Әлемдегі ең қымбат брендтер

Америкалық Omnicom коммуникациялық холдингінің құрамына кіретін бренд консалтингтік Interbrand агенттігі жыл сайынғы әлемнің үздік 100 қымбат брендін жариялады. Бұл туралы РБК хабарлады.
2013 жылға дейін рейтингтің басында Coca-Cola бренді тұрды. Алайда Apple оны басып озып, 3 жылдан бері бірінші орынды иеленуде. Қазір оның бағасы Interbrand есебі бойынша 170,276 млрд доллар болды. Бұл көрсеткіш өткен жылғыдан 43%-ға артық. Жұма күнгі Apple Inc. компаниясының нарықтық капитализациясы 629,5 млрд долларға жетті. Осылайша компания брендінің құны компанияның нарықтық құнының 27% -ын құрады.
Coca-Cola маркасы қазір үшінші орында тұр. Бағасы — 78,423 млрд доллар. Алайда Interbrand есебі бойынша, оның бағасы бір жылда 4%-ға арзандаған . Жұма күнгі Coca-Cola Co.-ның (басқа брендтерін қосқанда-Fanta, Sprite, Bon Aqua және т.б.) нарықтағы бағасы 175,7 млрд доллар болды. Брендтің құны компанияның нарықтық құнының 45% -ын құрайды.
Алғашқы ондықта Apple-дан басқа технологияға қатысты компания брендтері бар. Олар: Google (120,314 млрд доллар; +12% алдыңғы жылдан қарағанда; 2-орын), Microsoft (67,67 млрд доллар; +11%; 4-орын), IBM (65,095 млрд доллар; –10%; 5-орын), Samsung (45,297 млрд доллар; 0%; 7-орын) және Amazon (37,948 млрд доллар; +29%; 10-орын).
Бір жыл ішіндегі ең көп өсім көрсеткен — Facebook бренді. Оның құны 54%-ға өсіп, 22,029 млрд долларға жетті. Әлемдегі ең танымал әлеуметтік желі қазір 23-ші орында. Ал ең көп арзандаған — Gucci-дің люкс бренді. Оның құны 14%-ға төмендеп, 8,882 млрд доллар болды (50-орын).
Осы жылы үздік 100-ке бес жаңа бренд қосылды. Олар: Lego ($5,362 млрд), PayPal (4,251 млрд доллар), Mini (4,243 млрд доллар), Moet & Chandon (4,131 млрд доллар) және Lenovo (4,114 млрд доллар). Бұл маркалар 88-ден 97-ші орындардың арасын иеленді.
Interbrand агенттігі брендтің бағасын өздерінің паттендеп алған әдісі бойынша есептейді. Басты шарт — компания брендінің иесі олардың қаржылық көрсеткіштерін ашып көрсетіп, қоғамға барлық жағынан айқын болуы тиіс.