Гипотезалық күрделі аффрика

Гипотезалық күрделі аффрикат *Т [С/Ш] шын мәнінде қазіргі т, с, ш, д, з, ж дауыссыздарының түпкітегі бола ала ма, жоқ па, тексеріп көрелік. Бұл үшін осы күрделі аффрикаттың тарихтың өн бойында қандай-қандай даму жолдарынан өткендігін, эволюциялық өзгерістерге ұшырай келе одан қанша аффрикат, қанша дыбыс тіркестері, қанша жеке фонемалар бөлініп шыққандығын білуіміз қажет. Аталған түпкітектің даму барысы мынадай шолу жасауға мүмкіндік береді.
Түрлі тілдік факторлардың себебінен ең алдымен гипотезалық *Т[С/Ш] күрделі аффрикатының құрамында с сыбыр спиранты, ш ызың спиранты қалыптасады. Соның салдарынан күрделі аффрикат қарапайым екі аффрикатқа ажырайды:
1) *Т [С/Ш]>…>…>…>тс(ц).
2) *Т [С/Ш]>…>…>…>тш(ч).
Кестедегі көп нүктелер біздің заманымызға келіп жеткен тс(ц), тш(ч) аффрикатының ұзақ даму жолынан өткендігін көрсетеді. Бұл аффрикаттардың пайда болуы бүкіл алтай тілдерін екіге бөледі: І) тс(ц) аффрикатымен солтүстік-шығыс бөлегі, ІІ) тш(ч) аффрикатымен оңтүстік-батыс бөлегі сөйлеген (1, 32-б.). Алайда халықтардың бір-бірімен араласуы қандай заңды болса, аффрикаттардың да бір-бірімен араласуы сондай заңды құбылыс.
Уақыт өте келе бұл аффрикаттар да жалаң фонемаға айналуға бағыт алады. Атап айтқанда, екінші жапсары (яғни с мен ш) елеулі өзгерістерге ұшырайды. Алтай тілдерінің тарихқа белгісіз ежелгі дәуірлеріндегі даму заңдылықтарына орай, аффрикат құрамындағы с мен ш элементі әлсіреп, бірте-бірте жойылады. Оның орнына эпентезалық һ, й дыбыстары пайда болады. Кестесі:
1) тс(ц)> ...>тсһ>тсһ>тоһ>тһ.
2) тш(ч)>…>тшй>тшй>той>тй.
сһ таңбасы с дыбысының әлсірегенін, орнын иеленуге һ эпентезасының ыңғайлана бастағанын көрсетеді. сһ таңбасы һ-нің күшейгенін, кішкентай с оның мүлдем әлсірегенін байқатады. Ақырында с(оһ) мүлдем жоғалады. шй өзгерісі де осы сипаттас. Алтай тілдерінде осылайша 1) тс~тһ, 2) тш~тй сәйкестіктері түзіледі. Кез келген сөзді алсақ, олардың құрамындағы дыбыстардың акустикалық, артикуляциялық сапасы бірдей болмайды. Кейбір сөздер аффрикат құрамында эпентезалық һ, й дыбыстарын қажет етсе, кейбір сөздер бұларды қажет етпейді, қабылдамайды. Осыдан барып аффрикаттардың екінші жапсары мүлде жойылып, жалаң жуысыңқы т фонемасы дербес қолданыла бастайды. Аффрикат құрамынан шыққан алғашқы жалаң фонема осы еді. Бұл ретте тш~тй сәйкестіктеріне қарағанда, тс~тһ сәйкестіктері өзгеруге бейім екендігін байқатады. Сычқан(ДТС)~тышқан, тоқуш(ДТС)~соғыс, таяз~саяз сияқты параллельдер бұл пікірді қуаттайды. Даму кестесі:
тс(ц)>тһ>тһо>тһø>тø>т.
Сөз құрамындағы дыбыстарды түсіріп айтуға яки жеңілдетіп айтуға тырысушылық – жер бетіндегі бүкіл тілдерге тән жалпы заңдылық. Осы фактордың ықпалымен түркі тілдерінде сөз басындағы, сөз ортасындағы қатаң дауыстылар ұяңдана бастайды. Бұл құбылыстан аффрикаттар да сырт қалмайды. Аффрикаттар мен дыбыс тіркестерінің ұяңдануы:
1) тс>дз; 2) тш>дж;
3) тһ>дһ; 4) тй>дй;
5) т>д.
Орта ғасырлардан біздің заманымызға келіп жеткен түркі жазба ескерткіштеріне қарағанда, түркі тілдерінің бір бөлегінде тс аффрикаты ұяңданып қана қоймайды, одан әрі жіңішкеріп, жұмсарады. Жіңішкергенін білдіру үшін (') белгісін қолдандық.
1) тс>т'с'; 2) дз>д'з'.
Сонымен, Алтай дәуірінде, бәлкім кейінірек, түркі тілдерінде мынадай сәйкестік түзіледі:
1) тс~тһ~дз~дһ~т~д~т'с'~д'з'.
2) тш~тй~дж~дй.
Осы кезге дейін түркологияда диахрониялық дәуір мен синхрониялық дәуірдің ара жігі анық та айқын ажыратылған емес. Біз сөз құрамында бірыңғай қатаңдар мен жуан дауыстылар болған дәуірді – диахрониялық, ұяң дауыссыздардың, соған сәйкес жіңішке дауыстылардың пайда болған дәуірін – синхрониялық дәуір деп есептейміз.
Түркі тілдері дамуының келесі кезеңінде сөз басындағы аффрикаттардың дыбыстық құрамы ыдырап, жалаң жеке фонемалар пайда болады. Алтай тілдеріндегі барлық аффрикаттар екіге жарылып, бірінші жапсар элементі жабысыңқы т және оның аллофондары т', д, д' мүлдем түсіріліп айтылады. Бұл ыдырауға сөз басында екі дауыссыз дыбыстың қатар айтылмау заңдылығы әсер етсе керек. Бұған екпіннің алғашқы буыннан соңғы буындарға ауысуының да ықпалы болған сияқты. Бірлі-жарым аффрикаттар қазіргі тілдерде қалдық (реликт) ретінде ғана сақталып қалған. Бұл айтылғандарды кесте арқылы былай бейнелеуге болады:
1) тс>с; 2) дз>з; 3) тш>ш; 4) дж>ж;
5) тй(дй)>й; 6) тһ(дһ)>һ; 7) т'с'>т'; 8) д'з'>з'.
Сөздің басында кейбір дауыссыз дыбыстардың (оның ішінде аффрикаттардың да) элизияға ұшырап түсіп қалатынын, көмей һ дауыссызының дами келе х, қ, к, ғ, г дауыссыздарына айналып кеткенін ескеретін болсақ, түркі тілдерінде байырғы бір буынды сөздердің құрамында (негізінен сөз басында, сөз аяғында) мынадай ұзақ сәйкестік түзіледі:тс~тш~тһ~тй~дз~дж~дй~дһ~т'с'~д'з'~т~с~з~ш~ж~д~й~һ~х~қ~к~ ғ~г'~с'~з'~т'~д'~ø. Түркологияда жүз жылдам уақыт бойы даулы болып келе жатқан й~дж~ж~т~д~ч~ ш ~с~з... сәйкестігінің толық құрамы осы.
Әрине, бұл сәйкестіктегі буындардың (звенолардың) бәрін бірдей бір сөздің варианттарының бойынан іздеуге болмайды. Өйткені тарихи даму біркелкі емес. Бүкіл түркі тілдері бойынша алғанда, теориялық тұрғыдан осылайша түзілгенімен, оның әр тілдегі көріністері әр түрлі. Варианттарының саны да әр қилы: кейде екі-ақ сөзден аспаса, кейде он шақтыға дейін ұласады.
Түркологтар аталған сәйкестіктің түпкітегін ұзақ уақыт бойы не себептен таба алмады? 1) Бір ғана фонеманы (атап айтқанда, й сонорын) архетип деп таныды. Бұл бар болғаны эпентезалық сына дыбыс еді, әрі одан өзінен табиғаты күрделі аффрикат пайда болмақ түгіл, қарапайым аллофон да бөлініп шықпаған. Тарихтың бүкіл өн бойында түп-төркіні бір (кездейсоқ сәйкестіктерді есептемегенде) тектес сәйкестіктер түзілмеген, тұл дыбыс. 2) Алтай, чулым тілдеріндегі тй, дй дыбыс тіркестеріне мән берілмеді. Мұның тш(ч) аффрикатынан пайда болғандығы ешкімнің ойына кіріп-шықпады. Тіпті барлық аффрикаттардың, күрделі қосар дыбыстардың алдында жабысыңқы т немесе ұяң д дыбыстары келетіндігі ескерілмеді. 3) Жеке жалаң фонемалардың түпкітегі бір бөлек, архетиптердің түпкітегі бір бөлек іздестірілмеді. Жеке жалаң фонемалар мен аффрикаттар тең дәрежеде аралас зерттелгендіктен қиын мәселенің түйіні шешілмеді.
Қорыта келгенде, т, с, ш қатаңдарының, д, з, ж ұяңдарының түпкі тегі – гипотезалық *Т[С/Ш] күрделі аффрикаты. Тілден мүлдем шығып қалуы себепті, тіпті бұл күрделі аффрикатты есепке алмағанның өзінде, түркі тілдерінің шығыс хун бұтағы үшін – тс аффрикаты, батыс хун бұтағы үшін тш аффрикаты түпкітек (архетип) бола алады.
Тарихқа белгісіз аса ежелгі дәуірлердегі, одан біршама кейінгі дәуірлердегі архетиптердің (түпкітектердің) түркі тілдері арасындағы бөлінісі жинақтағанда мынадай:
*Т[С/Ш] – алтай семьясына жататын бүкіл тілдер үшін түпкітек.
*тс – шығыс хун бұтағына жататын түркі тілдері үшін түпкітек.
Оның ішінде:
а) *тс – хақас, якут тілдеріне тән.
ә) *тһ (тқ) – алтай тілдерінің диалектілеріне, башқұрт тіліне тән.
б) * т'с'(д'з') – чуваш, башқұрт, түрікмен тілдеріне тән.
в) *дз – қарашай-балқар, башқұрт, татар, азербайжан тілдеріне тән.
*тш – батыс хун бұтағына жататын түркі тілдері үшін түпкітек.
Оның ішінде:
а) *тй(дй) – көне түркі, оғыз, қарлұқ-ұйғыр тілдеріне тән.
ә) *тш – алтай, тува, тофалар, хақас, чулым, шор, татар, қырғыз тілдеріне тән.
б) *дж – қазақ, ноғай, қарақалпақ, қырғыз, татар, башқұрт, қырым татарлары тілдеріне тән.*
Жоғарыда ғылыми жолмен қалпына келтірілген гипотезалық күрделі аффрикаттан жеке жалаң фонемалар, атап айтқанда, т, с, ш қатаңдары мен д, з, ж ұяңдары қалай пайда болған? Бұл сұраққа төмендегі кесте жауап бере алады.
1. *Т[С/Ш]>тс>тһ>тһо> тһø>тø>т.
2. *Т[С/Ш]>тс>отс>øтс>øс>с.
3. *Т[С/Ш]>тш>отш>øтш>øш>ш.
4. *Т[С/Ш]>тс>дз>одз>øдз>øз>з.
5. *Т[С/Ш]>тш>дж>одж>øдж >ж.
6. *т>д.
Кестедегі о, ø таңбалары «бірте-бірте элизияға ұшыраған» деген ұғымды білдіру үшін қолданылып отыр. Осылардың арасында т қатаңы тс аффрикатының екінші жапсары с элизияға ұшырап жойылып кеткеннен кейін пайда болған ең көне фонемалардың бірі. Сондықтан ол (т) тш(ч), _________________________________
* Бұл еңбекте қатаңдар мен ұяңдардың шыққан тегі, түпкітегі қандай дыбыс деген сұраққа ғана жауап қайтарылып отыр. «Дауыссыз дыбыстар сәйкестігі», «Протезалық, эпентезалық, эпитезалық сына дыбыстар», т.б. мәселелер туралы толық мәліметті «Қазақ тілі лексикасы дамуының этимологиялық негіздері» атты монографиямыздан (2005 ж.) алуларымызға болады.

тс(ц) аффрикаттары ұяңдағанда қоса ұяңданған. д ұяңының тікелей т қатаңынан, с, ш қатаңдары мен з, ж ұяңдарының (аффрикаттың алғашқы жапсары элизияға ұшырағанда) тс(ц), тш(ч), дз, дж аффрикаттарынан шығатындығы сондықтан. Енді кестені керісінше құрып, әр жеке фонеманың шыққан тегін, түпкітегін анықталық.
1. д<т<тһ<тс<*Т[С/Ш]. Сонда д ұяңының шыққан тегі т қатаңы болады да, тһ дыбыс тіркесі мен тс(ц) аффрикаты оның арғы тегі болып есептеледі. Ал *Т[С/Ш] – бәріне түпкітек.
2. с <тс<*Т[С/Ш]. 7. т'<т<тһ<тс<<*Т[С/Ш].
3. ш<тш<*Т[С/Ш]. 8. с'<т'с'<тс<<*Т[С/Ш]
4. з<дз<тс<*Т[С/Ш]. 9. д'<т'<т<тһ<тс<<*Т[С/Ш].
5. ж<дж<тш<*Т[С/Ш]. 10. з'<д'з'<т'с'<тс<<*Т[С/Ш].
6. т<тһ<тс<*Т[С/Ш].
Математикада белгісізді белгілілер арқылы табатын мынадай қарапайым әдіс бар. Х+7=15 теңдеуін құралық. Екі сан белгілі, бір сан белгісіз. Теңдеуді былайша қайта құрсақ, мән-мағынасы өзгермейді. Х=15-7. Он бестен 7-ні шегерсек, сегіз саны шығады. Есептің дұрыс немесе бұрыс шыққанын білу үшін табылған санды белгісіз санның орнына қоямыз. Алғашқы теңдеуге қайта оралсақ, 8+7=15; 15=15. Бұл есептің тура шыққанын көрсетеді. Дәл осы әдісті тіл біліміне де қолдануға болады. Әр дыбыстың шыққан тегі, арғы тектері, түпкітегі белгілі болғандықтан, оларды бірінің орнына бірін алмастырып, бұрынғы қалпына келтіруге болады. Мысалы, д ұяңының шыққан тегі т қатаңы болғандықтан, «дізе», «дұз» сөздерін ойланбастан «тізе», «тұз» деп қабылдай аламыз. Осылайша түпкітек ұстанымдарына арқа сүйеп, математикалық логиканы пайдалана отырып, белгілі бір сөздің этимологиясын ашуға әрекет етіп көрелік.
