяғыңызды 10-15 минутқа тұз қосылған қайнатылған жылы суға салып қойыңыз. Содан кейін аяғыңызды сүлгімен сүртіп, табаныңызға вазелин немесе аяққа арналған арнайы крем жағыңыз.

Сызатты жерлерге жатар алдында бал жағып, оны бинт не пластырьмен таңып, аяғыңызды жылы ұстаңыз. Таңертең тұрғанда бинтті шешіп, аяғыңызды жылы сумен шайып жіберіңіз. Бұл емнің нәтижесінде сіз сызатты жерлердің жұмсарғанын аңғарасыз. Бал терінің тартылып, сызаттардың жазылуына ықпал етеді.

Сызаттардан арыламын десеңіз, күнделікті екі мәрте аяғыңызды жылы сумен жуып тұруды ұмытпаңыз. Аяғыңызды сүлгімен сүртіп, кепкен соң, өсімдік майын жағуыңызға болады.

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер: nar-sredstva.ru, samolecar.ru

Ғ. Ұзақ