Үй жағдайындағы маникюр: шеллакты кетіру

Үй жағдайындағы маникюр: шеллакты кетіру

Бүгінде көп қыз Shellac гель-лагын жиі пайдаланады. Ол қарапайым лакқа қарағанда, тырнақта еш бүлінбей 2-3 апта, ал кейде бұдан да ұзақ уақыт сақталады. Мұндай лакты көбіне салонда кетіру құпталады, алайда қолыңызда керекті заттар болса, үй жағдайында кетіру қиынға соқпайды.

Үй жағдайында шеллакты кетіру

Егер тырнағыңызға шеллак жағылған болса, ал маникюр шеберіне барып, оны кетіруге немесе жаңартуға уақытыңыз болмай жүрсе, онда үй жағдайында бұл процедураны іске асырып көріңіз. Ол үшін алдын ала қажетті заттарды дайындап алыңыз:
‒ мақта дөңгелекшесі;
‒ жұқалтыр (фольга);
‒ тырнақ етін ығыстыруға арналған арнайы апельсин таяқшасы немесе доғал ернеулі тырнақ егеуіш;
‒ ацетон немесе ацетонды сұйықтық;
‒ қырнап тегістеуші егеуіш.

Мақта дөңгелекшесін ацетон сұйықтығына жақсылап шылап, тырнағыңызға қойыңыз да, сыртынан жұқалтырмен ораңыз. Осы әрекетті екпінді түрде барлық тырнақтарыңызға жасаңыз да уақытты белгілеңіз. Шеллак жібіп, тырнақ бетінен кедергісіз алынуы үшін орташа 5-10 минут жеткілікті.

Егер бұл үшін ацетон пайдалану сізге қауіпті көрінсе, салонда тез жібітетін бұдан да күшті құрылғы пайдаланылатынын біле жүріңіз. Мұндай бояуды кетіруге арналған арнайы сұйықтықты пайдалануға болады, бірақ олар қымбат тұрады.

Апельсин таяқшасымен ақырындап қалған шеллакты кетіріңіз, бірақ тырнақты бүлдіріп алмас үшін күш салудың қажеті жоқ. Егер кейбір жерлерінде бояу қатып, кетпей тұрса, мақтаны қайта ацетонға шылап, сол жеріне орап қойыңыз. Бірақ үш минуттай ғана ұстаңыз.

Егер шеллак қалың, қабатталып жағылған болса, оны алдымен егеуішпен ақырындап қырнап алған дұрыс. Кейін барып ацетон пайдаланыңыз. Бояудың сапасы үлкен роль атқарады: шеллак сапалы болған сайын, үй жағдайында кетіру қиындай түседі. Сонымен қатар жүктілік кезінде ацетонмен демалу құпталмайды, сондықтан мұндайда маникюр шеберіне барып, кетірген дұрыс.

Шеллакты кетірген соң тырнақты қалпына келтіру

Шеллакты өз бетіңізбен кетіру процедурасы аяқталған соң, тырнақты қайта қалпына келтірумен айналысыңыз. Эфир майлары, бір-екі тамшы лимон шырыны және бір шай қасық теңіз тұзы қосылған ванна пайдалансаңыз тіпті жақсы. Алайда тырнаққа арналған ваннаны өзіңізге ұнайтын компоненттерден де жасай аласыз.

Қатты зақымдалған тырнақтарды май негізінде жасалған «Аевит» дәрумендерімен емдеуге болады. Ұйықтар алдында дәрінің тамшысын тырнақтарға жақсылап жағыңыз. Бір апта пайдалансаңыз тырнақтарыңыздың қатайып, жақсы өсе бастағандығын байқайсыз.

Соңында әр тырнақты сұйық косметикалық балауызбен ысқылаңыз және велюр егеуішпен ақырындап қырнап, тегістеп жіберіңіз. Бұл тырнағыңыздың жылтырауын қайта қалпына келтіруге көмектеседі. Бірінші аптада тырнаққа бояу жақпағаныңыз абзал, өйткені тырнаққа біраз демалыс қажет.

Сурет: odnatakaya.ru, alkupone.ru

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina