Екі оқты қатар ататын қос ұңғылы винтовка

Екі оқты қатар ататын қос ұңғылы винтовка

Бүгінгі жазбамызға негіз болған қос ұңғылы Gilboa Snake автоматты винтовкасы Израильде құрастырылған. Бұл ерекше винтовканың құрастырушысы – қару алаңында өзіндік орны бар Амос Голан. Қаруға қос ұңғыны қатар тағудың басты себебі: уақыт тығыздығына қарамай қатарынан қос оқты ата отырып, қарсы топты жеңу мүмкіншілігін арттыру.

Бұл жаңа автоматты винтовка қару алаңынды үлкен жаңалық болды. Gilboa Snake шабуыл винтовкасы алғаш рет қоғамға Парижде өткен "Eurosatory-2012" атты қару-жарақ көрмесінде таныстырылды. Ұйымдастырылған көрмеде Silver Shadow (Күміс көлеңке) компаниясы таныстырған жаңа қарулардың бірі һәм бірегейі дәл осы қос ұңғылы шабуыл винтовкасы еді. Gilboa Snake винтовкасы америкалық М16/AR-15 негізінде жасалған "Gilboa" жанұясына кіреді. Жаңа қару жайында құрастушылар: "біздің бұл үлгіні ұсынғандағы мақсатымыз - мылтыққа қос ұңғыны салып, сатып алушыларды қызықтырып қана қою емес, шабуыл бөлімшелері мен арнайы жасақтардың күшін арттырып, қарулық талабын орындау", - дейді. 

Gilboa Snake құрылымына тоқталып кетсек. Оқ калибрі – 5,56х45 мм. Ұзындықтары 241 мм болатын қос ұңғы қару салмағын ауырлатпай қоймайды. Дегенмен, оқ қорабынсыз 4,27 келі тартатын жаңа винтовка өте ыңғайлы. Ұңғының үстіне Пикатинни әмбебап "тақтайшасы" (планка) орнатылған. Соның арқасында қаруға оптикалық, коллиматорлық және түн көздеуіштері еркін орнатылады.

Байқасаңыздар, Пикатинни әмбебап "тақтайшасын" (планка) қарудың төменгі жағынан мен жан-жақтарында да көре аласыз. Астыңғы жағына қосымша көмекші тұтқа және жерге қойып ату үшін арнайы мылтық сирақтарын, ал жандарына тактикалық қол шамдар және лазерлі бағыттаушылар орнатуға болады. Мылтық дүмінің телескоптық реттемелі қасиетке ие болуы оның әмбебаптылығын одан ары арттырып тұр. Қос ұңғы болғаннан кейін екеу ара бір оқ қорабын бөлісуі мүмкін емес, сондықтан да бұл қаруға сыйымдылығы 30-30 оқтан екі оқ қорабы орнатылған. Екпінді, шаппалы механизмі, автоматикасы (өздігінен жұмыс атқаратын аспаптар жиынтығы) мен бекітілуі сондай-ақ, жалпы құрылымы америкалық AR-15 қаруына ұқсайды.

Сөз  соңында "бұл ерекше қарудың қолынан не келеді?", "басқа қарулардан несімен ерекше?" деген сұрақтарға жауап беріп кетейік. Израильдіктер «Gilboa Snake» автоматты винтовкасына алғаш тапсырыс бергенде-ақ, онымен жаппай бүкіл әскерді қамтамасыз етуді емес, өздерінің арнайы жасағын қаруландыруды ойлады. Иә, бұл – тек арнайы жасақтың арнайы тапсырмаларды орындау үшін тұрпаты кішкентай әрі ыңғайлы, бірақ тау құлатар қауқары бар әмбебап қару. Бұл қасиеті оның атауынан да көрініс тапқан. Яғни, "Snake" сөзі қазақша "жылан" деген мағына береді. Ал жылан қай кезде көмекке келеді?!

Мысалы: қарсыластың оқтан қорғағыш киім кигенде немесе оқ өтпейтін әйнек артында тұрғанда жақын келіп, жанды жерінен жыланша шақпасаңыз, жеңіске жетуіңіз екіталай. Яғни, мұндай жағдайда қарсыласқа тізе бүктіру үшін. Алдымен, тосқауыл болып тұрған темір тіліктерді немесе оқ өтпейтін әйнекті талқандауыңыз қажет. Ал бір мезетте екі оқ қатар атылса, сіздің бұл мақсатқа жету мүмкіндігіңіз сәйкесінше артады. Тағы бір ұтымдылығы, жүріп бара жатқан денені жоюдағы салмағының жеңілділігі, атудағы дәлдігі және қысқа уақытта көп атыс жасай алатын қасиеті керек кезде қол пулеметтерінің орнын да ауыстыра алады.

Gilboa Snake қаруына жалпы сипаттама:
Өндірушілер: Silver Shadow Advanced Security Systems Ltd, Израиль
Калибр: 5,56х45 мм.
Ұзындығы: 
а) автоматтың дүмімен (шүйдесі): 800 мм.
ә) автоматтың дүмісіз: 495 мм.
б) ұңғының ұзындығы: 2х241 мм.
Қарудың ені: 59,2 мм.
Оқ қорабынсыз таза салмағы: 4,27 кг.
Оқ қорабының сыйымдылығы: 2 оқ қорабында 30-30 оқтан (жалпы 60 оқ).
Атыс түрі: автоматты/жартылай автоматты

Сурет: gunsholstersandgear.com, s-media-cache-ak0.pinimg.com.

Е. Жұмабайұлы