Қазақтың үйлену тойына байланысты туған даулы мәселелер

Қазақтың үйлену тойына байланысты туған даулы мәселелер
Фото: amur.kz, Евгений Шикин

«Қаймағы бұзылмаған қазақтың салт-дәстүрі» деп әсемдеп сөйлеп жатамыз. Бүгінде қазақ мәдениеті мен тұрмысында мұра болып қалған біраз дүниенің қаймағы бұзылып кеткені сізге де, бізге де жасырын емес. Мұны қазақтың той-думанынан байқап жатамыз. Біз бүгін сол қаймағы бұзылған салт-жоралғылар мен бүгінгі қазақ тойына көңілі толмайтын адамдардың аузында жүрген тойға қатысы бар даулы мәселелер жайында айтпақпыз. Сонымен, бүгінгі таңда «той» дегенде қандай көңіл толмайтын мәселелердің басы қылт етеді екен?

«Қыз алып қашу»... Салт па? Жабайылық па? Бұл тақырып қаншама газеттің нөмірлерінде басты мақала болып жарияланып, қаншама телебағдарламаның даулы тақырыбына айналғаны бәрімізге аян. Мұндай жиындарда кейбірі өзін алып қашудың құрбаны етіп таныстырса, біразы осы салттың арқасында айрандай ұйыған отбасының отағасы мен отанасы болғандығын айтып мақтанды. Бірақ бұл туралы мәселеге әлі де нүкте қойылған жоқ. Қойылмайды да! Өйткені қыз алып қашу әлі де тоқтаған жоқ. Тоқтамайды да! Осы мәселе туралы біразы бұл «салтты» салт құрлы көрмеді. Біразы «онда тұрған дәнеңе жоқ» деп, бейтарап күй танытты. Бағып қарасақ, алып қашудан жапа шеккендер мен жапа шекпей, керісінше осы жол арқылы бақытын тапқандар «алып қашуға қарсылар» және «қарсы еместер» деп екі топқа бөлініп алған секілді. Не болса да, бұл мәселе әлі көптің аузында, көптің көкірегінде және көкейінде әлі жылдар бойы шешімін таппай қала берері анық.

«Қалың мал» – қыздың ақысы ма? Бұл мәселе де айтарлықтай ауыз көпіртетіндей дауға ие. Қалың мал жайында әңгіме айтқанда, көбі өңір-өңірге бөліне бастайды. Өз өңірлерінде мұндай салты жоқ адамдар «біз қыздарымызды сатпаймыз, тегін береміз» деп маңғазданады. Ал қалың мал төлеу салты сақталған өңірлер «онда тұрған дәнеңе жоқ!» деп күйінеді. Десе де, жыл санап қалың малдың құны қымбаттап келе жатқанын естімейік десек, құлақ бар. Көрмейік, білмейік десек, көз бар... Қыздың қалың малы осыған дейін қаншама адамның аузында қалып, қаншама адамның жүйкесін тоздырды десеңші?! Сонда да қазақ кеткен қызынан қалың мал күтуді доғармады, ал алған жақ амалсыз ырымын жасап ұсынудан жаңылмады. Бұл тақырып әлі біразымызды шулататын шығар. Болашақта қалың малы арзан қыздар «қолжетімді баспана», ой, кешіріңіздер, «қолжетімді қыз» атанар ма екен?

Үйлену тойда қыздың әкесімен вальс билеуі дұрыс па? Бұл даулы мәселенің иісі шыға бастағанына да аса көп бола қойған жоқ. Өйткені бұған дейінгі тойларда әкесі қызын биге шақырып, екеуі бірге вальске тебіреніп, теңселу атымен жоқ еді. Әрине, мұның басында көп тойда қазақ қызының өз әкесімен вальс билеуі тұр емес пе? Көбі мұны ерсі қылық деп санады. Өйткені олар қазақ қызы өз әкесімен соншалықты жақын деңгейде тұрып билеуін ұятты қылық деп түсінеді. Көбі мұны батыстың желімен келген кезекті ұсқынсыз жаңалық деп санайды. Ал енді біразы бұл билеуден ешқандай да ерсі қылық көре алмайтынын айтып ақталды.

Үйлену тойда жас-жұбайлардың төрде отырғаны ерсі емес пе? Келіні мен күйеуін төрге шығармайтын қазақ көптен бері жаңа қосылған жастарды төрге отырғызып, тілек жаудыруды әдетке айналдырған. Сынаушы халықтың күйінетін тұсы да – осы. Босағада отырып, шай құятын келінді ата-әжелерінен де жоғарыға шығарып, торт ұсынатын бүгінгі салтқа көптің қапасы қара қазандай.

Жалғасы

Ұқсас жазбалар:

Корей халқының үйлену тойы

Өмірдің тойы, көңілдің тойы - үйлену...

А. Әбілхан