Жаттығу залында ұстанатын ережелер

Жаттығу залында ұстанатын ережелер
Фото: saleup.com.ua

Әр жердің өз мәдениеті, өз ережесі болады. Өзіңізді қай жерде қалай ұстауды білмесеңіз, қадіріңіз кетеді. Көзге оғаш көрініп, сүйкіміңізді кетіргіңіз келмесе, біз ұсынатын кеңестерге көз жүгіртіңіз.

Айна алдында айналу. Спорт залдағы не фитнес орталықтарындағы айналар адам қауіпті жаттығу жасау кезінде, дұрыс жасап жатқанын өзі бақылау үшін қойылған. Ал сіз айна алдына барып, өз сымбатыңызға тамсанып, ары-бері айналып, бірнеше селфи жасайтын болсаңыз, бұл мәдениетсіздігіңізді көрсетеді.

Талдауды (анализ) тура тапсыру. Жаттықтырушылар медициналық анықтамасын адал жолмен алады. Оларға құрмет ретінде сіздің де тапсырған талдауларыңыз шыныдыққа жанасуы тиіс.

Жинақылық және тазалық сақтау. Көпшілік орнына келген соң, аса ұқыпты болыңыз. Су ішкен бөтелкеңізді жаттыққан жеріңізге қалдырып, шыныққан зілтемірлеріңізді ретсіз шашып кететін болсаңыз, бір күні жазаға тартылуыңыз мүмкін.

Уақытылы жүру. Жаттықтырушыға ақшасын төлеп қойған соң, қашан келіп, қашан келмеймін десеңіз де, тіпті мүлде келмеймін десеңіз де бәрібір болуы мүмкін. Сыйластығыңызды, адамгершілігіңізді жаттығуға кешікпей келумен көрсете біліңіз. Уақытылы жүріп тұрмасаңыз, қалаған нәтижеге де межелі жете алмассыз.

Өзгелерге өз пікірін танбау. Спорт статистикасы бойынша, жаттығу залында тобындағы жолдастарына өз пікірін дәлелдеуге тырысатын адамдар жақсы жетістікке жете алмайды екен. Өзгемен ісі болмай, өз жаттығуын ғана білген жан қауіпті жаттығуда да жарақат алмай, қалаған нәтижесіне тез жетеді. Сіз жақсылық жасағыңыз келгенімен, оны дұрыс түсініп қабылдай алатын, қабылдай алмайтын адам да бар. Өзгелердің  қателігін түзету – жаттықтырушының жұмысы.

Тамақтану туралы. Күніне жаттығуға, жүріп-тұруға қанша қуат жұмсасаңыз, сонша тамақ жеуіңіз керек. Тамақтану тәртібіңізді ретке келтіріңіз және жаттығу залында тамақтанбаңыз. Залға келер алдында жақсылап тамақтанып алыңыз. Қоғамдық орында тамақ жеу әдепсіздікке саналады. Онымен қоймай, сіз айналаңыздағыларға кедергі келтіресіз. Мұрнына тамақ иісі барған адам алаңдап, күш-қуаты кетіп, оның да тамақ жегісі келуі мүмкін. Сол себепті қандай тамақ жейтініңізді, қанша мөлшерде қолданатаныңызды және қай жерде жейтініңізді жоспарлаңыз.

@. @assel_assanova