Суға батып бара жатқан адамның белгісі

Суға батып бара жатқан адамның белгісі
Фото: Medvoice.ru

Жылы мезгіл жақындаған сайын суға түсуге құмартып тұрамыз. Суға шомылудың пайдасы орасан. Бірақ суға түсу – қауіпті. Қаншама адам суға кетіп ажал құшып жатыр... Бассейнге, көлге түскенде аса мұқият болу керек. Өйткені суға тұншыққан адамды қасында шомылып жүрген жандар да байқай бермейді. Дәл қазір сізбен бірге суға түскен адам келесі секундтарда тұншығып қалып, су астында өлім мен өмір арасында арпалысып жатқан болуы мүмкін. Сондықтан суға түскенде оның ажал апаны екенін де естен бір сәт те шығармаңыз... 

Суға батып бара жатқан адам айғай салып, көмек сұрай алмайды. Өйткені ол басымен, денесімен судың астында болады. Соңғы үміт – қолы ғана. Бірақ судың түбіне кетіп бара жатқан жан қолын бұлғаса да, ешкім оны "батып бара жатыр-ау" деп ойламайды. Сырт көзге суға сүңгіп, қайтып шығып жүрген адам сияқты көрінеді. Сондықтан бір батып, бір шығып жүрген адамды көрсеңіз, мұқият бақылаңыз. 

Суға батып бара жатқан (батып кеткен) адамның белгісі

Аузы ашық;
Көзі қимылдамайды, бір нүктеге қадалып қалған;
Немесе көзі жұмулы;
Шашы ұйпа-тұйпа немесе бетін жауып тұр;
Аяғы қимылдамайды;
Тыныс алуы өте жиі, су бетіне шыққанда ауаны барынша көп сіміріп қалуға тырысады;
Бір бағытқа қарай жүзгісі келіп тыпыршиды, бірақ, орнынан қозғала алмайды;
Қолымен, аяғымен суды сабалап, тыпыршиды.

Егер осы белгілердің біреуін байқап қалсаңыз, көмекке асығыңыз. Бір адамды ажал тырнағынан арашалап қаласыз. Алдымен "Сізге көмек керек пе?" деп сұраңыз, жауап болмаса, оны су астынан шығарыңыз. Егер жүзу орнына бала ертіп апарсаңыз, әдетте балалар айғайлап, дыбыс шығарып шомылатынын ұмытпаңыз. Тынышталып қалса, күдіктеніңіз. Дереу балаға барып, оның амандығына көз жеткізіңіз. Не үшін тынышталып қалғанын сұраңыз. Суға батқан адамды жағаға шығарып алғашқы көмек көрсетіңіз. Егер ол ес-түссіз жатқан болса, киімін шешіп, басын жоғары қаратып, аузына ауа үрлеңіз. Сосын бір жағына қарай жатқызыңыз. Жүрек тұсына массаж жасап, міндетті түрде жедел жәрдем шақырыңыз. Адам су астында есінен танып бір сағат жатса да, дұрыс көмек көрсетілген жағдайда өмірге қайтып орала алады. Кейде адамдар судан шығып, ес-түссіз жатқан адамды өлдіге санап, алғашқы көмек көрсетпейді. Бұл – дұрыс емес. Денеде өлген адамның дақтары пайда болғанға дейін ауа жіберуді тоқтатпаңыз. 

Батқан адам аузын ашса, судағы түрлі затты, тірі ағзаны жұтып қояды. Сондықтан адамның аузын да түгелімен тазалау – көрсетілетін алғашқы көмектің бірі. 

Суға түсу ережесі

Тек арнайы орында, рұқсат етілген жерде, құтқарушы адамдары бар аймақта шомылыңыз;
Суға мас күйде түспеңіз;
Күнге қыздырынғанда, суға бірте-бірте түсіңіз. Температураның тез өзгеруінен жүрек тоқтап қалуы мүмкін. 
Толқынға түспеңіз;
Жағаға жақын жерде жүріңіз, құтқарушылар сізге тез жете алады;
Достарыңызбен бірге шомылыңыз. Құтқарушылар жүзуге барғанда су жағасында бір адам бәрін бақылап тұруы керек екенін айтады. Кезек-кезек су жағасында "бақылау қызметінде" тұруға болады.

Батып бара жатсаңыз

Егер дәл сіз суға батып бара жатқаныңызды түсінсеңіз, ең оңтайлы нұсқа – бар дауысыңызбен айғайлап үлгеріңіз. "Құтқарыңдар!", "Батып барамын!" деп айғайлаудан ұялмаңыз. Бір грузин суға тұншыққан кезде: "Соңғы рет шомылып жатырмын" деп айғайлаған екен, бұл сөзге бәрі елең етіп, осының арқасында грузин аман қалған. 

Батып кетпеу үшін

Өз күшіңізді бағалаңыз. Жүзе алмасаңыз немесе нашар жүзсеңіз тек қана құтқарушы белдік киіп барып суға түсіңіз. Бірден жүзіп кету оңай емес, асыра сілтеймін деп ажал құшып жүрмеңіз. Көбіне жағаға жақын маңда, батқан жағдайда ұстауға болатын заты бар жерде жүзіңіз. Суға сүңгірде аузыңызға ауаны толтырып алыңыз. Бұл – көп адамның өмірін сақтап қалған тәсіл. Дұрыс тыныс алмасаңыз, су жұтып қойсаңыз, жағдайыңыз қиындайды. Сондықтан мұрныңызбен емес, аузыңызбен ауаны жұтып алыңыз. 

Аман болғайсыз. 

М. Оңғарова