Көзге көрінбейтін әскери күрте жасалды

Көзге көрінбейтін әскери күрте жасалды

Қару-жарақ – қарулы күштің ең маңызды бөлігі болса, қорғаныс – негізгі тірегі. Қорғаныс дегенде, ойымызға бірден сауыт, аймауыт (асыл болаттан соғылған, ұсақ шынжыр торлы сауыт; батырлардың ұрысқа киетін киімі), қалқан сынды қорғаныс құралдары оралатыны хақ. Бірақ технология тиімділігінің нәтижесінде, бүгінгі таңда, көзге көрінбейтін қорғану әдісі де пайда болды. 

Канадалық Hyperstealth Biotechnology компаниясы – әскери киім үлгілерін жасайтын бірегей кәсіпорын. Бүгінгі таңда көзге көрінбейтін күртенің прототибін жасап, бүкіл әлемді өзіне қаратты. Quantum Stealth деп аталатын бұл күрте ерекше технологиямен жасалған. Әзірге канадалық ғалымдар бұл күртенің құпиясы туралы тіс жармай отыр.

Quantum Stealth технологиясы адамды немесе затты көрсетпей тастайды. Яғни, артында тұрған келесі бір фонмен үйлесіп, сол фонның түсімен визуалды түрде өзгеріп отырады. Сонымен қатар, бұл күртенің көзге көрінбеуіне инфрақызыл сәуле көмектеседі екен. 

Hyperstealth Biotechnology компаниясының директоры Гай Крамер Quantum Stealth технологиясы тек әскери қорғаныс саласында ғана қолданылатынын және ғаламтор бетіне бұл технология туралы бейнебаяндардың жүктелмейтінін ескерткен.

Алайда технологияның үлгісі жария болған күннен-ақ, бұл өнімді қос қолдап қолдағандармен қатар, қаралап шыққандардың да қатары көбейді. Канада, АҚШ мемлекеттерінің әскери және азаматтық лабораториясы бұл өнімді инфрақызыл сәулемен де тексеріп, арнайы сынақ-зерттеуден өткізген екен. Зерттеу қорытындысы бойынша, бұл күртені, тіпті, түнгі бақылау құрылғысымен де көру мүмкін емес болып шықты.

Компания өнімді және оның құрылысын, жасалу технологиясын көпшілікке жариялай қоймаған, өйткені, әлі де түзетулер енгізіледі екен. Өзгертулерден кейін, сынақтан сүрінбесе, Канада әскері толықтай көрінбейтін күртемен жабдықталуы әбден мүмкін.

Сурет: t-human.com

Е. Жұмабайұлы