Қазақ үйлерінің есік маңдайшасына қарама-қарсы, төменгі жағындағы жерге, еденге тиіп тұратын көлденең ағашты табалдырық деп атайды. Лексикалық мағынасы көмескіленген көне сөз. Бұрын бұл лексема қандай ұғымда жұмсалған, уәжі қандай десе, ешкім де жауап бере алмас еді. Бұл сөздің құрамында жіңішке дауыстылар жоқ, бірыңғай жуан дауысты. Бірақ екі дыбыс ұяң – б, д. Олардың қатаң жұптары, анығырақ айтқанда, шыққан тектері – п, т. Ал ы-ның көне формасы, шыққан тегі – ұ. Орын-орнына қойсақ, – *тапал*тұрұқ деген ілгері замандарда делексикаланған сөз тіркесі пайда болады. Тапал «аласа» сын есімінің синонимі, диалектілерде қолданылады. Киіз үйді күнде көріп жүрген кісілерге тұрұқ (тұрық) сөзінің «тұрғызылып қойылған тақтайша» екендігін түсіну қиынға соқпайды. Қалпына келтірілген сөз тіркесінің толық мағынасы: тік тұрғызылып қойылған аласа тақтайша. Аталған сөзді бүкіл түркі тілдерімен салыстырып шықсақ та, мұндай нәтиже бермес еді. Шыққан тектерді, арғы тектерді, түпкі тектерді (көбейту кестесін жатқа білгендей) білу қадам басқан сайын аса қажеттікке айналатындығын этимологтарға түсіндіріп жату артық болар.
1.1.2. х, қ, к қатаңдарының, һ, ғ, г ұяңдарының түпкі тегі. Бұлар артикуляциясы жағынан да, акустикасы жағынан да, түп-төркіні жағынан да бір-біріне өте жуық туыс дыбыстар. Сондықтан да аталған дыбыстардың барлығы өзара дыбыс сәйкестіктерін түзеді. х, қ, к қатаңдарының, һ, ғ, г ұяңдарының ең ескісі – һ. Себебі, тілдің өзі қаншалықты көне болса, һ дауыссызы да соншалықты көне. Бұл дыбыстық одағайлардың құрамында сақталуы – осы пікірдің толық дәлелі. Тілшілердің бір ауызды пікірі бойынша, одағайлар ең алғаш пайда болған сөздердің қатарына жатады. Тағы бір ерекшелігі, а дауыстысының айтылуында қандай еркіндік болса, ежелгі һ дауыссызының айтылуында да сондай еркіндік бар. Бұл да оның байырғылығын көрсететін қасиет.
Һ дауыссызы түркі тілдерінде ғана емес, бүкіл дүние жүзі тілдерінде кездеседі. Бұл дыбыстың артикуляциялық-акустикалық сипаты туралы фонетист Ж.Аралбаев былай деп жазады: «жалпы фонетика тамақ арқылы жасалатын дыбыстардың екі түрін көрсетеді: оның бірі – фарингаль (қазақшасы – жұтқыншақ), екіншісі – ларингаль (қазақшасы – көмей) дыбыстар. Фарингаль дыбыстар жұтқыншақтан, жұтқыншақ қуысының тарылуынан пайда болады, яғни фарингаль дыбыстарды айтқанымызда тілдің артқы түбі жұтқыншақ – фаринкс қабырғасына тиер-тимес болып жуысады, осыдан барып жұтқыншақ түтігі тараяды. Сол жұтқыншақ қуысының тараятын жеріне қарап жоғарғы және төменгі фарингаль дыбыстар болып екі түрге жіктеледі. Жоғары фарингаль дыбыстар күншығыс семит-хамит тілдерінде жиі ұшырайды. Ал төменгі фарингаль дыбыстары қазіргі ағылшын, неміс тілдерінде байқалады (мәселен, немісше – haben, halten). Фарингал дыбыстардың қатаң-ұяң, шұғыл-ызың сияқты түрлері болады (1, 56-61 б.).
