Зергерлік бұйымдар күтімі

Зергерлік бұйымдар күтімі

Еш қоспасыз таза алтынды тырнақпен сырсаңыз із түсіп қалатынын білген бе едіңіз? Сондықтан, әшекей бұйымдарды әрдайым мырыш немесе күміспен араластырады. Бұл оны механикалық бүлінулерден қорғайды, бірақ қоршаған ортаның басқа зиянды факторларынан қорғай алмайды. Қалай болғанда да, уақыт өте келе зергерлік бұйымдар күңгірттеніп, жылтырынан айрыла бастайды, ал кейбір жағдайларда олардың бетінде дақтар пайда болады. Бұл немен байланысты? Және сүйікті әшекейлерімізді қалай қайта қалпына келтіреміз?

Алдын алу шаралары

Үй жинағанда барлық әшекей бұйымдарыңызды шешіп қою қажет. Біріншіден, оларды құрамында хлор, аммиак, сілті, түрлі қышқылдар бар тазартқыш құралдармен байланысқа түсуден қорғайсыз. Екіншіден, кір жуғанда немесе еден жуғанда оларды қолдан түсіріп алу сияқты оқыс жағдайлардың алдын аласыз.

Сонымен қатар ваннаға түскенде немесе қандай да бір косметикалық процедуралар қабылдағанда да әшекейлеріңізді шешіп қойған жөн. Түрлі жақпа майлар, лосьондар мен кремдерді жасауда сынап тұздары мен күкірт пайдаланылады. Біріншісі алтын әшекейлердің бетінде ақ дақтардың пайда болуына әсер етсе, екіншісі күміспен қосылғанда қошқыл түсті күкіртті байланыстар тудырады.

Әшекейлерді қараңғы жерде сақтау ұсынылады. Ультракүлгін сәулелер аметист, топаз, інжу, лағылға жағымсыз әсер етеді – бояуларының қанықтығы жоғалады. Жалпы әшекейлерді жылытқыш құралдарынан, терезеден және басқа да температурасы аумалы-төкпелі жерден алыста, жабық қобдишада сақтаған жөн.

Егер әшекейлердің түсі күңгірттеніп кетсе...

Әшекейдің адам терісімен жиі әрекеттесуі әшекей бетінде майлы қабаттың түзілуіне, ал бұл шаңның жиналып, металдың қараюына әкеледі.

Қалай тазалау керек? Әшекей бұйымдарды тазартуға арналған арнайы спрейлер мен көпіршіктер бар. Олар зергерлік бұйымдарды тазартып қана қоймай, оны көрінбейтін қорғаныш қабатымен қаптайды. Бұл қоспалар зергерлік бұйымдардың барлық нюанстарын ескере отырып, жасалған, сондықтан кәріптас, інжу, малахит, маржан сынды жұмсақ тастарды тазартуға да қолайлы.

Егер арнайы тазартқыш құралдарды сатып алғыңыз келмесе, үй жағдайында жасалатын құралдарды пайдалануға болады.

Алтынды тазарту үшін тіс щеткасы, сабынды су мен мүсәтір (жарты стақан суға бір шай қасық) қажет. Бір ескеретін жайт: мұндай әдіс көгілдір ақық, маржан, інжу немесе кәріптас сынды асыл тасы бар бұйымдарға жарамайды. Тас астындағы шаңды глицеринге малынған мақта таяқшасымен тазалауға болады.

Күміс бұйымдарды тазалауда ең ұтымды нұсқа – сода немесе тіс ұнтағы, фланель. Оларды суға араластырып, күмісті сүртеміз, шаямыз, кептіреміз.

Ең оңайы, платинаны тазалау. Оны таза сумен жуып, құрғақ шүберекпен сүртсеңіз жеткілікті. Өйткені «ақ алтын» — қараймайтын және тотықпайтын ең төзімді металл деуге болады.

Көгілдір ақығы бар әшекейлерді құйрық маймен тазалаған дұрыс. Мал майлары дәл осы тасқа жағымды әсер етеді.

Інжуді тазарту үшін зығыр мата мен натрий хлоридін пайдаланыңыз. Бұл әдіспен бетіндегі майлы қабатты кетіресіз: інжуді зығыр матаға жайғастырып, бетіне бір қасық тұзды себіңіз, ораңыз да суда тұз ерігенше үйкелеңіз. Кейін шайып, кептіріңіз. Сонымен қатар, тазартуға крахмалды да пайдалануға болады, ол артық ылғалды сорып алып, кірден тазалайды. 

A. Mustafina