Астана әуежайында 10-нан аса рейс кешігіп жатыр

Астана әуежайында 10-нан аса рейс кешігіп жатыр, - деп хабарлайдыTengrinews.kz тілшісі.
Астана әуежайы сайтындағы онлайн-таблода келтірілген мәліметке сүйенсек, Алматы, Өскемен, Ақтөбе бағытындағы 3 рейс, Атыраудан, Қостанайдан, Ақтаудан, Өскеменнен, Алматыдан және Оралдан Астана бағытындағы 8 рейс кешігіп жатыр.

Кешіктіріліп жатқан рейстер SCAT (8 рейс), Air Astana (2 рейс), Bek Air (1 рейс) компанияларына тиесілі. Ұшақтар 20 минуттан 7-8 сағатқа дейін кешікті.

Астана әуежайы баспасөз-қызметінің мәліметінше, Air Astana ұшағы Орал қаласының ұшып шыға алмай жатыр. "Бұл ұшақ әуежайдағы қолайыз ауа райының себебінен ұшпай тұр. Оралдағы борттың дер кезінде ұшпауынан қалғандары да кешігіп жатыр", - деп хабарлады баспасөз қызметі өкілдері.

SCAT рейстерінің де кешігуіне қатысты түсінік берілді. "Әуе компаниясы кешіктірілудің себебін айтпай отыр. Дегенмен олардың Ақтаудан келетін борты әлі жоқ. Сондықтан да түстен кейінгі рейстер кешігіп жатыр", - деп хабарлады Астана әуежайының қызметкерлері.