Қой жылы туралы деректер

Қой жылы туралы деректер

Қой жылы – жылқы жылынан кейін, мешін жылынан бұрын келетін мүшел есебінің сегізінші жылы. Қой жылы Азия халықтарының көпшілігінің күнтізбелерінде қолданылады. Григорий күнтізбесі бойынша, 2003 жылдың 22 наурызы мен 2004 жылдың 21 наурызы аралығына сай келеді, одан кейін 2015 – 2016, 2027 – 2028, 2039 – 2040, т.с.с. жылдары қайталанады. Қазақтар қой жылын жақсы жыл санайды. Өткен қой жылдары халыққа жайлы болған, ел молшылыққа кенелген.

Қазақша жыл санау Халықтық жыл санау есебінде 12 жыл аты бар болса, олар туралы деректер VIII ғасырдағы "Күлтегін” ескерткіштері мен ХІ ғасырда өмір сүрген Махмұт Қашқаридың еңбектерінде кездеседі. Қазақша жыл санау мен жыл қайыру кестесі бойынша, жылдар бірінен соң бірі былай аталады: тышқан, сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз. Жыл басы қазақтарда тышқаннан және Наурыз айының 22-сінен басталып, ол он екі жыл бір айналғанда мүшел жасты құрайды. Алайда, адамның алғашқы мүшелі - 13 жас.

1966-67 қой жылында Қазақстанда миллиард пұттан астам астық алынды. Құнанбай қажы қой жылы туып, Шоң би қой жылы қайтыс болған. Қазақстан 1991 қой жылы тәуелсіз ел атанған. Ахмет Байтұрсынов қой жылы (1873) дүниеге келген.

Қой жылы туылған адамдардың мінез-құлқы жайлы ел арасында сәл нәрсеге ашуланады, қисайған бетінен қайтпайды деген сыңайдағы сөздер бар. Сондай сәттерде өзіне де, жанында жүргендерге де қауіпті делінеді. Өзін жарға жығатын мінезі – шешімді тым асығыс қабылдайтындығы. Қой жылы туғандардың бәрі ондай пікірде деген ойдан аулақпыз. Қой жайма-шуақ, қоңыр мінездің иесі болғандықтан, бұл құбылыс оларға да әсер етеді. Қой жылы туғандар өзгелермен тез тіл табыса біледі, сәнді киінуді ұнатады. Сезгіш, өнер тапқыш, қиялға бай болады. Алайда, ерке, қыңыр, құбылмалы болады. Бұл жылы туғандар суретші, актер, бағбан сынды мамандықтарды таңдайды.

Шопан ата туралы

Шопан ата – қой түлігі мен шопанның пірі. Зерттеушілердің пікірінше, шамамен XIII – XIV ғасырларда өмір сүрген және Қожа Ахмет Иасауи тариқаты басшыларының бірі болған. Жалпы ислам дүниесінде әрбір кәсіптің киелілігін, абыройлығын әйгілеп, ол кәсіптердің бастауында тұрған рухани ұстаз, қасиетті пірге құрмет көрсету дәстүрі бар. Сондай-ақ дәстүрлі қазақ мұсылмандығында да қазақтың ата кәсібі мал шаруашылығына байланысты пір тұтылатын қасиетті есімдер бар. Солардың бірі - Шопан ата. Ол Иасауи тариқаты дәстүрінің ұстазы ретінде тарихи тұлға болса да, халық жадында шопандық кәсіптің пірі ретінде аңыздық тұлға болып сақталды. Халық арасында Шопан ата туралы аңыз әңгімелер көптеп таралып, қой түлігінің қасиеттерін дәріптеген және сол кәсіптің иесі пірден қолдау, желеп-жебеу тілеп, мұсылмандық дәстүрмен рухани жалғастыққа ұмтылған.

Шопан ата қорымы – тарихи-этнографиялық мәдени ескерткіш. Батыс Қазақстан жеріндегі көне сәулет өнеріне (XII – XX ғасырлардың басы) жатады. Қазіргі Маңғыстау облысындағы Сенек ауылының солтүстік-шығысынан 25 км жерде орналасқан. Қорым аңыз бойынша Қожа Ахмет Иасауидің шәкірті Шопан ата салдырған мешіті төңірегіне жайғасқан. Шопан ата қорымы жергілікті халықтың ертедегі салт-дәстүрін, жерлеу рәсімін танытатын діни архитектуралық құрылыс түрінде салынған. Ол алып жатқан жер көлемі мен ескерткіштерінің саны жағынан (2 мыңнан астам) Арал – Каспий өңіріндегі ең ірі қорымның бірі, әрі қазақ және түрікмен қорымы деп нақты межеленіп, екіге бөлінген. Оның дәл ортасындағы әк тастан қашалып жасалған мешіт бірнеше бөлмеден тұрады. Мешіт ауласында “қасиетті” тұт ағашы өскен және жуынып-шайынатын тас суат бар. Қорымның солтүстік-шығысында құжыралар, михрабтар мен намаз оқып, демалатын негізгі жайлар, ал шығыс бөлігінде көптеген сағанатам, күмбезді кесене, құлпытас, қойтас пен сандықтастар орналасқан. Мұндағы ескерткіштер архитектуралық және әшекей-өрнектік шешімі жағынан сан түрлі: олар әктас, құмтастан қашалып жасалған. Ірі құрылыстардың ішінде ерекше көзге түсетіні – сағана тамдар. Олардың кіре берісі кесенелер секілді оңтүстікке қарайды. Шопан ата қорымын М.Меңдіқұлов басқарған архитектуралық экспедициясы (1952), Қазақ КСР-і Мәдениет министрлігі (1977 – 78) және Республика ескерткіштерді қорғау қоғамының (1982) экспедициясы зерттеген.