Ларингаль дыбыстар тамақтағы дауыс түтігі арқылы пайда болған салдырдан, дауыс шымылдығының бір-бірімен жабысып, кенет ашылуынан пайда болады. Оларды екі сөзбен – көмей шұғылдары деп атаймыз. Көмей шұғылдары түркі, моңғол тілдерінде байқалмайды. Ларингаль дыбыстардың өзгеше бір түрі – қазіргі грузин, авар тілдерінде кездесетін шұғыл көмейлері, олар үнемі қатаң болып айтылады. Ал қазақ тіліндегі һ дыбысына келсек, бұл жөнінде мынаны айтуға болады: спирант һ дыбысын айтқанымызда тілдің түбі фаринкс қабырғасына жуысады да, содан жұтқыншақ қуысы тараяды. Сондықтан қазақ тілінде һ спирантын фарингаль дыбысқа жатқызу дұрыс деп табамыз (2, 64-б.). Олай болса, қазақ тіліндегі һ-ні фарингаль, ларингаль дауыссыздары дамуының белгілі бір буыны деп есептеуіміз керек.
Түркі тілдерінде (атап айтқанда, чуваш, хақас, якут, т.б. тілдерде), сондай-ақ моңғол, тұңғыс-манчжур тілдерінде қатаң х дыбысы ұшырайды. Лингвистер аталған тілдердегі бұл құбылысты шұғыл қатаң фонема қ-ның спирант қатаң фонема х-ға ауысуы деп түсінеді. Бұл – бір жағынан, қ дауыссызының аса жиі және басым қолданылуына байланысты жасалған тұжырым. Және, екінші жағынан, фонетикалық заңдылықтардың себебінен қ-ның х-ға ауысуын жоққа шығаруға да болмайды. Сонымен бірге бұл жерде фонетикалық заңдылықтармен қатар фонологиялық заңдылықтардың қабаттасқан жағдайларын да ескеру керек. Тарихқа белгісіз ежелгі дәуірлерде түпкітек – ата тілде х дауыссызы болып, оның ұштығын (сарқыншағын) кейбір алтай тілдері сақтап қалмады ма екен деген ой келеді. Типологиялық жағынан алғанда, дүние жүзі тілдерінде бұл дыбыс бар. Барлық дауыстылар мен дауыссыздар дүние жүзі тілдеріне негізінен ортақ болғанда х дауыссызы түркі тілдеріне неге ортақ болмасқа?! Жалпы алғанда, қатаң х – ларингаль, фарингаль Һ дауыссызы аллофондарының бірі. Ол артикуляциясы мен акустикасы жағынан, қ дауыссызына қарағанда, һ-ге бір табан жақын.
Әуел баста эмоционалдық сезімдер (қорқу, қуану, ренжу, күрсіну, жөтелу, ауыру, сырқырау, т.б.) көмейден айтылса, – ларингаль, жұтқыншақ арқылы айтылса, – фарингаль болып есептелетін Һ дыбысын жарыққа шығарады. Бұл дыбыс уақыт өте келе фонемалық жүк арқалай бастайды. Алғашқы адамдардың көкірек-көмейінен шығатын дыбыстар сөйлеудің басты мүшесі – тіл іске қосылғаннан кейін бірте-бірте күрделенеді. Фонемалар сонау көкірек-көмейден тіл алдынан айтылатын дәрежеге жеткенше, неше сатыдан өтеді. Сан ғасырлар артта қалғандықтан дыбыстардың эволюциясын тап басып дәл айту мүмкін емес. Солай бола тұрса да, фонемалардың өзгеру динамикасы, қалыптасу логикасы көкірек-көмей дауыссызының уақыт өте келе жұтқыншаққа, одан тіл арты мен тіл ортасына жылжуын эволюциялық дамудың анық та айқын көрсеткіші ретінде қабылдауымызға мүмкіндік береді. Һ дауыссызының даму жолын былайша кестеге түсіруге болады:

*Һ >
Һ1 (көмей) > > x
> һ
Һ2 (жұтқыншақ) > > к>г
> қ >ғ >(г)

Кесте түпкітек көкірек-көмей дауыссызынан (*Һ) көмей (ларингаль) және жұтқыншақ (фарингаль) дауыссызының – һ1, һ2 аллофондарының – шыққандығын көрсетеді, келесі саты һ1 аллофондарынан х мен һ фонемаларының тікелей пайда болғандығын байқатса, һ2 аллофонынан к, қ фонемаларының пайда болғандығын аңлатады. Шығу тегі бір болғандықтан бұл фонемалар бір-бірімен оңай алмасады. Мысалы, бір ғана кісі аты түркі тілдерінде Ибраһим болса, орыс тілінде Ибрахим, Ибрагим болып жазыла береді. Бұдан һ~х~г сәйкестігі түзіліп тұр. Һ дауыссызы әлем тілдерінде кездесетін болғандықтан, жоғарыдағы кесте де әлем тілдеріндегі ортақ эволюциялық дамуды бейнелей алады. Түпкітек табу кестесі:
1. х<һ1 (көмей) < *Һ
2. һ< һ1 (көмей) < *Һ.
3. г<к<һ2 (жұтқыншақ) < *Һ.
4. ғ<қ< һ2 (жұтқыншақ) < *Һ.
