Талай шыңды бағындырған толағай (видео)

Талай шыңды бағындырған толағай (видео)
Фото: m.kp.ru

Осыдан тұп-тура төрт күн бұрын танымал америкалық экстремал Дин Поттер серігі Грэм Хантпен бірге кезекті рекорд жаңарту үстінде Йосемити (АҚШ) ұлттық паркінде көз жұмды. Осы қайғылы оқиғаны бөлісе отырып, Дин Поттердің ерліктері бейнеленген бірнеше видео ұсынамыз.

2006 жылы Дин Поттер ешкімнің аяғы тимеген Йосемити ұлттық паркіндегі Хэвен шыңын ешқандай сақтандырусыз бағындырды.

2010 жылы Поттер тағы да жаңалық ашып, Йосемити ұлттық паркіндегі Эль-капитан жартасына алғашқы болып шықты. Жүрек жұтқан жігіт жай ғана шыңға шығып қойған жоқ, оны 2 сағат 36 минут 45 секундта бағындырып, жаңа рекорд орнатты. Ал ең таңғаларлығы өміріне төнген қауіптен қорықпайтын Поттер сақтандыру шараларын қолданбақ түгіл, беліне бір арқан да байламаған.

2011 жылдың қараша айында вингсьютпен (құздан құлдилауға арналған қанатты құрылғы) ұзақтыққа ұшудан тағыда рекорд орнатты. Жүрек жұтқан экстремал Эйгер (Швейцаря) шыңынан секіріп, тауды жағалай (10 шақырым) ұшып, 3 минут 20 секундта жерге түсті. Парашюты ашылғанша, көк аспанда 3 минуттан астам қалықтаған Поттер 2008 жылы өзі орнатқан рекордын жаңалады.

Ал 2012 жылы Дин Поттер Қытайдағы тау шатқалында 2 шақырым биіктікте тартылған арқан үстінен тепе-теңдікті сақтап, қауіпсіздік құралдарынсыз жүріп өтті.

2015 жылы  өзінің ең соңғы рекордтын тарихқа таңбалады. Ол Йосемити ұлттық паркіндегі Хаф-Доум шыңында өзіне дейінгі танымал әрі таңдаулы азаматтар жеткен межеден асып кетті. Осы тым биік шыңға шығып, қайта түсуге Поттер 2 сағат 17 минут 52 секунд жұмсаған. Сөйтіп, алдыңғы рекордсмендерден 6 минутқа ерте келген еді.

Дин Поттер бұл спорт түрімен итін де таныстырған.

Соңғы талпыныс 

2015 жылдың мамыр айында Дин Поттер серігі Грэм Хантпен бірге Йосемити ұлттық паркінің 2300 метрлік шыңынан вингсьютпен секірген. Ертесі күні екеуінің парашюттары ашылмай қалған жансыз денелері табылған. Шетелдік басылымдардың болжамына қарағанда, тар екі жартас арасынынан өтпекші болған екі батыр құрылғыны басқара алмай, қандай да бір жартас жиегіне соқтығысқан...  

Ұқсас жазбалар:

1. Шаңғышылар таудың шаңын шығарды (видео)

2. Әуеде қалықтаған мотоциклші жаңа рекорд орнатты

Е. Жұмабайұлы