Сезімді санаға жеңдіру не үшін керек?

Сезімді санаға жеңдіру не үшін керек?
Фото: amur.kz, Виктор Агеев

Махаббаттағы ессіздіктің соңы көбіне жақсылыққа апармайды. Өйткені сана мен ақыл істен шыққан жерде жүрек өз дегенін жасап, өзінше сайран салады. Бірақ жүректің шешімі үнемі дұрыс бола бермейді ғой? Сондықтан сезімді санамен басқарып, ақылға жеңдіруді үйрену керек. Оның қандай пайдасы бар? Сезімді басқару не үшін керек?

Қоштасу аса қиынға соқпау үшін. Махаббаттың қашанда айы оңынан туып, жеңіске жете бермейді. Кейде тәп-тәтті сезімдермен ойда жоқта қоштасып, қарым-қатынасқа нүкте қоятын жағдайлар да орын алып жатады. Осындай шақта сезімді санамен басқара білсек, мұндай қиындықты басымыздан тез өткере аламыз. Әрине, сергелдең сезімдерден лезде арылу мүмкін де емес. Бірақ ақылды бір сәт биік қойып, сезімді сананың алдында құл қыла алсақ бұдан да өтеміз.

Махаббат үшін ессіздіктер жасалмас үшін. «Сүйдім, күйдім» деп табанымен шоқ басып, жүрегінің қалауын орындау жолында махаббаты үшін кез келген соғысқа қарусыз-ақ аттануға дайын тұратын адамдар үшін ессіздік жасау аса қиын да емес. Мұндай адамдарда өкіну сезімі ең соңынан оянады. Бәрі кеш болғанда... Махаббат үшін қандай да бір ессіздіктерге бой алдырып, өзін-өзі жоғалтып алатын адамдар үшін сезімнің желігін уақытында баса алатын сана мен ақыл керек-ақ.

Қатты бауыр басып қалмас үшін. Бұл да махаббаттағы қоштасуға байланысты ұғым. Бауыр басушылық сезіммен бірге келіп, сезімнен кейін кететін дүние. Сезім өшкен кезде де ол адам жүрегінде дәуренін құра береді. Өйткені бауырбасушылықтың ғұмыры ұзақ болады. Бірақ бір күні болмаса да, бір күні жолдары екіге айрылатын адамдар үшін бауырбасушылықты да санаға жеңдіруге тура келеді. Кейін жастықтың астында еңкілдеп жыламас үшін, жүрегің езіліп сол бір жанды сағынбас үшін...

Ұяттың еңсесін түсірмес үшін. Ұят бәрінен де жоғары. Сезім қатты өршіп, қызған тұста ұяттың қақпағы ашыла бастайды. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген сол. Сезімнің жетегінде жүрген жастар ұяттың бәрін жиып тастауға әзір тұрады. Ал ұят жоқ жерде анайылық пен мәдениетсіздік сайран салады. Адам санасында ақыл мен ар-ұяттың тұғыры биік болса, сезім амалсыз осы екі дүниеге бағынады. Ал олар сезімнің алдында дәрменсіз болса, сезімге сенім жоқ.

Әрине, сезім деген – тәтті нәрсе. Бірақ жүрегімізде тек сезім ғана күн кешпеуі керек. Сезімнің сергелдеңінде жүргендердің жүрегінен тәтті сезімдерден өзге, ақыл мен ар-ұят та табылса екен...

Ұқсас жазбалар:

Сүйгендер де қоштасады...

Жігіттерге қатаң түрде тыйым салынады!

 

А. Әбілхан