Қазақтан шыққан тұңғыш әйел киномеханик биыл 80 жасқа толды

Қазақтан шыққан тұңғыш әйел киномеханик Рәпия Халықова үшін биылғы 8 наурыз мерекесі ерекше болып тұр.

Оның бірнеше себебі бар. Қазақстанды былай қойғанда, Орталық Азияда қыздар арасындағы киномеханика саласының алғашқы қарлығашы атанған ол биыл 80 жасқа келіп отыр. Осы мерейлі мерекеге орай жуырда «Рәпия» атты кітап жарық көрді. Онда оның өмірі мен еңбек жолы жайлы жан-жақты мәліметтер жиналған.

Рәпия Халықова ашаршылық кезінде дүниеге келіп, балалық шағы соғыс жылдарында өткен. Жастайынан қиыншылықты көп көрген кішкентай қыздың ол кездегі ең сүйікті ермегі кино болған екен.

Рәпия Халықова, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері:

- Біздің ауылымызға өгіз арбамен кино апарып қоятын. Сонда аппаратты мынадай жерге орналастырғанда, мен үстелдің астында отырып кино көретінмін. Содан, міне, кино әлеміне солай ендім.

Сол уақыттан бастап сиқырлы өнер оның жан-дүниесін жаулап алады. Кейіннен Кенен Әзірбаевтың ауылына келін боп түскен соң, клубта жұмыс істейді. Алматыға барып, киномехника мамандығын алмақ болған оны сол кездегі жауапты мамандар жақындатпай қойыпты.

Рәпия Халықова, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері:

- «Сіз қазақсыз, орысша білмейсіз, сізді біз киноға ала алмаймыз, істей алмайсыз. Әйел адамға бұл жарамайды, бұған ер адам керек», - деді. Намысым қайралып, ауылға барып істей бердім.

Рәпия апа кейіннен Жамбыл қаласында техникумда оқып, ақыры куәлік алады. Содан 36 жыл осы салада еңбек етіп, КСРО кинематография саласының үздігі болды. Көпшіліктің құрметіне бөленіп, «Қазақстанға еңбегі сіңген мәдениет қайраткері» атағына ие болды. Оның өмір жолы «Рәпия» атты кітапта түгел көрініс тапқан.

Ақын Ордабайұлы, Р. Халықованың ұлы:

- Бұл кісі қырғыз-қазаққа әйгілі ақын Кенен Әзірбаевтың алдынан бата алып, өз қолымен шай берген ең жақын, жақсы көретін келіні. Мәскеуге неше рет барып, съезде сөйлегенде, Фурцева деген сол кездегі Мәдениет министрі «қазақтың қайсар қызының осындай баяндама жасағанына бас иемін» деп қолын алған екен.

Темір аппаратты тізгіндеп, еңбегі жанған Рәпия Халықова осылайша қазақ қыздарының мықтылығын мойындатты. 80-ді еңсерсе де, апамыз әлі де тың. «Қажет болса, шәкірт тәрбиелеуге де дайынмын», - дейді зейнеткер-киномехник.



Авторы: Нұржан Мергенбай