Әйел затының болмысын түсіну үшін...

Әйел затының болмысын түсіну үшін...

Әйел затының табиғаты ерекше екені бәрімізге мәлім. Өзінің нәзіктігімен қоса қайсарлығы да таңғалдырады. «Әйел адамды түсіну қиын» дегенді жиі естиміз. Алайда, табиғатының кейбір жақтарын анықтасақ, түсіну де оңай болады.

1. Шу шығару

Әйел затын көп нәрсе алаңдатады. Тіпті, қоқысты далаға шығаруға ұмытып кетсеңіз де сөз естіп қалуыңыз ғажап емес. Табиғатына сай әйел заты сәл нәрсеге ашуланғыш келеді (әрине, барлығы дерлік емес). Дегенмен, зерттеу нәтижесі бойынша, ондай нәзік жандылар үй шаруасын жақсы атқарып, кез келген қиындыққа төтеп беріп, жауапкершілікті көтере алады екен. Ал үйіңізде осындай отанасы болса, кешкі асыңыз дайын, киімдеріңіз үтіктеліп, таза тұратынының кепілі емес пе? Сондықтан, аяулы аруымыздың мінезіндегі мұндай кемшілікті кешіруге де болады.

2. Ол да адам баласы

Әйел заты да сіз секілді адам баласы. Алайда, олар гүлдей нәзік болып келетіндіктен, аса сезімтал. Сондықтан оны қанат астына алып, қорғау керек.

3. Дүкен-дүкен-дүкен..

Айдың соңына таман әйел заты ерекше көңіл-күйде жүретінін сездіңіз бе? Себебі, сол уақытта қалтаға ақша түсіп, ойдағы «идеялардың» бәрі іске асады. Көбінде ол идеялар дүкеннен табылады. Ал дүкен аралауға бірге алып шыққан жігіттің мазасы кетеді. Дегенмен, аруыңыз сіз үшін әдемі, сұлу болуға тырысады. Өзгелер сіздің жұбыңызға қарап, тәнті болғанын қалайды. Әйел – ерінің имиджі деген сөз рас. Сондықтан айына бір рет оның бұл сапарына серік болып, кеңес беріп, көңіл бөлгеніңіз жөн.

4. Жиналу

Әйел затының үйден шығуға дайындалуының өзі бір хикая. Шашты бұйралайды, ол келіспей қалады, сондықтан қайтадан түзулейді. Осы жерде көңіл-күйі түсіп, ызаланады. Шашпен арпалыс біткен соң боянудың кезегі келеді. Бұл жерде сипаттауға берілмей, уақыттың шамасы сағаттарға созылуы мүмкін екенін айтқанымыз да жетерлік. Қыздың бұл әдетін де кешіруге болады. Керісінше, осыған орай, кездесудің нақты уақытын өзіңізге ыңғайлы етіп бағдарлай аласыз.

Ал кешірудің себебі жоғарыда айтқанымыздай, ол сіздің жаныңызда сұлу болуға тырысады. Сол себепті оның бұл «арпалысын» бағалағаныңыз дұрыс.

5. Сенім

Көптеген қыздар жұлдыз жорамал, ырымдарға сенеді. Тіпті, араларында түс жорып, соған бола мазасызданып жүретіндері де жоқ емес. Оны «ақымақтық» деп кесіп айудан аулақ болыңыз. Себебі, өзіңіздің де сенетін нәрселерініңіз бар. Мысалы, екі жыл қатарынан ұтылып келе жатқан футбол құрамасының осы жолы ұтатынына сенесіз ғой. Сол секілді, жігіттердің қыздарға түсініксіз өзіндік наным-сенімдері де болады.

Аруыңыздың қорғаны болыңыз, оны сыйлаңыз, оны түсіне біліңіз.

Сурет: ©Олег Пукас, Анна Мазур

Оқи отырыңыз:

Нағыз ер жігіт қандай қасиеттерге ие болу керек?

Жігіттер үшін: Қызыңыздың болмысын түсіне алмасаңыз

Болашақ жарым қандай болуы керек? #3

Нағыз әйел затына лайық қасиеттер қандай?

Ф. Абилова