Енді мал пірлері туралы аңызға назар аударып, оны ішінде Шопан ата жайлы аңызды назарларыңызға ұсынамыз. Бұл аңыздың қағаз бетіне түсуіне үлес қосқан - Болат Бопайұлы.

Баяғыда жыл санаумыздан бұрынғы ықылым замандарда адам баласы төрт түлік малдың атын білмейтін, қолға үйретпеген кезде, топ-топ болып орманды, тауды, өлкелердегі үңгірлерді мекен етіп, ағаш, тастардан әр алуан құрал жасап, сол құралдың көмегімен аң аулап, құс қулап, тіршілік етеді екен. Жуас, бейуаз, қоңыр аңдардың етін қорек етіп, терілерін тәндеріне жамылып күн көрген. Сол замандағы алғашқы жабайы адамдар осылай топтасып өмір сүрмесе, бірігіп тіршілік көрмесе, жалғыз жарым, жалқы қалғандарын аю, жолбарыс, арыстан, қабылан, қасқыр сынды жыртқыш аңдар жәркемдеп жеп, жеміне айналдырады.

Сол жабайы адамдардың арасында да ғажайып батыр, балуан, шешен, көсем, тапқыр, айлалы кісілер болыпты. Сондай адамдар бытырап жүрген топ-топ тайпалардың басын бір жерге қосып, ұйымдастырып өмір сүреді екен. Сөйте-сөйте жиналып, үлкен қауым елге айналған бір топтың басшысы «Қазғақ» деп аталады. Қазғақ жеті ағайынды екен. Жетеуі де бірінен бірі өткен батыр екен. Олар Қазғақ, Қамзақ, Қамбар, Ойсыл, Зеңгі, Шопан, Шекшек деп аталады екен. Жетеуі жеке жүріп те жыртқыш аңдарды аулай береді. Жетеуінің денесінен бір түрлі иіс шығып тұрады екен. Сол иісті жыртқыш аңдар алдын ала сезіп, бұл жеті ағайынды жүрген жерге жоламайды екен.

Қазғақ жеті өнерді меңгерген, ақылды, көреген, данышпан болғандықтан, жиналған көп тайпаны сол билеп-төстеп тұрыпты. Қалған алты інісі Қазғаққа мықты қолғанат рөлін ойнапты. Қалған тайпалар оларға уыздай ұйып, қазғақтың айтқанын істеп, жұмсағанын ақтарып күн көріпті. Түндер өтіпті, күндер өтіпті, айлар аунап, жылдар жылыстапты. Сөйтіп жүргенде тайпаға тайпа қосылып, қауымы да көбейе беріпті. Жалпақ жұртқа айналыпты. Мекендеген жерлері ұлғая беріпті.

Қазғақ бір күні жатып алып түс көріпті. Түсінде қызық іс көріпті. Түсіне Адам ата кіріп, ақыл-кеңес беріпті: "Әй, Қазғақ, сен расында батырсың, ақылдысың, данышпансың, алты інің сенен де өткен батыр. Сенен де данышпан, білгір. Тайпаң көбейді, жерің үлкейді, мекен-жайың кеңейді. Енді сен жалғыз басқаруға шамаң келмейді. Қол астыңдағы адамдар бұдан да көбейеді. Көбейген сайын бөлінеді. Сен содан бұрын алты ініңді тәрбиелеуің керек. Ол үшін оларға дымды да білдірмей алтауын алты жаққа ай далаға апарып тастасаң, олар бір таңғажайып кереметті жаратады. Сол кереметтен кейін алты інің бөлінетін тайпаны басқарып, сенің мәртебеңді асырады",- депті.

Қазғақ енді бұрылып, інісі Шопанға қарады: "Шопан, сен мүйізі шығырықтай етіп қойларды айдап келіпсің, енді сен «Шопан ата» аталасың",- деп:

Қой пірі – «Шопан ата»,

Бата берейін, маған қара.

Ай мүйізі шақпақтай,

Шүйделері тоқпақтай.

Тегене құйрық қошқарлы,

Тұяқтары ашалы.

Қойды айдап келіпсің,

Бар сырын ұғып, біліпсің.

Ақсағаннан ақсаған,

Қозысы өлсе қақсаған.

Аппақ сары сүті бар,

Шағаладай «құты» бар.

Моп-момақан жануар,

Бабын тапқан жан бағар.

Қой бақпаған құр қалар.

Қойдың сүті қорғасын,

Қойды қырған оңбасын.

Шопан ата  аталсын,

Ел аузында жатталып,

Өмір бойы сақталсын!

Батадан кейін Қазғаққа сарыбас қошқарын тарту етті. Қазақтағы ақсарбас қой шалу, қой малына «Шопан ата» деп ат беру салты содан басталады.

Сурет: rudaki.ru

M. Auelkhan