Қайрақ түрлері мен пайдасы

Қайрақ түрлері мен пайдасы
Фото: lifehacker.ru

«Өтпес пышақ қол кесер», пышақтың қызметін жақсарту үшін қайрақтың маңызы зор. Атамыз қазақ «Өтпейтін пышақ ұялғанынан өтеді» деген екен. Пышақтың жүзі өткір болу-болмауы көп нәрседен хабар береді. Өзіңіз де, пышағыңыз да ұялмас үшін қайрақ таңдай біліңіз. Сонымен қайрақтың қандай түрін білесіз?

1. Мусат

Бұл құралдың сыртқы бейнесі егеуге қатты ұқсайды: сабы бар бедерлі ұзын білік. Негізі қайрақтың бұл түрін пышақтың кесуге арналған жиегін ретке келтіру үшін пайдаланады. Асүйде жиі қолданылатын қайрақтың бұл түрі өте қолайлы. Ал егер пышақтың жүзі мүлдем өтпейтін болса, мусат көмектесе алмайды.

2. Механикалық қайрақ

Пышақтың жүзін қайрауға арналған бұл құрал қайрақтар эволюциясының тізгінін бастайды. Пышақтар осының көмегімен және қолдың күшімен тез әрі оңай қайралады. Жылдам әрі қиындықсыз қайралғанымен, жүзі де аз уақыттан кейін өтпей қалады.

3. Электрлік қайрақ

Барлық пышақты қайрауға болатын заманауи қайрақ. Тіпті, қайшы, бұрауыштарды да қайрауға болады. Бар болғаны айналдырған екі минуттың ішінде пышақты қайрай алады. Әрине, механикалық әдістен ерекшелігі сол – қолдың күшін қажет етпейді.

4. Қайрауға арналған білдек (станок)

Мына кәсіби құрал өндірістерде белгілі бір заттардың жүзін өңдеу үшін қолданылады. Белгілі бір температурада пышақтың жүзін реттейді.  Бұл қайрақ қолдануы өте қауіпті болғандықтан, үйде еш тәжірибесіз пайдалануға болмайды.

5. Қайрақ

Бәріне таныс дәстүрлі қайрақ. Көпшілік жиі қолданады. Қайрақ тастың екі түрі кездеседі: табиғи әрі жасанды. Бұл екеуінің айырмашылығы – олардың құрамындағы түйіршіктерде. Табиғи қайрақтың құрамындағы түйіршіктер өте ұсақ болады әрі оны көбіне жүзді тегістеу кезінде қолданады. Ал жасанды қайрақ әртүрлі түйіршіктерден жасалады.

Артық болмас білгеніңіз

Пышақ жүзін қайрағанда жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін қайрақты 15 минутқа майға не суға салып қойыңыз. Бұл қайрақтың ұзақ әрі жақсы пайдаланылуы үшін көмектеседі. Қайрақтың құрамындағы түйіршіктердің уатылмауына септігін тигізеді.

Сонымен қатар қайрау кезінде қайрақ пен жүздің арасындағы бұрыштың маңызы зор. Сарапшылар пышақтың жүзі мен қайрақтың арасындағы бұрыш 20 градусты құрау керектігін айтады. Бірақ бұл қағида пышақ түріне байланысты өзгеріп отырады. Мысалы:

– Кәсіби аспаздардың пышағын 25 градус бұрыш жасап қайрау керек екен.
– Ал жапониялық пышақтарды 10-20 градус бұрыш жасап қайраған абзал.
– Аңшылық және мал союға арналған пышақтарды 30-45 градус бұрыш жасап қайрайды.
– Ал үй тұрмысындағы пышақтарды 30 градус бұрыш жасап қайрайды.

Мұның белгілі бір формуласы жоқ. Бар болғаны, егер пышақтың жүзі өткірірек болсын десеңіз, бұрышты кішірейтесіз, ал пышақтың жүзі мұқалып қалмасын десеңіз, бұрышты үлкейтесіз.

Г. Берік