Сусабынды қолдан жасайық

Сусабынды қолдан жасайық

Дүкеннің сусабындары шашыңызды дұрыс тазартпай, қажетті күтім көрсетпейді деп ойлайсыз ба? Шашыңызға жағатындай сусабын таба алмай жүрсіз бе? Жарнамадан жиі байқайтын қымбат сусабындарды бір ретке қоя тұрып, сусабынды өзіңіз-ақ қолжетімді заттардан жасап көріңіз.

Қолдан жасалған сусабынның дүкен өніміне қарағанда жақсы жақтары көп-ақ. Оны әзірлеуде арзан, қолжетімді заттарды қолдана аласыз. Оған қалауыңызша кез келген хош иісті майлар мен сүйікті шөп түрлерін қоса аласыз. Және әрине мұндай сусабынның еш зияны болмайды, ол толықтай табиғи өнім болып шығады.

Сусабынды жұмыртқаның сарысы, қара бидай ұны, сүт, айран, бал, кез келген шөптің қайнатпасы мен судан жасауға болады.

Сусабынды әзірлеудің бірнеше жолы бар. Біріншісі бойынша қара бидай ұнына су немесе кез келген шөптің қайнатпасын қосу керек. Ботқа сынды ерітіндіні 5 сағатқа тоңазытқышқа қойыңыз. Мұндай сусабын шашты өте жақсы тазартады, және оған қоса шашыңыз микроэлементтерге қанығады. Бірақ бұл сусабынды үйреншікті дүкеннің сусабынындай қолдана алмайсыз, ол мүлдем көбіктенбейді. Оны шашқа жағып, үстінен целофанмен жауып, жарты сағатқа қалдырыңыз. Артынан шашты шайғанда, шашыңыз тазарып та, пайдалы заттарды сіңіріп те үлгереді.

Аналарымыз қол астында сусабын болмаған кезде шашын жұмыртқаның сарысымен жууға болатындығын білетін. Жұмыртқаның сарысы жақсы көбіктенеді, сол себепті шашты жақсы тазартады. Жұмыртқаның ақуызын қолданбаңыз, себебі ол кеуіп, қатып қала алады, ал оны артынан жуып кетіру қиын болуы мүмкін.

Дәріханаларда сатылатын түрлі емдік қасиеттерге ие шөп түрлерін де осы мақсатта қолдануға болады. Шөпті қайнақ суға салып, демделуін күтіңіз. Қайнатпаға сүт, бал қосыңыз, сусабын дайын болды. Әрине мұндай сусабын мүлде көбіктенбейді, есесіне шашты жақсы тазартып, қоректендіреді.

Шашты қарапайым айранмен де жууға болады. Ол үшін шашқа айран жағып, сыртын целофан мен орамалмен жауып, жарты сағатқа қалдырыңыз. Уақыт өткеннен кейін шашты сумен шайыңыз. 

Естеріңізге сала кетейік, мұндай сусабын түрлерін ұзаққа сақтауға болмайды, сондықтан қолдан жасалған сусабынды шаш жуғанда ғана бір ретке жететіндей мөлшерде әзірлеңіз.

Даындаған: Сания Аринова

Сурет: ostrovlubvi.com

С. А