Балнұр Асанова, «Сымбат» сән академиясының арт-директоры: «СҰЛУЛЫҚҚА ҰМТЫЛҒАН СӘТТЕН БАСТАП АДАМ БОЛДЫҚ...»

Балнұр Асанова, «Сымбат» сән академиясының арт-директоры: «СҰЛУЛЫҚҚА ҰМТЫЛҒАН СӘТТЕН БАСТАП АДАМ БОЛДЫҚ...»

 -      2012 жылда қандай жаңалықтар сән үлгісіне кіргелі отыр? Қандай өзгерістер бар?

-      Негізінде, ешқандай да күрделі өзгеріс жоқ. Сән үлгісі дегеніміз не? Ол тек қана жаңа үлгідегі киімді кию ғана емес, сонымен қатар жарасымды киіне білу және өзіндік стиль қалыптастыра білу. Мәселен бұрында жаңа бір киімді кию, сәнге жататын болса, қазір әркім өзіне үйлесімді киім таңдайды. Сән үлгісі бүгінде өзіндік стильмен киіну деген мағынаны білдіреді. Адамның талғамы шексіз. Бұрынырақта біз әлемдік сән үлгісінен екі-үш жылға қалып отыратынбыз. Ал қазір мейлі ол ғаламтордан болсын, мейлі ол басқа да ақпарат құралдарынан болсын еліміздің жастары соңғы сән үлгісі бойынша жарасымды киінетінін байқап жүрміз. Себебі біз сәннің үлгісі бастау алған еуропа мен өзіндік киіну мәнері бар шығыс елдерінің ортасындамыз яғни біз сол екі сән державалары саналатын аймақтың өзіндік бір ерекшелігі бар миксі, яғни өзгеше бір қосындысымыз. Біздің жастардың қызы да, ұлы да сымбатты, көрікті келеді. Сонымен қатар, сәнді болу дегеніміз салауатты өмір салтын ұстану және бақытты өмір сүру. Бүгінгі соңғы тенденцияларға құлақ түрсек, мәселен бір киімді кию, мақсатты түрде сол брендті таңдау емес, керісінше жарасымды, үйлесімді киіне білу сән үлгісі болып есептеледі. Енді мұнда тағы бір мәселе бар. Сән үлгісі дегеніміз тек қана жарасымды киім кию ғана емес, онымен қоса, экологиялық таза киімдерді кию болып саналады. Яғни синтетикалық киімдер ешқашан да сән үлгісі бола алмайды.

-      Ал киім киюде Қазақстан үшін қандай да бір өзіндік ерекшелік бар ма? Сіз маман ретінде қандай ерекшеліктерге баса назар аударасыз?

-      Мен киімнің экологиялық тазалығына назар аударамын. Мен үшін басты нәрсе сол. Егер киімнің түсіне келер болсақ, өте ашық түсті болғанын қалаймын. Ал «көңілсіз» қара түсті киімдер мен әр түрлі көп түстердің араласқанын қаламаймын. Киім адамның көңіл-күйіне тікелей әсер етеді. Ашық бүлдірген, ашық күлгін, қызғылт түстерін қатты ұнатамын. Сонымен қатар, көгілдір түстің сарғыш түспен араласқаны да өте әдемі қосынды. Біз сарғыш түстен бастап қара түске дейін табиғи түстерді ұсынамыз. Мен қазір мына түс жақсы деуімнің өзі артық болатын сияқты. Себебі ол әркімнің өз қалауына байланысты. Медицина мамандары көңіл-күйдің денсаулыққа тікелей әсер ететіндігін айтады. Сондықтан да адамға жақсы көңіл-күй сыйлайтын ашық түсті киімдер киген абзал.

-      Енді аксессуарлар жайлы тақырыпқа ойыссақ. Қаншалықты көп әрі қаншалықты үлкенді-кішілі заттарды қолдану керек деп ойлайсыз?

-      Аксессуарды жазға қарағанда қыста көп қолданса артық болмайды. Түрлі белдіктер, қолғаптар, сәнді түйреуіштер, шарфтар, сөмкелерді қорықпай-ақ қолдана берсе болады. Ал жаз мезгілінде тек бижутерияны ғана ұсына аламыз.

-      Олардың стиліне қатысты қандай ережелер бар?

