Ешбір әлем әскері қабылдамаған экзотикалық қарулар

Ешбір әлем әскері қабылдамаған экзотикалық қарулар

"Қару" десе, бірден көзімізге баскесердің не аңшының қолындағы суық "темір" елестейді. Дегенмен, "тұлпарда да тұлпар бар, қазан аты бір бөлек" демекші, қарудың да түрі көп. Бірі қуаттылығымен, дәлдігімен дараланса, бірі жаңашылдығымен, әмбебаптылығымен бағаланады. Ал енді бірі ескілігі мен де таңсық. Бүгін топтамамызға көрген көзге таңсық болған, "андерхаммерлер" деп аталатын ешбір әлем әскері қабылдамаған экзотикалық қаруларды жинастырдық.

Қарулар жайында айтпас бұрын, "андерхаммер" сөзіне түсінік бере кетейік. Ол ағылшының "under" – астында, "hаmmer" – тартпа (курок) деген сөздерінен құралған. Сонда, "андерхаммер" сөзі "тартпасы астында" деген мағынаны береді. Олай болса, бұл қарулардың ерекшелігін атының өзі дөп басып айтып тұр. Яғни, әдеттегі қаруларда ұңғының үстінде орналасқан тартпасы, бұл жерде керісінше ұңғының астында, қару шүріппесінің жанында орналасқан.

Бір қарағанда, мұндай қарулар жинақы көрінгенімен, атылған кезде тартпа жоғары қарай тебеді. Нәтижесінде, көздеп атқан оғыңыз дәлдігін жоғалтып, нысанаға тимей қалуы ғажап емес. Ұңғысы ұзын әрі салмақты қаруларға бұл қиынға соқпауы мүмкін, алайда ұңғысы қысқа қарулардың дәлдігіне айтарлықтай кері әсер етеді. Соның салдарынан да болуы мүмкін, ешбір әлем әскері бұл экзотикалық туындыларға қару ретінде қарамаған екен.

Андерхаммерлер 1820-40 жылдар аралығында қару зауыттары мен қатар Аллен, Уиллард, Сефтон, Эштон, Сессье секілді құрастырушылардың шеберханасында құрастырылды. Дегенмен, жалпылай сипат ала алмады. Сол кездері әскери бағытта шығарылған қарулар санымен салыстырғанда әлдеқайда аз.   

Ендеше, дүниеге таңсық болып туып, ғасырдан ғасырға таңсық болып қала беретін андерхаммерлер топтамасымен таныс болыңыздар.

Эштон тапаншасы, 1830 жыл

Ұрыс серіппесі мен қару шүріппесі біріктіріліп жасалған Сефтон тапаншасы.

Дуэлге арналған француздық Госсе тапаншасы.

Сессье қалта тапаншасы. Оқ салғышымен бірге.

 Уиллард тапаншасы. 

Әдемі безендірілген Госсе андерхаммеры (тапаншасы). Мұндай үлгідегі тапаншалар сонау 1820-25 жылдар аралығында Париж қаласында шығарылған.

"Stafford J.D.G. 1837" маркалы америкалық андерхаммер. Ұңғысы қырлы әрі салмақты. 

Ұрыс серіппесі мен қару шүріппесі біріктіріліп жасалған қарапайым андерхаммер.

 Бұралмалы ұңғылы Корревон және Морджес тапаншасы, 1854 год.

"Теннесси" фирмасының өз заманындағы бірегей тапаншасы.

 "Бэкон энд" қару компаниясының 1852 жылы құрастырған тапаншасы.

 Рода Олсенның ерекше аңшылық тапаншасы. Қару қабы да тапаншаға әдемі өң беріп тұр.

Мергендік көздеуішті Клатц винтовкасы.

Этан Алленнің құрастырған қаруы. Оны Аллен "қалта қаруы" деп атап кеткен екен.

Е. Жұмабайұлы