Дарын мектебі Президент күнін тойлады

Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балалрға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернат оқушылары Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті күнін атап өтті. Елінің ертеңі болар Дарындық жас өрендер бір апта көлемінде түрлі байқауларға қатысып бақ сынасты. Мектеп-интернатында мерекеге орай «Елбасы тілегі – дені сау ұрпақ» атты спорт сайыстары ұйымдастырылды. Шара аясында қыздар арасында волейболдан, ұлдар арасында футболдан ашық біріншіліктер өтті. Дүбірлі дода жеңімпаздарына мектеп-интернат директоры Мұхтар Ботабайұлы арнайы кубоктар мен бағалы сыйлықтарды табыстады. Бір апта көлемінде болған іс-шарада мектеп-интернат оқушылары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық және жастық шағы жайында түсірілген режиссер Рүстем Әбдірашевтің «Балалық шағымның аспаны» атты көркем фильмін тамашалады. Сонымен қатар, дарынды балалардың даралығын шыңдап, эстетикалық талғамдарын арттыру мақсатында қабырға газеттерінің көрмесі ұйыдастырылды. Ең үздік деп танылғандары марапатталды. Мектеп-интернат оқушылары тәуелсіз еліміздің дамуындағы Елбасының ерен еңбегі мен жастардың сапалы білім алуына жасап жатқан мүмкіндіктері үшін өз алғыстарын патриоттық әнмен өрнектелген арнайы би қимылдары арқылы жеткізіп, Қазақстан бойынша өтіп жатқан желілік флешмобқа ат салысты. Аталған шаралардың қорытындысында мектеп-иинтернат директоры Мұхтар Ботабайұлы: «Тұңғыш Президент күнін атап өту арқылы әрқайсымыз санамызға патриоттық рухты, отансүйгіштікті берік түйдік. Елбасымыздың әрбір сөзі берекелі бірлігімізді, дархан достығымызды берік сақтауға үндеп келеді. Бүгінгі қол жеткізген әрбір жетістігімізде Елбасының айрықша қолтаңбасы бар, бұл – ел тарихында мәңгілікке қалатын алтын қор», - деді. Осылайша «Біз – еліміздің болашақ мәдени және ғылыми көшбасшыларымыз! Біз болашағына сенімді, білімі терең, арманы асқақ талантты өрендеріміз!» ұранын арқалаған Дарындық жастар тұңғыш Президент күнін жоғары деңгейде атап өтті.

Абай атындағы РММИ
10-сынып оқушысы Женисова Аида