5. к< һ2 (жұтқыншақ) < *Һ.
6. қ< һ2 (жұтқыншақ) < *Һ.
К-ден г фонологиялық жолмен туындаса, ғ-дан г фонетикалық жолмен туындаған. Осы себепті к мен г оппозициялық қатынаста болса, ғ мен г мұндай қатынаста бола алмайды. Сол үшін оны жақша ішіне алдық.
Көмей дыбысынан пайда болған х, һ, к, г, қ, ғ фонемаларының ең басты ерекшелігі – бірде кәдуілгідей фонемалық қызмет, бірде сөз басында протезалық, сөз ортасында эпентезалық, сөз аяғында эпитезалық қызмет атқаратындығында. Бұлар протезалық, эпентезалық, эпитезалық қызмет атқарғанда фонемалық жүк арқаламайды, тек дауысты дыбыстардың бір-бірімен тоғысып кетпеуіне ғана ықпал жасайды. Бұған келесі тарауларда арнайы тоқталамыз.
1.1.3. р, л, н, м, ң, й, у үнділерінің түпкітектері. Үнді (сонор) дауыссыздар өзге дауыссыздарға қарағанда көп аса өзгеріске ұшырай бермейді. Тарихтың бүкіл өн бойында өздерінің негізгі артикуляциялық, акустикалық сапаларын сақтайды. Азын-аулақ өзгерістерді былайша сипаттауға болады.
1.1.3.1. р, л үнділерінің түпкітегі. Бұлар – физикалық сапасы, жасалу сипаты жағынан бір-біріне өте жақын дыбыстар. Тектестігі өзара оңай алмаса беретіндігінен де көрінеді. Мысалы, қазақ тілінде шұңқыр (қазылған, ойылған жер, шұқыр)~щұңғыл (түбі терең, шұңқыр) сөздерін бір-бірімен салыстырсақ, р-дің л-ге ауысқандығын бірден байқауға болады. Мағыналарындағы өзгерістер де елеусіз, ортақ семалары сақталған. Географиялық Түлкібас атауы бір кезде Түркібасы болып айтылған. Мұны тарихшы ретінде академик В.Бартольд өз уағында дәлелдеп берген-ді. Қазақ тіліндегі Үркер (Торпақ шоқжұлдызының құрамына енетін топтанған жұлдыз шоғыры) жұлдызы көне түркі тілінде Үлкәр (ДТС, 625) аталады. Латынь тіліндегі феврарь орыс тілінде – февраль. Араб тіліндегі зарар қазақ тілінде – залал (зиян, зарар, кесір). Орыс тілінде – соль, қазақ тілінде сор (аяқ батып кететін тұзды батпақ; тұз ерітіндісінен қалған ақ таңдақ белгі). Мағыналарында азын-аулақ ауытқушылық болғанымен, түп-төркіні бір екендігінде шүбә жоқ.
Бурят-моңғол тілінде кейбір сөздерді л-мен айтса да, р-мен айтса да, сөз мағынасына ешқандай нұқсан келмейді. Мысалы, сууряан~сууляан (громкий, ясный звук), аршуур~аршуул (тряпка), үргэн~үлгэн (широкий, ширь, широкий) (112-б.). Тараз қаласының Талас өзенінің бойына салынғаны тарихтан белгілі. Қала ретінде Тараз атауының, өзен ретінде Талас атауының әр түрлі сөздермен тіркесетіні белгілі. Дистрибуция бірте-бірте с-ні з-ге, р-ді л-ге айналдырған. Әйтпесе, екеуі де Тарас болуға тиіс болатын. Ежелгі Тарас атауын Ұлы қоныс аудару заманында Украинаға қыпшақтар алып баруы әбден мүмкін. Әйгілі есімдер – Тарас Бульба, Тарас Шевченко – осы пікірге куәлік береді.
Түркологтар р-ді ең ескі дыбыстардың қатарына қосады. Татар ғалымы Р.Г.Ахметьянов сан алуан этимологиялық ізденістерге арқа сүйей отырып, моңғол, тұңғыс-манчжур, чуваш тілдеріндегі р-ді архетип (түбіртек) деп таниды (3. 129-б.). Шындығында, сонор л-дің сонор р-ден шыққандығы тарихи факт. Тіпті қазақ тіліндегі шұңқыр зат есімін шұңғыл сын есімінен кейін шықты деп айта алмаймыз. Сайып келгенде, л – р-дің бір замандағы аллофоны. Фонологиялық тұрғыдан алғанда, тектес осы екі дыбыстың түпкітегі – *Р.
