Ер адамның келіншегінің жұмысқа шығуына қарсы болу себебі

Ер адамның келіншегінің жұмысқа шығуына қарсы болу себебі
Фото: Мукатай Оразалин

Әркімнің өзіндік пікірі бар. Пікірлер үйлеспеуінен келіспеушілік пайда болады. Сондықтан ерлі-зайыпты бір-біріне кез келген ойын қысылмай, еркін, ашық жеткізе білгені жөн. Ер адам жұбайын не үшін жұмысқа жібергісі келмейді?

Қызғаныш. Әйелдер жұмысқа тұрған соң өзіне, сыртқы келбетіне бұрынғыдан көп көңіл бөлуі мүмкін. Кешкілік үйді реттестіру орнына әр киімді киім көріп, шашын қалай жинауды жоспарлауы еріне ұнай қоймайды. «Өзім үшін сәнденемін» деген ұғымды олар түсінбейді. Сүйіктісінің өзге бөтен еркектер алдында әдемі болып жүруі қызғаныш сезімін туғызады. «Астыңдағы атыңа, жаныңдағы қатыныңа сенбе» деген сөз жадынан шықпай қояды.

Бала тәрбиесі. Жапония елінде әйелдердің декреттік демалысы 5 жылға созылады. Оған дейін ештеңеге алаңдамай, анасы баласының тәрбиесімен ғана айналысуы қажет. Осы қағиданы ұстанатын ер азаматтар қазақтар арасынан да табылады. Жұмыстан қалжырап келгенде балалардың тәрбиесі түгілі, сабағын орындауға көмектесуге шамасы болмай қалады деп жұбайының жұмыс істеуіне қарсылық танытады.

Жаны ашиды. Онсыз да үйде жүргенде тамақ әзірлеу, киім жуу, үй тазалау, балаларға қарау, ата-ененің ебін табу, қонақ күту секілді көзге көрінбейтін, бірақ бітпейтін жұмыстардан қажып кетеді деп ойлайды. Сондықтан осы жұмыстармен қоса мемлекеттік не басқа қызметі келіншегінің мойнында болуы жігіттерде жанашырлық сезімін туғызады.

«Жарты күндік жұмыс болса ғана...» Ер адамның тамақ, төсек, тазалық деген үш қажеттілігі толықтай орындалса ғана жұбайына көңілі толады. Ал келіншегі жұмыстан кеш шығатын жағдайда, азаматы үйге келгенде кешкі ас дайын емес, үй шашылып жатса, қандай адам болса да ашу шақырады. Үйдің берекесін келтіріп отыратын зайыбы бұлай «далада» жүруі ешкімге де ұнамайды.

«Өзім асырауға шамам жетеді». Бар жағдайды ақшамен байланыстыратын да ер азаматтар баршылық. Олар өзгелердің пікіріне тәуелді болуы да мүмкін. «Әйелін де жұмысқа тұрғызғанына қарағанда, отбасын асырауға жалғыз өзінің қауқары жетпейтін болды ғой» деген алып-қашпа сөз оны тынышына қоймайды. Жалған намысқа бой алдырып, осы себеппен ғана келіншегін үйде ұстайтындар бар. Оларда жұбайының қызығушылығы, хоббиі деген түсінік болмайды.

«Табысы менен көп болса, беделім төмендейді». Көптеген жігітті іштей осы ой да мазалайды. Алайда ақылды әйел ер азаматын қандай жағдай болса да өзінен бір саты жоғары қойып, үнемі биіктен көргісі келетінін кей адамдар түсінбейді. Әйел парасатты болса өзі тауып жатқан жалақы күйеуінен аз-көп болуына мән бермей, балаларының несібесі деп қана ұғынады.

Алған жарыңыз пысық та ақылды екеніне сенім білідіріңіз, отағасы! Тауын қайтарып, кері тарту орнына, қолдау білдіріп, көмектесіңіз. Сіздің артқан сеніміңіз оған көп күш береді. Өзі ойламаған қабілеттерге ие болып, бәріне бірдей қалай үлгеріп жүргеніне өзі де таңданады. Барлығы ақшаға байланысты емес. Зайыбыңыздың да қызығушылығы бар, ол да араласатын ортасы болғанын қалайды. Күнделікті бір тірлік қайталана беруі кез келген адамды қажытады, соңы депрессияға апарып соғуы да ықтимал. Санаулы уақыттан кейін үй шаруасынан қолы босай қалса сериал көріп, өсек айтумен уақыт өткізетін әйелдің күйеуі болғыңыз келмесе, жұмысқа тұруына қарсы болмаңыз.

@. @assel_assanova