Софи Лореннің ақыл-кеңесі

Софи Лореннің ақыл-кеңесі

Жүзден аса кинодан ойнаған, өнерімен де, сұлулығымен де әлемді тәнті еткен итальяндық актриса Софи Лорен әр кез өзінің әйелге тән нәзіктігінің құпиясымен бөлісуге асығады. Әйгілі актриса сұлулық туралы бар ойын қағазға түсіріп, 1984 жылы «Әйел және сұлулық» атты кітабын жарыққа шығарды. Назарларыңызға Софи Лореннің сұлулық туралы ақыл-кеңестерін ұсынамыз.

***

Жинақылық өмірдің қай соқпағында болмасын, табысқа жол ашады. Соның ішінде сұлулыққа жеткізуде де...

Сырт пішініңіз алқам-салқам болса, еш уақытта уақыттың жоқтығы дей көрмеңіз. Уақыттың жетіспеушілігі деген бос сөз. Кішкентай сәбилі болған кезде, әлбетте, әйел затының өзіне қарауға шамасы болмайды. Ал басқа кезде әйел өз-өзіне қарап, өзін баптауға уақыт табуға міндетті. Әрине, мұның барлығы оңай шаруа емес. Күнделікті тіршілік, отбасы, бала-шаға, қызмет бар. Бұл кезде уақыт сіздің құзырыңызда емес. Әйтсе де әр нәрсені сылтауратпай, өз-өзіңізді «қолға» алыңыз. Бойдағы еріншектікке немесе кемшілікке сылтау іздемей, өзіңіздің өмірден не тілейтініңізді және уақытыңыздың қандай мазмұнға толуы керектігін ұғынып алыңыз.

Ішкі жан-дүниеңіздің сабырлығына жетудің бір тәсілі – жинақылық. Қандай сөз десеңізші. Әбден мезі кеткен көз. Соған қарамастан, сіз өз өміріңізді, әрбір күніңізді бағыттай білуге тиістісіз. Мәселен, ыдыс-аяқ жуу тәрізді сүйкімсіз істер әрқашан киліге береді. Несі бар, бұл іске де әр беруге тырысыңыз. Ас бөлмедегі радионы қосып қойып, қызықты бағдарламаны не сүйікті музыкаңызды тыңдап, ыдыс-аяғыңызды жуа бастаңыз. Ісіңіздің жақсы жүріп кетуі үшін не нәрсенің сізге қолайсыз әсер етіп тұрғанын анықтап алып, оны жұмыс барысына ұластырып жіберсеңіз болғаны. Сонда сіздің бұл күніңіз ақ пен қара, ләззатты немесе ләззатсыз болып қақ жарылмайтын болады.

***

Айна алдында жарты сағат отыру әйел өміріндегі бақытты кездің бірінен саналатындығын естен шығармаңыз. Бұл сізге ләззат алып келуге, көңіліңізді көтеруге тиісті. Жаңа көйлекті өлшеп не ерін бояуын қарап отырып, сіз өзіңізді жаңа әрде көресіз. Өзіңіздің бұрынғыдан жақсырақ тани отырып, өзіңізге сүйсінесіз. Ал сіз жігерленетін болсаңыз, өзгелерде сізге қызыға қарайды.

***

Қазіргі заманның әйелдері салмағым артып кетпесе екен деп зәре-құты қалмай жүреді. Бұл үрей талайдың өмірін өксітіп жіберді. Арық болса да «Семіріп кетсем, тартымсыз болып кетемін» деп өмірінің бірталай жылын бекерге жоғалтқан таныстарым бар.

Егер сіз сымбатым бұзылып кетеді деп артық нәр татпай, аузыңызға қақпақ қойып жүретін болсаңыз, онда сіздің тәніңіз емес, жаныңыздың да кеселді болғаны. Өмір тек сымдай болып жүру үшін берілген деп түйсеңіз, қателескеніңіз. Артық салмақ не істей қоюшы еді, тәйірі. Сондықтан да арықтасам, әр кез сұлу болып көрінемін, сол кезде тамаша өмір сүре бастаймын деп ойлай көрмеңіз. Табиғат заңымен, берген сыйымен күн кешіп, қолынан келіп тұрғанда қонышынан басып, өмір сүру керек. Менің берер кеңесім осы!

***

Журналисттер: «Сіздің сұлулығыңыздың қандай құпиясы бар?» деп менен жиі сұрайды. Бұған мен қалай жауап беруім керек? Адал да шын жауап берейін деп, талай жанымды салып бақтым. Көбіне әңгімені басқа арнаға бұрып әкетуге тырыстым. Ақыр аяғында, бәрібір, менің сұлулығымның құпиясы бар екендігін де түсіндім. Ол құпия – ішкі жан-дүниемнің сабырлылығын сезіну.

Оның бастауы менің өткен жолымда, тәжірибемде, аналық қуатымда, менің адалдығымда және балаларымда жатыр. Міне, ол құпия бойымдағы осы қасиеттерден нәр алады екен.

Жалғасы бар

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер: liveinternet.ru

Ғ. Ұзақ