Іскер адам қандай болады?

Іскер адам қандай болады?

Іскер адам өзінің сырт көрінісімен: қимыл-қозғалысы, жүріс-тұрысы, киім киісі, дауыс ырғағы, шешендігі, бірнеше тілді білетіндігі, адамгершілігі, байсалдылығы, батылдығы, бейімделгіштігі, еркіндігі, заманауи техниканы меңгергендігі, сонымен қатар тәртіпті және жоспар құра білетіндігімен ерекшеленеді.

Іскер адамның қимыл-қозғалысы, жүріс-тұрысы сенімді, салмақты болады. Сасқалақтап, бір отырып, бір тұрып жүгіріп жүрген жан біреуге ұнай қоюы екіталай.

Дресс код - іскер адамдардың басты белгілерінің бірі. Сондықтан көптеген белгілі фирмалар қызметкерлерінің дресс код сақтағанын талап етеді. Іскер костюмнің жүн, мақта сияқты бір тегіс табиғи матадан тігілгені дұрыс. Әйел адамдардың табиғи жібектен тігілген блуза, көйлек киюлеріне басшылары көбінесе қарсы бола бермейді. Ал зығыр мата қыртыстанып қала береді.

Соңғы сәндегі әшекей бұйымдардың барлығы бірдей, әсіресе жылтыр, көлемділері дресс кодқа келе бермейді. Тіпті екінің бірінің қолы жете бермейтін гауһарды да тек кешкі шараларға тағу қажет деп есептеледі. Іскер костюммен үйлесетіндер: інжу, янтарь тасынан жасалған әшекейлер, алтын, күміс, сондай-ақ қол сағаты.

Іскер адам дауыс ырғағына, шешен сөйлей білуге мән беру керек. Көбіне құлаққа жағымды қоңыр даусы бар, байыппен сөйлейтін жан өзіне еріксіз назар аудартады. Кәсіби терминдер, қанатты сөздер мен мақал-мәтелдерді қойын дәптерге жазып жүрген дұрыс.

Іскер адам шетелдіктермен де жиі қарым-қатынас жасайтындықтан бірнеше тіл білсе, өзі де қиналмайды, жалақысы да соған сәйкес болады.

Адамгершілік, байсалдылық, батылдық, бейімделгіштік, еркіндік, тәртіптілік – іскер адамға қажет жақсы қасиеттер. Егер аталмыш қасиеттер адам бойында болмаса, ерте ме, кеш пе, басшылар да, әріптес компаниялар да сырыңызға қанық болады.

Күнде өзгеріп жатқан заманауи технологияны дер кезінде меңгеріп отыру қажет.

Іскер адамның күн тәртібі белгілі бір жоспарға бағынады. Бұл жоспарда барлығы: іскерлік кездесулер, тамақ ішу, жолға кететін уақыт, т.б. түгел көрсетіледі.

Соңғы кеңес – іскери адам өз білімін: кәсіби және рухани жағынан үнемі көтеріп отырғаны жөн. Ал өз елін, жерін сүйген патриот болуды әрбір жан кеңессіз де білетін шығар деген ойдамыз.

Іске сәт!

Автор: Фариза Әбілова

Cурет: content.ru

Оқи отырыңыз:

Миллионерлер туралы қызықты фактілер

Бизнес майталманы ұсынған 7 кеңес

Нағыз жігіттің ережесі

Ф. Абилова