Инчхон-2014. Дзюдошы Ленария Меңғазова қола жүлдеге қол жеткізді

Инчхон-2014. Дзюдошы Ленария Меңғазова қола жүлдеге қол жеткізді

Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан ХVІІ Азия ойындарында қазақстандық дзюдошы Ленария Меңғазова қола жүлдеге қол жеткізді. Отандасымыз үшінші орын үшін таласта үнді қызы Калпана Деви Зоудамды жеңді.

52 келіде сынға түскен Ленария Меңғазова алғашқы белдесуінде Макао өкілі Чи Ленг Вонгты жеңсе, ширек финалда Моңғолия палуаны Цолмон Адиясамбуудан басым түсті.

Жерлесіміз жартылай финалдық белдесуде Түркіменстан палуаны Гүлбадам Бабамұратоваға есе жіберген болатын.

Естеріңізге сала кетсек, бүгін Қазақстан құрамасы сапында ауыр атлет Маргарита Елисеева мен дзюдошы Елдос Сметов ел құрамасы қоржынына екі алтын медальды салды. Ал, синхронды жүзуден апалы-сіңілі Александра мен Екатерина Немичтер мен тағы бір дзюдошы Азамат Мұқанов қола жүлдені қанжығаға байлады. Қазақстан құрамасы екі алтын үш қола медальмен жалпы есепте үшінші орынға көтерілді. Көш басында бес бірдей алтын медальды еншілеген қытайлық спортшылар келеді.

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: holgeradam.com

Н. Айдархан