Жеке дағдарыс: қаржылық сауаттылықтың маңыздылығы неде?

Жеке дағдарыс: қаржылық сауаттылықтың маңыздылығы неде?
Фото: freepik.com

Адамдардың тек 5 пайызы ғана қаржылық сауаттылыққа ие: олар табыс пен шығынды еш қиындықсыз басқара алады. Дегенмен, арамызда қанша жерден мол табыс тапса да, келесі ай жалақысына дейін күн көру үшін амалсыздан қарыз алатындар да бар. Қаржыны басқаруды үйренбестен бұрын, қаржылық деңгейіңіздің қай жерде екенін біліп алаңыз:

1. Қаржы шұңқыры – табысқа қарағанда шығын көбірек, жинақ қорында артық ақша жоқ, қарыздарыңыз бар.
2. Қаржы тұрақсыздығы – табыс пен шығын тең, артық қаражат жоқ. Қиындық туса деңгейіңіз бірден қаржы шұңқырына алмасады.
3. Қаржы қауіпсіздігі – табысыңыз шығыннан сәл артық. Аздаған мөлшерде жинақ ақшаңыз бар.
4. Қаржылай тұрақтылық – табысыңыз шығыныңыздан әлдеқайда артық. Жинақ ақшаңыз бар, инвестиция жасауға да мүмкіндігіңіз бар.
5. Қаржы еркіндігі – сіздің қатысуыңызсыз ақша айналымға түседі. Яғни, тек қана табыс бар. Қалауыңыз бойынша жұмыс істемесеңіз де болады.
Барлық адам қаржылай еркіндікке қол жеткізуге ұмтылады. Оған қалай қол жеткізуге болады?
1. Шығындарыңызды басқарыңыз:
Барлық нәрседен бас тартып, тек қара нан мен сумен өмір сүру дегеннен гөрі, бұл артық нәрсеге шығындалмауға шақырады. Мысалы, дүкенге кіріп артық екі шоколад алғанша, оны жинақ қорапшасына немесе депозитке салып қойыңыз. Үнемделген ақшаны маңызды нәрсеге жұмсауға болады: өз-өзіңізге күтім жасауға, хобби, туысқандарыңызға сыйлық.

Шығындарыңызды жазып жүріңіз: ең тиімді әдісі – ұялы телефонға арналған арнайы бағдарламалар (CoinKeeper, Дзен-мани, Monefy).  Өзіңіздің шығындарыңызды жазып жүріңіз. Бұл небәрі 3 минутыңызды алады.

Бағдарламалар сіздің бір айдағы шығындарыңыздың статистикасын шығарады. Қай бөлікті қысқарту керектігін өзіңіз шешесіз. Мысалы, күнделікті бизнес ланчқа шығындалғанша, үйден тамақ алып баруға болады. Есіңізде сақтаңыз, "Мұхит тамшыдан құралады".

2. Өз капиталыңызды көбейтіңіз:
Қаржылай сауаттылыққа ие адамдардың басым көпшілігі табатын табысының тек бір бөлігін ғана жұмсауға дағдыланған: 10% – жинақ қорына, 10% – инвестиция (тіл үйрену курстары, тоқыма, тігін: сіз алған әрбір білім болашақта табыс көзіне айналуы мүмкін), 10% – қайырымдылық.
Одан бөлек, 10% – өз ішіңіздегі әлі есеймеген бала үшін сақтап қойыңыз: ойламаған жерден балмұздақ жегіңіз келетін шығар, дүкен сөресінде әдемі сөмкеге аңсарыңыз ауып кетуі де мүмкін. Бұндай сәттерде өзіңізден аямаңыз. Өйткені, іштегі "бала" сезімнің қанағаттанбауы болашақта екі есе шығындалуға алып келеді.

Ал, қалған 60% – қарыздарыңыздан құтылып, үйге тамақ алумен қатар, үй шығындарын төлеуге жетіп қалуы тиіс.

3. Қосымша табыс көзің қарастырыңыз:
Айына сізге қанша көлемде қаражат керек? Осыны есептеңіз де,  жетіспейтін қаражатты қайдан табуға болатынын ойлап көріңіз. Уақытыңыз болса, репетитор болып көріңіз. Демалыс күндері атқаруға болатын істерді қарастырыңыз. Жоғарыда атап өткен өзіңізге салған инвестиция осы уақытта пайдаңызға асады.

4. Маңызды мақсат қойыңыз:
Кейде сізге керекті қаражат мөлшері ойламаған жерден табыла кетеді. Ақшаның белгілі бір мақсат бойынша жүретін қасиеті бар. Нақты мақсатсыз қаражат жинау қиынға соғады. Сондықтан, кез келген жинақ қорын ашпай тұрып, не үшін деген сұраққа жауап табыңыз. Жай ғана "көлік, пәтер, демалыс" деп емес, қалауыңыздағы нәрсеге қашан қол жеткізгіңіз келетінін де белгілеп қойыңыз. Пәтер қаласаңыз, қай ауданнан, қандай үй, қанша пәтерлі екенін де алдын-ала жоспарлаңыз. Сонымен қатар, мұның бәрі тек қалау емес, нақты мақсат болуы шарт. Сол кезде ғана, ақша да тұрақты түрде жинақтала бастайды.

Табысты болыңыз!

Т. Есқали