Сабын не гель. Қайсысымен жуынған дұрыс?

Сабын не гель. Қайсысымен жуынған дұрыс?

Сабынды күнде қолданамыз. Алайда қарапайым сабын түрі теріні құрғататыны белгілі. Ол сабынмен бет терісін жуған дұрыс па? Денені ше?

Бет терісі нәзік, сезімтал келеді. Күнделікті жағылатын макияж бояулары мен күні бойы жиналған май, шаң-тозаңды жуу кезінде теріні қатты зақымдай аламыз. Қазірде бұл мақсатта сабынды жуынуға арналған гель мен көбіктер алмастырды. Бұл бет терісінің саулығы мен сымбаттылығына үлкен көмегін береді.

Қарапайым иіс сабынның ортасы сілті болады, сол себепті оны тұрақты түрде қолдану бет терісінің сыртқы қорғаныс қабатын бұзады. Тері ылғалдығынан айырылып, түрлі бактерияларға төтеп бере алмай қалады. Сабынды қолдану терінің қозуына, қабыршақтану мен қабынуына әкеле алады.

Ал жуынуға арналған гель, көбіктердің рН көрсеткіші  5,5-ке тең. Бұл оның ортасы қышқыл екендігін көрсетеді. Бұндай құрал эпидермиялық қабатты зақымдамай, терінің ылғалдылығын сақтап, бактериялардың дамуына жол бермейді. Құрамында болатын қосымша ылғалдандырғыш және антибактериалды компоненттер теріге қосымша күтім көрсетеді. 

Бетті жууда сабын емес, жуынуға арналған арнайы құрал қолданған әлдеқайда дұрыс. Алайда қазірде көптеген косметикалық компаниялар жуынуға арналған құралдарды үйреншікті сабын ретінде шығаруға көшті. Бұндай сабындар барлық шарттарға сай, ортасы сілтіден тұрмайды, ал құрамындағы пайдалы компоненттер жуынуға арналған гель мен көбіктерден еш кем емес.

Бет жуатын құрал таңдау

Жуынатын құралды қатты не гель түріне байланысты емес, сіздің теріңізге жағатындығына байланысты таңдау керек. 

Құрғақ теріге крем тектес сабын не жуынатын құрал алу керек. Ол теріні тазалап, ылғалдандырады. Оның құрамында глицерин мен вазелин болған дұрыс. Бұл құрамдас бөліктер терінің қорғаныс қабатын қорғап, қалпына келтіреді. Мұндай сабын қатты көбіктенбей, оңай шайылады, сол себепті теріні құрғатып, тартып тастамайды. Құрғақ теріге арналған сабынға кокос, зәйтүн, ши майлары қосылғаны дұрыс.

Майлы теріні қабынуға қарсы компоненттері бар сабын не жуынатын гельмен жуып жүрген дұрыс. Қырмызы не шай ағашының экстракты сынды құрамдас бөліктер терінің майлануын азайтып, безеу шығуының мүмкіндігін кемітеді. 

Пилинг-сабынның құрамында теріні терең тазалайтын бөліктер болады. Бет терісі үшін мұндай сабын тым қатты болады, оны денеге аптасына 2-3 рет қолданған дұрыс.

Бет терісін ретімен жуыңыз

Біріншіден, беттегі бояуды арнайы сұйықтықпен сүртіп алу қажет. Косметиканы бірден сабынмен не жуынатын гельмен жуған дұрыс емес. Ол бояуды соңына дейін кетірмей, бет терісін зақымдай алады. Макияжға арналған сұйықтықпен бояуды кетіргеннен кейін ғана бетіңізді арнайы сабынмен не гельмен жуыңыз. Бетті ақырын, мұқият тазарту керек, әсіресе, көз маңындағы теріні абайлап жуу керек. Артынан бетті тоникпен сүртіп, крем жаққан дұрыс.

Сабын туралы 3 аңыз:

  1. Қарапайым сабынмен бет терісін жууға болмайды, бірақ ол дене терісіне жаға береді. Әрине дене терісін иіс сабынмен жууға болады, алайда сіздің теріңіз құрғақ болса, жуынуға, душқа арналған гель қолданғаныңыз дұрыс.
  2. Кір сабын сабындардың арасында табиғи, сондықтан пайдалы. Кір сабынның құрамында химиялық қосындылар аз, алайда оның сілтілік көрсеткіші иіс сабындардан да асады. Ол теріңізді тым құрғатып, табиғи қорғаныс қабатын бұзады.
  3. Балаларға арналған сабынды ересек адамдар қолдана береді. Балаларға арналған сабын ересек адамның терісіне зақым тигізбейді, алайда ол балаларға арналып жасалғанын ұмытпаңыз. Оның  рН көрсеткіші бейтарап, ішінде бояғыш заттар мен иіс беретін компоненттер болмайды. Есесіне мұндай сабын ересек адамның терісіне жиналған кірді жуып кетіре алмайды. Ал бояу мен макияж қалдықтары туралы айтпасақ та болады. 

Дайындаған: Сания Аринова

Суреттер: audreymagazine.com

С. А