Жазғы макияж

Жазғы макияж

Жазда гардеробымызды ауыстырып, қалың жемпірлерді жұқа, түрлі-түсті жейделерге алмастырғандай, косметикалық құралдарды да жаңарту керек. Бұндай ыстықта бояу жаққың да келмейді. Алайда әсемдік бірінші орында десеңіз, арнайы "жазғы макияж" қолданыңыз.               

Әрине ең бастысы беттің түсі. Бет терісі түзу, түсі біркелкі болуы керек. Алайда жазда қою реңк беруші крем қолдансаңыз, теріңіз дем ала алмай қалады. Терлеп, бояуыңыз аққаннан басқа амалы қалмайды. Сол себепті таза теріге реңк беру әсері бар жеңіл ылғалдандыратын крем жағыңыз. Немесе ылғалдандырғыш крем жаққаннан кейін бетіңіздің түсін опамен реттеңіз. Ол терінің түсін біркелкі қылады. Әрине SPF-көрсеткіші бар құралдарды қолданған жөн.       

Бет әлпетіңізді күтімді қылып көрсетудің бір оңай әрі ыңғайлы жолы бар. Ол – қастың пішінін мінсіз дұрыс қылу. қасыңыз табиғи көріну керек, сондықтан жұқа қас пішінін жасамаңыз. Қастың түсіне сай қарындашпен, оның пішінін дұрыстап, түсін қанық қылуға болады. Айта кетсек, қастарға арналған гельдердің де пайдасы зор, оның көмегімен қас дұрыс жатып, жылтырап тұрады.     

Көз бояуы жылы түсті болғаны дұрыс, кішкене жылтыры да артық болмайды. Жылы қоңыр-сары, ашық түстер жазда жақсы көрінеді. Арасында көңіл көтеру үшін жарқын алқызыл, жасыл, көгілдір түстерін қолдануға болады. Бірақ қара, қара-қоңыр, күлгін түстерді тек кешкі отырыстарға барарда қолданған дұрыс.     

Стрелка сызуға әуес болсаңыз, қара түстің орнына түрлі-түсті, қабақ бояуына сай немесе кереғар түстерді таңдауға болады.   

Жазда далаптың орнына ерінге арналған бальзам қолданыңыз. Ол жылтыр беріп, ерінді құрғаудан, күннің көзінен сақтайды. Түстісін қаласаңыз, жеміс-жидек түсті, тіпті иісі де дәл сондай бальзамдар баршылық. Түссіз мөлдір жылтыр да актуалдығын сақтайды. Жылтыр бальзам тым сұйық, ол еріннен ағып кете береді десеңіз, еріннің шекарасын қарындашпен сызып, ортасына саусақпен сәл опа жағыңыз. Осының үстіне жағылған жылтыр ұзаққа сақталады.

Жаз ойнақы көңіл-күй, демалыс, шаттық кезі. Сондықтан батыл түстерден қорықпай, тәжірибе жасаңыз. 

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: genuardis.net

С. А