1.1.3.2. Н, М, Ң үнділерінің түпкі тегі. Тарихқа белгісіз аса ежелгі дәуірлерде н фонемасынан әр түрлі ішкі, сыртқы себептердің әсерінен м аллофоны пайда болған. Тарихи ескерткіштерде н-нің м-ге айналғанын айғақтайтын кейбір фактілер сақталып қалған. Мысалы, унутмақ (забывать) (4.377) қазіргі қазақ тілінде – ұмытпақ. Орыс тілінде – на, қазақ тілінде – мә. Бұл ретте н-мен қатарлас келгенде п фонемасының тигізген әсері де (Жанпейіс>Жампейіс, Құрманбек>Құрмамбек, т.б.) аз болмаса керек. Еріндік дауыссыздардың барлығы (ф, в, п, б) тарихи тұрғыдан кейін пайда болған. м де еріндіктердің қатарына жатады. Тіл ұшынан айтылатын н-нің даму барысында еріндік м-ге айналуы – дауыстылар мен дауыссыздардың тіл артынан тіл алдына қарай жылжу процесімен үйлесетін – фонологиялық заңдылық.
Түркі тілдерінде кейінірек н фонемасынан қ, к фонемаларының тигізген әсерінен мұрын жолды ң фонемасы пайда болған. Анығырақ айтқанда, түбірлер мен қосымшаларда кездесетін ң дыбысын бір заманда н-нің өзгерген түрі немесе аллофоны деп түсінген жөн. Уақыт өте келе бұл аллофон фонологиялық жүк арқалаудың салдарынан тұрақтанып, белсенді фонемалардың қатарына қосылған (1. 63-67-б.). Тіпті м аллофоннан фонема болып әбден қалыптасқаннан соң бірсыпыра сөздердің құрамындағы б дауыссызын ығыстырған. м-нің де, б-нің де еріннің бір-біріне жабысуынан жасалуы бұған себепші болған. б-нің м-ге ауысуы – м фонемасының пайда болуынан әлдеқайда кейін пайда болған құбылыс. Қорыта айтқанда, м-нің де, н-нің де түпкітегі – *Н. Кестесі:
1. *Н>м. 1. м<*Н.
2. *Н>ң. 2. ң <*Н.

1.1.3.3. й, у үнділерінің түпкітегі. Бірінші буынның соңғы дыбысы, екінші буынның алғашқы дыбысы дауысты болып, бір-бірімен тіркесуіне тура келгенде, араларына әрдайым сына дыбыстар қажет болған. Мысалы, лексикалық мағына беретін де (орыс тілінде до) буыны мен грамматикалық мағына беретін –ін буыны бір-біріне біріккен жағдайда, сына дыбыс болмаса, мына екі форманың біріне айналады: не ден, не дін. Себебі, екі дауыстының бірі екіншісін ығыстырып шығарады. Мұндай жағдайда сыналық – эпентезалық қызмет атқаруға таза, салдырсыз дыбысталатын и, у дауыстылары бейім болған. Де және ін буындарының аралығына эпентезалық и дыбысын қыстырсақ, де+й+ін шылауы пайда болады. Қа және ақ буындары бір-бірімен біріксе, қақ формасы туындар еді. Ал араларына у дауыстысы қыстырылса, қа+у+ақ сөзі пайда болады. Оның мағынасы – әр түрлі ыдыс жасау үшін өсірілетін бақша өсімдігі. Жарыса қолданылатын сағат~сәт, қабат~қат, тағам~дәм сөздерінен осы сына құбылыстың тілімізде бар екендігін анық байқаймыз. Таза, салдырсыз дыбысталатын и мен у екі дауыстының аралығында эпентезалық қызмет атқара-атқара ақырында й, у үнді дауыстыларына айналған. Эпентезалық қызмет атқарғанда бұлар ешқашан ешқандай фонологиялық жүк арқаламайды. Таза, салдырсыз дыбысталатын и мен у-дың даму кестесі:
1. *И>й. 1. й<*И.
2. *У> ў 2. ў < *И.
Мұны таза, салдырсыз дыбысталатын и мен у-дың жаңа сапалы үнді й, у дауыссыздарына айналуы деп түсінеміз.
1.1.3.4. ў үнді дыбысының одан әрі дамуы. п, б, ф, в дауыссыздарының түпкітегі. Түп-төркіні бір, акустикалық-артикуляциялық табиғаты ұқсас болғандықтан т~д, с~з, қ~г, к~г қатаң-ұяңдары бір-бірімен емін-еркін ауыса береді. Бұл топқа п~б қатаң-ұяңдары да қосылады. Қазақ диалектілерінде – палуан~балуан, пал~бал, пұта~бұта, болат~полат, бүтін~пүтін т.б. Түрікмен диалектілерінде – пішір~бішір, қарақалпақ тілінде – пал~бал, пычақ~бычақ, алтай диалектілерінде – пала~бала, паш~баш т.б.