-      Тікелей айтсақ, ондай ережелер тіпті жоқ. Мәселен, 2012 жылғы күз-қыс мезгіліне жасалып отырған болжамда барлық стильдің элементтері кездеседі. Әр дизайнерде классикалық киім үлгісі, классикамен араласқан спорттық киім үлгісі және де ұлттық ерекшеліктері бар киім үлгілері болады. Ешкім ешқандай да үлкен жаңалық аша алмайды. Велосипед ойлап табудың қажеті жоқ. Барлық сән үлгілері шығып қойған. Ендігісі тек қана араластыру, барынша сұлуландырып, барынша қолайлы ете білу ғана алдағы күннің еншісінде. Жалпы адам сұлулыққа, әдемілікке ұмтылғаннан бастап ол адам болып санала бастады.

-      Қазіргі кезде ұлттық нақыштағы элементтері көптеп кездесетін киім үлгілері бар...

-      Иә, дұрыс айтасыз. Бұрында Мәскеу қаласындағы Модельдер үйімен тығыз байланыста болатынбыз. Яғни біз қандай да бір сән үлгісін ұсынсақ, оны сол ораталыққа тіркету арқылы қолданысқа беретінбіз. Ал егемендігімізді алған соң ұлттық бояуы бар киім үлгілері негізгі орынға шықты. Оны әртістер ғана емес, халықтың өзі де сондай киім кигісі келеді. Тек қана Наурыз мерекесінде ғана емес, тұрмыстық киім үлгісі де осы ұлттық нақышқа негізделіп отыр. Өзімнің сән үлгіме ұлттық нақыштағы элементтерді әрдайым қолданып отырамын. Эстрада жұлдыздары, атап айтқанда Роза Рымбаева, Нұржамал Үсенбаева, Қарақат Әбділдина, жалпы айтқанда барлығы да ұлттық киімді киеді.

-      Өткен жыл несімен ерекшеленді? Қандай жетістіктеріңізбен мақтана аласыз?

-      Жаңалық та, өзгеріс те, жетістік те көп болды. Мұның барлығы сайтымызда бар. Соңғы рет Мәскеуге барып киім үлгісін ұсынғанымызда ол өте жоғары бағаланды. Сонымен қатар, өткен жылы Қыдырәлі Болмановпен бірлесіп бір жақсы жоба дайындадық. Оның «Бал бала» жобасына мен он қуыршақ жасап шығардым. Ұлттық нақышта ұлттық қуыршақтарымыздың ең бірінші легін елбасыға сыйладық. Таяу арада бұл қуыршақтар сатылымда да болады. Жеке шығармашылығымның жетістіктеріне келсек, мен суретші ретінде «Empire» суретшілерге арналған республикалық конкурсында жеңімпаз атандым. Байқауда 34 суретші бағын сынаған болатын. Ендігі кезекте бұл компаниямен келесі жылы бірлесіп жұмыс жасауға шартқа отырамын. Өткен жылы Англия, Түркия, Ресей, Монғолия елдерінде болып, киім үлгісін ұсындық. Бұл да айтулы жетістік деп санаймын. Ал келесі жылы «Сымбат» сән академиясына 65 жыл толады. Әрине, оған арнайы киім үлгілері дайындалмақ. Жоспар өте көп, ал олардың орындалуын уақыт өз еншісіне алады.

-      Жаңа жыл келді. Бұл мерекеде барлығы да сыйлық алып, беріп жатады. Сіз негізінен қандай сыйлық жасайсыз, сізге қандай сыйлық жасалғанын қалайтын едіңіз?

-      Мен сыйлық жасағанды ұнатамын. Қандай сыйлық болмасын, ол құрметтеудің белгісі. Сол себепті де оның арзан немесе қымбат болуында ешқандай да маңыз жоқ. Гүл – ең жақсы сыйлық деп ойлаймын. Раушан гүл сыйға алған кезде шығармашылыққа деген ынта артады.

-      Сұлулықтың құпиясы неде?

-      Ең бастысы рухани түрде өзіңді өзің сұлумын деп есептеу. Ешқашан да жасқаншақтамау керек деп ойлаймын. Қандай болсаң да өзіңді қабылдауың керек. Ең бастысы денсаулық. Бұл кір-қожалақ болып киініп, өзіңе -өзің қарамау емес. Барлығы да, яғни ішің де, сыртың да сұлу болуы керек.

-      Ендігі кезекте біздің оқырмандарымызға айтар тілегіңіз...

-      Қазақстан әрмен қарай гүлдене берсін. Әр адам еліміздің дамуына өзінше бір үлес қосса, алдымызда жетістіктер көп болады деп ойаймын. Қазіргі кезде әркім өзінше ізденуі керек. Өмірдегі басты бағытын тапқан адам ғана бақытты бола алады. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

-      Әумин! Сұхбатыңызға көп рахмет.

Ж. FM