Ер адам гигиенасы

Ер адам гигиенасы

Кейбіреулерге ер адамның гигиенасы дегеннің ешбір мәні жоқ нәрсе тәрізді көрінеді. Тіпті, көзі ашық деген адамдардың өздері кейде ер адамдар сақтауға міндетті қарапайым гигиеналық ережелерден бейхабар екендігін дәрігерлік тәжірибелер айғақтайды.

Еркектің өзгеше гигиенасы жалпы гигиенадан – дұрыс тұрмыс салтын, тиімді тамақтанудан, дене шынықтырумен және спортпен шұғылданудан бөліп қарастырылмайды.

Жас шамасына қарамастан еркектердің бәріне қозғалу, дене еңбегімен айналысу керек. Су процедуралары – душ, сумен құйыну, ысқылану ағзаны шынықтырып, сергітеді, терінің гигиеналық жақсы күйін сақтауға көмектеседі.

Міндетті түрде күн сайын аяқты жуып, шұлық ауыстырып тұру қажет. Әйелдерге қарағанда еркектер анағұрлым шомбал әрі жабық аяқ киім киеді және де олардың аяғы әдетте көбірек терлейді. Дымқыл тері эпидермофитонның – тері мен тырнақтың грибокты ауруының қоздырғыштары өніп-өсуіне қолайлы орта болып табылады. Бұл көбінесе артық тершеңдікке бейім және гигиена ережелерін сақтамайтын адамдардан дамиды.


 Жұмыстан кейін, душ қабылдауды естен шығармаңыз. Бұл теріні тазартып қана қоймайды, сонымен бірге тердің иісін, шаршағандықты қолмен сылағандай жояды.

Еркектердің киіміне деген гигиеналық талаптар пәлендей күрделі емес. Естеріңізге сала кетелік: синтетикалық маталардан тігілген көйлектерді күн сайын, тіпті болмағанда күнара жуған дұрыс; күндіз  киіп жүрген іш киіммен жатып ұйықтамаңыз.

Қырыну еркектердің таңертеңгі дәретінің өте маңызды элементі болып табылады.

Қайсыбір еркектер мұны ұнамсыз міндет деп есептеп, анда-санда және ұқыпсыз қырынады. Ал оның бер жағында күнделікті қырыну қатпарлар мен әжімдердің пайда болуының алдын алатын, теріні жұмсартатын тамаша массаж болып табылады. Қырыну гигиенасын сақтағанда ғана тері тітіркенуі мен түлеуінен, байқаусыз кесіп алудан сақтануға болады. Көптеген оқырмандар қырыну гигиенасының мәні неде және қай жастан қырына бастау керек деген сауал қояды.

Әдетте 16 – 17 жастағы бозбаланың беттерінде, үстіңгі ерні мен иегінде селдір және жұмсақ түк шыға бастайды. Егер бұларды жүйелі түрде қыратын болса, мұның өзі сақал-мұрттың өсуін тездетіп, түктің қатқылдануына ықпалын тигізеді. Шамамен 19 – 20 жастан қырынған жөн.


Егер қырынуға арналған кремнің жылы сабынды көбігімен теріні қырынудан бұрын мол сабындаса, жақсы жанылған қауіпті немесе қауіпсіз ұстара сақал-мұртты таза етіп қырады.

Қырынғанда теріні қатты кермеңіз – бұл оның созылуына және оп-оңай жарақаттануына, сондай-ақ ұсақ жаралар мен кесіктердің пайда болуына ықпал етеді. Егер, соның өзінде бір жеріңізді кесіп алсаңыз, жараға йод жағыңыз немесе оны аздап лосьонмен сүртіп жіберіңіз.

Егер бетте, иекте, ерінде немесе мойында меңдер, сүйелдер, папилломдар, тамырлы дақтар пайда болса, дәрігер-косметологқа немесе дерматологқа көрініңіз. Абайсыз қырынғанда оларды зақымдап, қанатып алуыңыз мүмкін. Мұның өзі кейде ұзақ емдеуді қажет ететін қабынуға соқтырады.

Жас ұлғая беттің терісі құрғап, жұқара түседі. Тері тозуының алдын алу үшін еркектердің аптасына тым болмаса бір-екі рет кешке қарай самайға, мойынға, көз бен ауыздың төңірегіндегі теріге қоректік кремдерінің бірін жаққан пайдалы.

Егер тері тым солғын және бос болса, крем жағудан бұрын ыстық компресс жасаңыз деген кеңес бергіміз келеді. Ол кремнің жұмсартқыш және қоректік әсерін күшейтеді. Салфетканы немесе орамалды бірнеше қабаттап, ыстық сумен сулайды, содан соң тез сығып, 1 – 2 минутқа бетке төсейді, мұрын мен ауызды ашық қалдырады. Бұл процедураны екі – үш рет қайталайды, бұдан кейін бетті құрғатып, крем жағады. Бір-бір жарым сағаттан соң артық кремді қағаз немесе дәке салфеткамен алып тастайды.

Шылым тартуды тастау немесе тым болмағанда шектеу керек. Шылым құмарлардың терісі бұрын солатын, ал мұрын мен бетінде тамыр білеуленуі (телеангиэктазия) уақытынан ерте пайда болатыны мәлім.

Сондай-ақ алкогольді де артық ішуден үзілді-кесілді бас тарту керек: ол ағзаның тез тозуына, беттің солғындауына соқтырады.

Бәлкім, біздің айтқалы отырғанымыз көңілді таза гигиена саласынан өзгеге аударып жіберуі де мүмкін, бірақ сонда да еркектің өзін күтіп ұстай білуі дегеніміз – желбіреуікті көйлекпен, ұзын шаш жіберумен, сақиналармен, мойынға тағатын әшекеймен әуестенуге пара-пар емес дегіміз келеді. Керісінше! Шектен шыққан мұндай сәнқойлық өзінің жасандылығымен жағымсыз әсер қалдырады. Сөздің кең мағынасында айтқанда мұны сөкеттік деуге де болады.

Әрине, осылай киінген әрбір бозбалаға диагноз қою ағаттық болар еді, бірақ сонда да еркектің әйелге ұқсас болуға, атап айтқанда, киімнің әйелдер стиліне ұмтылуы психиатр-дәрігерлер үшін әрдайым дүдәмалдық, психикалық кемтарлықтың дабылы іспеттес болғанын айта кеткен жөн. Еркекке тән емес кейіпке әуес болудың қажеті не?

Гигиена, денсаулық, сұлулық – сабақтас түсініктер. Еркек үшін осы үш ұғымның мәні тазалықтың, салауаттылықтың, жинақтылықтың тығыз ұштасуында. Ал сыртқы сипаттармен әрқашан ішкі ұстамдылық, күштілік, батылдық қатар жүреді.

Суреттер seti.ee, segodnya.ua, vipman.com сайттарынан алынған