Асанәлі Әшімов туралы пікірлер

КСРО және Қазақстанның халық әртісі, режиссер, "Тарлан" сыйлығының лауреаты, ЮНЕСКО-ның "Алтын қыран" орденінің иегері Асанәлі Әшімов туралы құнды пікірлерді назарларыңызға ұсынамыз.

Қазір менің санамды "Абай" эпопеясын экрандасам-ау деген арман билеп алған. Оған менің актерім пісіп-жетілді. Ол - Асанәлі Әшімов.

Шәкен Айманов

Алдымен Асанәлі - менің алдымнан дәріс тыңдаған шәкірттерімнің бірі. Жақсы шәкіртің болса, әрине, мақтануға болады. Асанәлі - менің жақсы, мақтауға тұрарлық шәкірттерімнің бірі. Сондықтан да мен оның шығармашылық қадамына сүйсін қараймын. Бұлай болуы заңды ғой деймін.

Асқар Тоқпанов

Асанәлі - сегіз қырлы, бір сырлы дарын иесі. Оның дарыны театр мен кинода ойнаған әр рөлі сайын жарқырап көрініп отырады. Ол - тек өнер үшін жаратылған азамат.

Әзірбайжан Мәмбетов

Асанәлімен иықтасып кино алаңына шыққанда, оның өңменіңнен өтіп кететін жанары алғашқыда абдыратып-ақ тастайды. Бірақ мұндай жанардың тұзағына бір іліксең болды, өзіңнің ойнап жүрген рөліңді тереңірек сезінесің.

Олег Табаков

Мың өліп, мың тірілер актер еңбегін сөз қылғанда, есіңе еріксіз түсер танымал есім, таңғаларлық есім - Асанәлі. Қай құрлыққа, қай ұлтқа көрсетсеңіз де, қысылмай-қымтырылмай арқа сүйер өнерпаз ұлың Асекеңдей болса, әрқалай-ақ асқақтай бергейсің, халқым, қазағым!

Оралхан Бөкей