Ит тұқымдары: Питбуль

Ит тұқымдары: Питбуль
Фото: kirill-potapov.livejournal.com

Өжеттілік пен батылдықты бойына сіңдірген питбулді ешкім әлсіз ит деп айта алмайды. Себебі нағыз жауынгерлік тұқымға ие болған иттің шығуының өзі батылдықпен сипатталады. Арнайы ақшаға ит төбелестіретін жерде пайда болған жануарды кішкентайынан төбелеске баулып өсірген. Жеңген иттердің иелері жануарлардың жекпе-жегінен түскен ақшаға қарқ болған, қымбат бағаға иттерін сатып қыруар қаржыға кенелетін болған. Кейіннен мұндай зұлымдыққа тосқауыл қойып, арнайы өткізуге болмайтыны туралы заң шығарған. Алайда, қызықты көбейтіп, қалтаны қалыңдатуға құмартқан жандар заңсыз жолмен әлі де жалғастырып келеді.

Өз қожайындарына адал жануар қандай жағдай болмасын көмектесуге әзір тұрады. Өз бетімен ешкімге соқтықпайтын питбуль, өзіне тиіскенді оңдырмайды. Төбелестен міндетті түрде жеңіп шығуға ұмтылады. "Не бел, не белбеу кетеді" дегендей, жан тәсілім еткенше айбар шегіп қарсыласынан қашқақтамайды. Түрі сүйкімді жануардың төбелес кезіндегі басты қасиеті, тістеген жерінен жібермей аузы қарысып қалады.  Бірақ төбеттің түрі осыншама қорқынышты болғанымен, жақсы жақтары да жетерлік. Ең бірінші, балалармен ойнағанда айбат шегіп зақым келтірмейді. Өзінің қожайынына адал болады. Өте ақылды ит қолға жылдам үйретіледі.

Егер сіз осы бір нағыз жауынгер жануармен бір бөлмеде тұруға шешім қабылдасаңыз, онда питбульді қалай күтіп ұстауға болатын кеңестерге назар салыңыз.

Ең алдымен питбуль күшігін дұрыс таңдаңыз. Басы үлкен болса күшті болады, сіңірлері жұмсақ болса, қаны таза дегенге сенбеңіз. Өйткені түрлі алаяқтық жолмен сатып алынған итіңіз өскенде өкінішке қалдырып жүрмесін. Иттің шынжырмен жүруі немесе байланып тұруы ашуына тиеді. Сондықтан көбіне босатып қойғаныңыз абзал. Сенімді жануарыңызға арнайы үйшік жасап берсеңіз, тіпті тамаша болады. Себебі әрдайым өзінің жататын жерін білетін болады. Итті қолға үйреткен кезде қызбалыққа салынып, ұрып-соғып, қатты сөйлемеңіз, тек өзіңіздің қожайыны екеніңізді сезіндірсеңіз жеткілікті. Тым ашушаң итіңіз өзіңізге де айбар шегуі мүмкін.

B. ZHAQSYMBET