Өзін-өзі бағалау қасиеті не себепті төмендейді?

Өзін-өзі бағалау қасиеті не себепті төмендейді?
Фото: modernnotion.com

Кейде адам айнаға қарап тұрып өзін-өзі жек көре бастайды. Жалғыздан жалғыз оңаша қалған сәтте күні бойы болған оқиғаларды, құбылыстарды, істеген істі ойша сараптап жатқан кезде ішкі дауысқа құлақ түреміз. Өз-өзіне көңіл толмау қалай пайда болады? Адами тұрғыда бұл жақсы қасиет. Себебі, сіз өзіңізге разы болмағанда ғана алға ұмтыласыз. Десек те, бұның екінші жағы бар екенін естен шығара алмаймыз. Ол әрине, сізге белгілі бір дәрежеде жағымсыз ой мен сезім сыйлайды. Өзін-өзі бағалауды қалай көтеруге болады? Бұл жайлы ойланып көрдіңіз бе? 

Физикалық сымбатыңызға мән беріңіз 

Адамның физикалық күші басты орында. Себебі, физикалық жағынан әлсіз болсаңыз, тез шаршайсыз, ештеңеге үлгере алмайсыз. Күнделікті таңертең 2-3 шақырым қашықтыққа жүгіруді дағдыға айналдырыңыз. Дене сымбаты жалпы ішкі қуаттан хабар беріп тұрады. Физикалық жаттығулар жасаудан шаршамай, керісінше одан ләззат ала алсаңыз ішкі қуатыңыз да арта түседі. 

Не жайлы ойланғыңыз келеді, сол туралы ойлаңыз 

Өзін-өзі төмен бағалау адамды іштей тауысып, ішкі дауысы оған: «сен өте әлсізсің», «Сенің қолыңнан келмейді», «Сен жолы болмайтын адамсың» деп қинайды. Бұндай жаман ой сізге көңіл күйіңіз болмаған сәттерде жиі келеді. Оны болдырмау үшін жағымсыз ойға берілмеу жайын ойлаңыз. Оның сізге қаншалықты қайғы әкелерін ойлаңыз. үнемі өзіңізге қандай жақсы адам екеніңізді, мықты, жігерлі, қабілетті жан екеніңізді айтып отырыңыз. 

Өзіңізді қабілетіңізге қарай бағалаңыз. 

Екі парақ алып, біріншісіне өзіңіздің жағымды жақтарыңызды, ал екінші параққа өзіңізді өзгерткіңіз, түзегіңіз келетін жағымсыз жақтарыңызды жазыңыз. Екеуіне қатар көз жүгірте отырып, жағымды жақтарыңызды көбірек дауыстап оқыңыз. Мұндай әдіс сізге ішкі сенімділік ұялатады. Бұны күнделікті қайталап отырыңыз. Былайша айтқанда, күнде өзіңізден есеп алып отырыңыз. 

Көңілді адамдармен дос болыңыз 

Егер сіз өзіңізге сенімсіз болсаңыз, сізді сынағыш, бойыңыздан мін тергіш адамдардан өзіңізді аулақ ұстаңыз. Мұндай ортадан алыс кеткен жөн. Керісінше, айналасына күлкі сыйлап жүретін, өзін-өзі жақсы бағалайтын көңілді, өмірді сол қалпында шынайы қабылдайтын жандармен дос болуға тырысыңыз. Өзіне сенімді адамдар өзгелердің сыртынан сөз айтпайды. Өз ісін біледі. Кіммен, қандай адамдармен бірге жүргеніңізге мән беріп қараңыз. 

Сүйікті ісіңізбен айналысыңыз 

Жаныңызға жақын, сүйікті ісіңізбен айналысу жан дүниеңіздегі беймазалықты жояды. Адамның өзәне деген сенімділігін жоғалтуы өз ісімен айналыспауға тікелей байланысты. Сол себепті де адам бойкүйездікке ұшырайды, ашушаң бола бастайды. Өзгелердің ойымен жүрген жан әрқашан жетістікке жете бермейді. Жан қалауы орындалғанда ғана жақсы ой қалыптасады.  

Ж. Жұмағұлов