Топпен дұрыс жұмыс істей білу

Топпен дұрыс жұмыс істей білу
Фото: advert-prior.com

Адамға мәңгі жалғыз болу жазылмаған. Қандай іс болса да, күндердің күнінде топпен бірге жұмыс істейсіз. Бұл кезде жауапкершілік әлдеқайда жоғарылайды. Қара бастың қамын ғана ойламай, жаныңыздағылардың жағдайына да назар аударуға тура келеді. Ортаға тез сіңісу және адамдармен тіл табыса білу үшін мына жайларды ескере жүріңіз.

Есімдікті дұрыс қолдану. Бұрын «мен» деп қана келсеңіз, енді тек «біз» деген ұғыммен жүресіз. Өзіңіз де құраманың бір бөлшегі болғандықтан «сіздердің кеңселеріңіз», «менің жұмысым» деу әбестік болады.

Сынау орнына, қолдау. Қызмет барысында біреудің мүлт кеткенін көрсеңіз, кінәлауға көшпеңіз. Қатесін бетіне басып, «Мен қалай істеуді білемін» не «Олай емес, былай ететін адамсыз» деп сөкпей, «Қаласаңыз, мен сізге көмектесе аламын» деп жанашырлық танытқан жөн.

Кешірім сұрау емес, алғыс айту. Әдеттегіден өзгеше жағдай орын алатын болса, мысалы «Жұмыстан кейін кідірткеніме кешірім өтінемін» дегенше, «барыңызды салып қызмет еткеніңізге алғыс білдіремін» деген жағымдырақ естіледі.

Адамды емес, оның әрекетін ғана сөз ету. Әріптесіңіздің қызметі көңіліңізден шықпаса, оның жеке басына тиісіп, кекетіп-мұқату өз мәдениетсіздігіңізді, төмен дәрежелі екеніңізді көрсетеді. «Сен жұмысқа тым салғырт қарайсың» демей, жай ғана «Құжаттарда қателік кетіпті» десеңіз жетіп жатыр.

Ал, егер ұйымдастырушы не бастық болсаңыз...

Қол астыңызда қызмет ететін топтың еңбегін үнемі бағалап отыру маңызды. «Бұл жылы табыс көзі ұлғайды» деп ақшаға ғана басымдық бермей, «Біздің ұжым күн өткен сайын өнімді еңбек етіп келеді, нәтиже көрсеткіші бойынша компания табысы да артты» деп, сіз үшін қызметкерлер маңызды орында тұратынын білдіріңіз.

Қай-қай сөзді де екпінсіз, жұмсартып айтуға болады. Жұмыс кезінде артық істермен айналысатын қызметкерге «Бұл істі доғар», «Келесіде көрмейтін болайын» деп жекігенше, «Маңызды тапсырмаларға мұқият болыңыз», «пайдалырақ іспен айналысқаныңыз жөн болар» деп тігісін жатқызып жеткізіңіз.

Тапсырманы үйіп-төкпей, басты мақсатты түсіндіру. Қызметкеріңіз ісіне сүйіспеншілікпен, беріле кіріскенін қаласаңыз, «барлық адамға хабарлас», «серіктестер түгелдей хабардар болсын» деп төпелемей, «Бұл ақпаратты мейлінше көп адам естігені жақсы, қалай істеген дұрыс деп ойлайсыз?» деп шешімді оған қалдырыңыз.

Көңілді құрылым. «Кешікпейтін бол!» деген бұйрыққа қарағанда, «Жұмысқа уақытылы келіңіз» деген сыпайырақ естіледі.

Қорқытып, сес көрсеткенше, жігерлендіріңіз. Қызметкерді қалауыңызға қарай бағыттап, ойдағыдай жұмыс істете алмасаңыз, ол бастық ретінде сіздің қателігіңіз. Әр маманға шабыт беріп, жұмысқа қызықтыра білу – өз міндетіңіз. Қателік жіберсе, «Жұмыстан шығарып жібермегеніме рақмет айт» демей, «Мұқият болсаңыз, қызметте көтерілуге мүмкіндігіңіз бар» деп көтермелеп қойыңыз.

Дәнекер болыңыз. Әр адамның әртүрлі мінезі болғандықтан, түсініспеушіліктер туып тұрады. Бір-бірінің үстінен шағымданып келген қызметкерге қателік өзінен болғанын, мәселені өзара шешкені дұрыс екенін айтыңыз. Ал «айыптыға» «Сенің үстіңнен шағым түсті», «барлығы саған арызданып жатыр» демей, «Ұжымда түсініспеушілік туғанын байқадым» деп селсоқтық таныта салыңыз.

@. @assel_assanova