Жаңа жылдық атмосфера қалыптастыру

Айналамызда ертегілік көңіл күй сезілмесе не істеуге болады?

Отбасылық мереке саналатын жаңа жыл мейрамына да санаулы күн қалды. Сіз үшін бұл мейрамның айтарлықтай маңызы болмаса да кезекті мерекелердің бірі ретінде әр күнді өз деңгейінде көңілді өткізген жөн. Айналамызда ертегілік көңіл күй сезілмесе не істеуге болады? Жаңа жыл атмосферасын туғызу үшін ешқандай артық шығындалудың қажеті жоқ, қолда бар нәрселерді қолданып, жоқтан бар жасаймыз.

Жаңа жылдың ең басты белгісі – шырша. Онсыз қалай болмақ? Жаңа жыл атмосферасын қалыптастыруда шырша бірінші кезекте тұрады. Сондықтан шырша безендіруге не оны қолдан жасауға барымызды салу керек.
Айналадағы атмосфера мейрамды ұмытылмастай өткізуге бірден бір себепкер болады. Ал атмосфераны құру сіздің ұшқыр қиялыңызға тікелей байланысты.

Жаңа жыл тек болашаққа жоспар құрып, алдағы күндерге мақсат қоятын кез емес. Ескі жылды есіркеп, тәтті естеліктерді еске түсіруге де таптырмас сәт. Ол үшін өткен жылда түскен ең жақсы суреттерді басып шығарып, әр түрлі піішінге келтіріп, қабырғаға жабыстыруға болады.

Шыршаны қалауыңыз бен арманыңызға орай безендіруге болады. Сіз үшін ең бастысы – махаббат болса, шыршаға жүрек пішіндес нәрселер іліңіз. Жаңа пәтер сатып алғыңыз келетін болса, үй пішініндегі ойыншықтар ілуге болады. Қаржылық жағдайыңыз жақсарғанын қаласаңыз – шыршаны ақшамен безендіруге де болады.

Жай ғана ойыншықтармен сәндеймін десеңіз, мына жайтты есте ұстаңыз. Шыршаға арналған ойыншық барлығы бір түсте болғаны абзал. Көп дегенде екі түрлі түсті ойыншық жеткілікті. Қызыл және алтын түстес ойыншықтар өте керемет үйлесім таппақ.

Журнал қиындылары, тоңазытқышқа жапсыратын магнит, ашық түсті қағаздар, бүршіктер стикерлер – осылардың барлығы шырша жасауға құрама бөлшек ретінде қолдануға жарап тұр немесе қабырғаға сурет салыңыз. Қағаздан жасаған қар түйіршігі бейнесіндегі сәндік бұйымдарды, шыршаға ілуге арналған шар пішініндегі ойыншықтарды тек қана есік, терезе жақтауларына емес, өзіңіз қолайлы деп тапқан кез келген жерге ілуге болады.

Жаңа жылға дайындалуда тағы бір ұзақ әрі маңызды дайындық кезеңі – мерекелік дастарқан әзірлеу. Мұнда да қарапайым ештеңе болмасын. Жыл сайын жасалатын оливье салаты мен мантыны да ерекше етіп безендіріңіз. Массагет сайты өткен жылдары ұсынған жаңа жылдық мәзірлерді де кәдеңізге жаратыңыз: Фарщталған аққала, тасбақа торты, пісірмей әзірлеуге болатын торт, мерекелік печенье, капкейк, "алтын таға" салаты, лазанья.

Торт бетіне қоятын майшамдармен тек дастарқанды емес, бүкіл үйді сәндеуге болады, оны мандарин ішіне салып қойыңыз. Аяз ата, қарша қыз, аққала, шырша бейнеленген қағаз майлықтар сатып алып, аққайнар сусындарының сыртын безендіріңіз.

Жүрегіңіз жылылық пен қуанышты қабылдауға әзір болсын! Жаңа жылды жақсы көңіл күймен қарсы алуларыңызға тілектеспіз!