Өсімдіктерден хош иісті қалай алады?

Өсімдіктерден хош иісті қалай алады?

Эфир майларының майлар класына еш қатысы жоқ. Эфир майлары дегеніміз – терпендер мен олардың альдегид, кетон, спирт, эфир және хош иісті көмірсутек сынды оттекті өнімдерден жасалған көп компонетті органикалық заттектер. Аталған компонеттер эфир майларының терапевтік жарамдылығын анықтайды.

Сыртқы әсер етуші факторлардың салдарынан химиялық құрамы өзгеріп отырады. Мысалы, бір заттың құрамындағы май мөлшері ыстық және жаңбырлы ауа райында түрліше болады. Бұл өзгеріс химиялық құрамының нақты стандарттарын белгілеуге кедергі жасайды.

Өсімдіктің иісі мен жемісі құрамында хош иісті заттектердің бар екенін айқындайды. Мандарин қабығын сыққан кезде шығатын су да эфир майы болып табылады. Бұл тамшылар бір мезетте ауаға сіңісіп, бөлме ішін хош иіске толтырады. Цитрус майларын жемістердің қабығын сығу арқылы алады. Бұл майды өңдеудің – ең оңай әрі қарапайым тәсілі. Қалған өсімдіктерден май алу қиынға соғады. Мысалы раушан гүлінен 1 мл эфир майын алу үшін оның 5 келі күлтесі қажет. Сол себепті раушан гүлінің табиғи эфир майы апельсин мен мандариндікіне қарағанда 100 есе қымбат болады.

Сурет: ©Андрей Короткий

Әдетте эфир майлары өсімдік пен ағаштың қабығында, тамырында, қарамайында, жапырағында, дәнегінде, гүлінде болады. Мұнымен қатар, өсімдіктің бір бөлігінен мүлдем бір-біріне ұқсамайтын бірнеше май алу мүмкіндігі бар. Олардың иісі мен қасиеті де түрліше болады. Мысалы, қалампыр ағашының сабағы мен жапырағынан әртүрлі май аламыз.

Эфир майын алудың 4 тәсілі:

1. Булау дистиляциясы (ерітіндіні айдау арқылы құрам бөліктеріне жіктеу). Өсімдік шикізатының ұшатын фракциясын будың көмегімен фильтрден өткізеді. Аталған тәсілді өсімдіктің шөпті бөлігінен эфир майын алу үшін пайдаланады.

2. Фильтрлеудің көмегіне сүйенетін суық сығымдау. Көп жағдайда қабығы мен дәнегінен май алу үшін қолданылады.

3. Баздандыру (мацерация, анфлераж). Шикізат өнімі әйнек немесе жібек тілімшенің үстіне жағылады. Жақпас бұрын май жағып алады. Аталған май өсімдік құрамындағы хош иісті өзіне сіңіреді. Артынша пайда болған қоймалжыңды қырып алады. Артық заттардан тазартып, экстракциялайды. Бұл тәсіл раушан, ақгүл, нарқайсар, мимоза сынды өсімдіктерден эфир майын алу үшін қолданылады.

4. Еріткіштен тазартып, спиртпен, эфирлермен, бутанмен экстаркциялау. Аталған тәсілді қолдану үшін шикізатқа қойылатын арнайы талаптар бар. Ол талаптар әр өсімдікке түрліше қойылады. Мысалы, түймедақтың көк жапырағын алдымен кептіріп алады, ал ақгүлдің күлтесін таңғы сағат 4-5-те жинап алған соң бірден су сақтайтын қоймаға жөнелтеді. Яғни хош иісті заттектердің концентрациясы жойылмай тұрып өңдейді.

Сурет: ©Юлия Королева

Қ. Бүйенбай