Армия ойындарында Қазақстан қарулы күштері үздіктер қатарында келеді

Армия ойындарында Қазақстан қарулы күштері үздіктер қатарында келеді
Фото: mod.gov.kz

Жамбыл облысындағы «Отар» әскери базасында ұйымдастырылған Халықаралық "АрМИ-2018" ойындары жалғасып жатыр. Барлығы 12 мемлекеттің әскери күштері қатысып жатқан шарада Қазақстан үздіктер қатарында.

«Артиллерия» сайысының алғашқы кезеңінің нәтижелері бойынша, Қазақстан Қарулы күштері бірінші орында келе жатыр. Екінші орынға Белорусь Республикасы, үздік үштікке Ресей ілінген.

Сонымен қатар, «Сұңқар аңшылығы» сайысында да еліміздің әскери қызметшілері топ басына жайғасқан. Бұл сайыс бойынша екінші орында Иран, үшінші орында Белоруссия тұр. Жарыс барысында қатысушылар кешенді ұшуға дайындау, бейнені тіркей отырып жердің әуе барлауын жүргізу сияқты бірнеше тапсырмаларды орындады.

Айтылған Халықаралық жарыста қазақстандық команданың екінші танкі Қытай, Уганда және Кувейт қатысушыларын басып озып, жеке жарыста бірінші болып мәре сызығын кесті. Экипаж құрамында аға лейтенант Ержан Құдайберген, механик-жүргізуші аға сержант Думан Байжанов және көздеуші оператор аға сержант Ерасыл Жұмағұлов бар. Бұл Қазақстан сапынан жарысқа түскен екінші танк. Олар берілген қашықтықты 20 минут 59 секундта жүріп өтті. Естеріңізге сала кетейік, бірінші қазақстандық экипаж сайыс басталған күні Қытай құрамасынан жеңіліп, 24 минут 42 секунд ішінде екінші болып мәреге жеткен еді. Үшінші экипаж бүгін, яғни 3 тамызда сынға түседі.

Қазақстандық әскери аспаздар да жарыс барысында үздіктер қатарынан көрінді. «Далалық әскери асхана» конкурсы бойынша Қазақстан әскери аспазшылары жарысқа Армения, Израиль, Өзбекстан, Вьетнам, Ресей аспазшыларымен бір топта сынға түсті. Тапсырма бойынша, аспаздарға шектеулі көлемде азық-түлік берілген. Тамақ әзірлеушілер ұсынылған өнімдерден дәмді ас даярлау керек. Қазақстан құрамасының аспаздары берілген азық-түліктен кеспе, қуырдақ, грек салаты мен морс әзірлеген. Шектеулі уақыт аралығында дайындалған тағамдарды арнайы комиссия тексеріп, оның сапасына, дәміне, құнарлылығына баға береді.

Қазылар шығарған нәтиже бойынша, қазақстандық команда Ресей мен Израильді алға жіберіп, 3-орынды иеленді. Еске сала кетейік, қазақстандық әскери аспаздар бұл сайыстан бөлек, конкурс комиссиясы анықтап берген мәзірге сай нан-тоқаш өнімдерін пісіру жарысына қатысады.

«АрМИ-2018» халықаралық әскери ойындар жарысы аясында өткен аспаздар конкурсына Қазақстан, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия, Ресей, Армения, Әзербайжан, Беларусь, Вьетнам, Израиль, Ангола және Египет елдері қатысып жатыр.

А. Қажиев