Пайдаланылған затты сату

Пайдаланылған затты сату
Фото: fraudwatchinternational.com

Қазір интернетке кірсеңіз, жарнамалық сайттардағы сатылымда бір рет тұтынылған өнімнен көп нәрсе жоқ. Осыны көріп үйде тұрған ешкімге қажетсіз бұйымдарыңыз еске түседі. Мен де қажетсіз заттарымды сатып жіберсем қалай болар екен деген ой қылп ете қалуы мүмкін.

Мұндай кезде, ең алдымен мән беретін жағдай – сатқыңыз келетін нәрсе екінші адам қолдануына жарамды болуы. Ақшаға аса қиналатын күн тумаса, қажетсіз нәрселеріңізді туыстарға не мұқтаж жандарға тегін беріңіз. Сатқыңыз келсе, жақсылап ойланыңыз. Шынымен де, қолдануға жарай ма? Сіз сол бұйымды қажетсінсеңіз, қазіргі жағдайына қарамай алар ма едіңіз?

Осы сұрақтардың оң шешімін тапқан соң, оны суретке түсіріңіз. Кез келген тауар өтімділігі жөнінен сыртқы көрінісі аса маңызды орында болатыны белгілі. Тауарды бірнеше ракурстан суретке түсіріңіз. Назар аудартарлық тұстарын жақыннан, анық етіп алыңыз.

Сурет дайын болған соң, алаңдамай жарнамалық сайттарды ашып, тауардың атауын жазыңыз. Көп оқырманға түсінікті болуы үшін және іздегенде тез табылуы үшін тауар атын бірнеше тілде жазғаныңыз жақсы.

Ал сипаттамасын жазарда, өтіріктің құйрығы бір тұтам екенін ұмытпаңыз. Суретке сеніп келген тұтынушы тауарды көріп, көңілі қалғаны жақсы емес. Алдап өткізіп жіберген күннің өзінде, біреуге еткен қиянатыңыз еселеп алдыңыздан шығарын есте ұстаңыз.

Бағасын қоярда әділ болыңыз. Қалтаңыздың қамымен қатар, жұрттың жайын да ойлап қойғайсыз. Өзіңіз біреуден осы бағада алар ма едіңіз – осыны ойланыңыз. Басқа адамдар сол тауарды қаншаға бағалағанын біліңіз. Қойған бағаңыз досыңызды қанағаттандырар ма еді, пікірін сұраңыз.

Осы кеңестерге құлақ ассаңыз, тауарыңыз тез өтпек.

@. @assel_assanova