Шыршаны қалай таңдау керек?

Шыршаны қалай таңдау керек?

Қолдан жасалған шыршаның екі түрі болады: құйылып жасалған және поливинилхлоридтен (ПВХ) құрастырылған. Ақшаңыз болса, құйылып жасалған шыршаны алған дұрыс. Бұлар әлдеқайда сапалы. Сол себепті, қымбат тұрады.

Ал егер ақшаңызды үнемдегіңіз келсе, ПВХ-дан жасалған шыршаны алуыңызға болады. Ал, бұндай шыршаларды қалай таңдаймыз? Бұл жазбада осы сұраққа жауап береміз.

Тіреуішіне мән беріңіз. Шыршаның тіреуішінің берік болғаны дұрыс. Пластмассадан жасалған тіреуіштер әлсіз болады. Металдан жасалғандары ұзақ жасайды.

Шыршаның қылтандарына назар аударыңыз. Шыршаның қылтандары тартқан кезде үзілмеуі керек. Сапасыз шыршалардың қылтандары үзілгіш болады. Және оның тым үшкір болмағаны да жақсы. Сонда безендіру кезінде ыңғайсыздық тудырмайды.

Бұтақтары иілгіш болсын. Сонда шыршаның формасын өзгерту қиын болмайды. Пайдаланып болғасын бұтақтарын жинақтап, шыршаның көлемін кішірейтуге де болады. Сонда ол шкафыңызда көп орын алмайды. Шыршаны таңдауда бұтақтарының діңіне жақсылап бекітілгеніне көз жеткізуді де ұмытпаңыз.

Тым биік немесе тым аласа болмасын. Ыңғайсыздық тудырмас үшін шыршаның биіктігіне де назар аударыңыз. 1,8 метрлік шырша тым биік те, тым аласа да емес.

Қауіпсіздік. Шырша жанғыш болмасын. Сатып аларда сатушыдан шыршаның 1-2 қылтанын сұрап алып, шырпымен өртеп көріңіз. Егер ол жанса, бұл шырша – қауіпті.

Шыршаны қалаңыздағы немесе ауылыңыздағы дүкендерден немесе интернет-дүкендерден сатып алуға болады. Интернет-дүкендерді табу үшін Google, Яндекс секілді іздеуіш жүйеге сұранысыңызды енгізсеңіз болғаны.

сурет:dashkindom.ru

Е. Қайрахан