Бетке арналған масканы үй жағдайында жасау #2

Бетке арналған масканы үй жағдайында жасау #2

Қазір бетке арналған масканың сан түрлісі бар. Солардың ішіндегі бетіңізді ылғалдандыруға, жасартуға және сергітуге көмектесетіні – көк шайдан жасалатыны.

Маскаларды жасауда тек сапалы көк шайды пайдаланыңыз.

Бетіңіз құрғақ болса:

1. Жұмыртқаның саруызын 1 ас қасық ұнтақталған көк шаймен араластырыңыз. Оған 2 шай қасық майонез қосыңыз. Жақсылап араластырып, қоспаны бетіңізге жағыңыз. 10 минуттан соң жылы сумен жуып тастаңыз.

2. 1 ас қасық құрғақ көк шайды ұнтақтаңыз. Оған 1 ас қасық қаймақ, 1 ас қасық сүт қосып араластырыңыз. Бетіңізге жағып, 15 минуттан кейін жылы сумен жуыңыз.

Майлы не жартылай майлы бетке:

1. 1 ас қасық құрғақ ұнтақталған көк шайды 2 ас қасық йогурт не айранмен араластырыңыз. Бетке жағып, 15 минутан соң салқын сумен жуып тастаңыз.

2. Шайдан қалған қалдықтарды құрғатыңыз. Бетті жуатын кезде әдеттегі жуынатын сабыныңыздың көбігіне аздап қосып отырыңыз. Бетіңізге уқалап жағыңыз.

Беттегі дақтан құтылу үшін:

2 ас қасық көк шайды ұнтақтаңыз. Оған 2 шай қасық күріш ұнынан қосыңыз. Қоспа қоюланғанша қайнаған су құю керек. Масканы бетіңізге жағыңыз. Дақ бар жерлерге көбірек жағу керек. 15 минуттан соң жылы сумен шайып тастаңыз.

Бет тазартушы маска:

1. 1 шай қасық көк шайға жарты стақан қайнаған су құйып, 5 минутқа қалдырыңыз. Оған 2 ас қасық сүт қосып, тағы 3 минутқа қойыңыз. Сүзіп алып, сұйықтау ботқа болатындай 2 ас қасық сұлы қауызын қосыңыз. Бетіңізге жағып 10-15 минуттан соң жылы сумен жуып тастаңыз.

2. Құрғақ не қалыпты бет үшін:

2 ас қасық қою көк шайды 1 ас қасық грейпфрут шырынымен, 1 шай қасық алоэ және 1 саруызбен араластырыңыз. Қоспаны бетке жағып, 10-15 минуттан кейін жылы сумен жуып тастаңыз.

3. Аралас не майлы бет үшін:

1 ас қасық ақ сазды (немесе көгілдір, жасыл, сары сазды пайдалануға болады) қайнап тұрған қою көк шаймен араластырыңыз. Қоспаңыз қою болуы керек. Бетіңізге жағып, 7-8 минуттан кейін жуып тастаңыз.

4. Құрғақ не қалыпты бет үшін:

1 ас қасық қызыл не алқызыл сазды қайнап тұрған қою көк шаймен араластырыңыз. Қоспаңыз қою болуы керек. Бетіңізге жағып, 7-8 минуттан кейін жуып тастаңыз.

Сұлу да сымбатты болып жүре беріңіздер, арулар!

Сурет: redesemblant.com.br

Оқи отырыңыз:

Бетке арналған масканы үй жағдайында жасау

Бет тазалаудың кешкі ережелері

Қысқы бет күтімінің ерекшеліктері

Бетке үй жағдайында күтім жасап үйренейік

Ф. Абилова