Сөз ортасында екі дауыстының аралығында б дыбысы кейбір түркі тілдерінде в дыбысына да алмасады: «*таба (скворода) > уйг. тава, узб. това; *табыш (звук, голос) > тат. тавыш, башк. тавь, кум. тавуш, туркм. тавуш, ног. тавьс; *йабыз (злой) > тат. йавьз, к-калп. жавьз, узб. йовуз» (5. с.43). Демек, п~б~в бүкіл түркі тілдері көлемінде алғанда диалектаралық сәйкестік түзеді.
Қазіргі тілдерде кездесетін п~б~в сәйкестігінің қатарына ғылыми зерттеулерде сонор ў дыбысы көбіне қосыла бермейді. Н.А.Баскаковтың соңғы еңбектерінде ғана бұл кемшілік түзетілген. Ол п, б, в, ф, ў дыбыстарын п дыбысының аллофондары деп қарайды (6. с.98).
Үнді ў дыбысының п, б, в дыбыстарымен тектестігін дәлелдейтін фактілер жеткілікті. Бірінші. п дауыссызы ў сонорымен мына жағдайда еркін ауысады: «Қосымша басталатын дауыстының ықпалынан түбір сөз аяғындағы п қатаңы ў сонорымен алмасады: тап+ып>тауып, шап+ып>шауып т.б. (7. 253-298-б.). Бұл факті осы кезге дейін п мен ў-дың фонологиялық табиғаты бір екендігінің мысалы ретінде қарастырылмай, жай атала салады. Егер тектес болмаса бұл дыбыстар бір-бірімен алмаса алмас еді.
Екінші. Көне түркі жазба ескерткіштерінде бірқатар сөздердің құрамындағы б (немесе п) қазіргі тілімізде сонор ў-ге айналған. Мысалы, аб (охота на зверей) (ДТС, І) ~ аў (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде): аўға шықты. Сөйл. Аң аулауға, құс атуға барды. Әр екі-үш күнде ауға шығатын едім. – В.Радлов. Сөздік); қубар (қуар, ағар) (8. 138-б.) ~ құўар (күнге күю, қурау, құрғау; бозару, қуқылдану); қуван (қуан) (8. 138-б.) ~ құўан (бірдеңеге мәз болу, қуанышқа бөлену, шаттану), т.б.
Үшінші. п~б~ў сәйкестігі негізінде бір кезде варианттас болған сөздер стилистикалық-функционалдық немесе лексикалық-семантикалық өң алғаннан кейін әдеби тілде, яки диалектілерде жарыса қолданылады. Мысалы, қабақ (әр түрлі ыдыс ету үшін өсірілетін бақша өсімдігі) ~ қауақ (қабақтан жасалған ыдыс); кебек (үңгір, қуыс) ~ кеуек (қоянның жатағы, іні); дыбыс (дауыс, үн) ~ дауыс (дыбыс, үн); қабыстыр (екі қолды бір-біріне жабыстыру) ~ қауыстыр (ұшырастыру, кездестіру, жолығыстыру) ~ қол қуўсыр (екі қолын кеудесіне қойып тәжім етті; құрмет қылды); жұбан (жылағанды қою, уану, тыншығу) ~ ұўан (жылағанын қоя қою, жұбану), т.б. (1.53-б.)
Төртінші. Жоғарыдағы мысалдардан қазіргі кезде п, б дыбыстарының ў сонорына айналып, қалыптасқанын байқасақ, тарихи тұрғыдан, керісінше, ў үндісінің п-ге өзгеріп, ауысқанын көреміз. Тұйық етістік жұрнағы у мен ү орхон-енисей ескерткіштерінде осы заманғы көсемше етістіктің -ып, -іп жұрнақтарының орнында пайдаланылған. Мысалы, аңар көрү білің түрк амты будун беглер (қазіргі түркі халқының бектері, оны [мәңгі тастағы жазуды] көріп, біліңдер); ілгерү Қадырқан йышқа тегү кірү Темір қапығқа тегі қонтурмыс (ілгері Қадырқан жынысына дейін кіріп, Темір қақпаға дейін қоныстандырды); түрк будун өлүрейін улуғсыратайын тір ерміс йоқаду барыр ерміс (түрік халқы жоғалайын, ұрықсыз қалайын деп еді, жоғалып бара жатыр еді). Осы мысалдардағы көрү~көріп, кірү~кіріп, йоқаду~жоғалып түрінде аударылады. Яғни ү мен -іп, у мен -ып тең. Екі түрлі форма болса да, атқаратын қызметі – көсемшелік.
Ежелгі дәуірлерде оқиғаның анық, дәл, нақты болғанын, қалай өткенін білдіру қажеттігі туған жағдайда -у тұлғалы көсемшеге -ан/-ен жұрнағы қосылатын болған. Бұл позициялық өзгеріс -у тұлғасын п немесе б-ге айналдырып жіберген. Мысалы, Кісі оғлынта үзә ечүм апам Бумын қаған Істеми қаған олурмуш. Олурыпан турк будуның ілін тө(рүс)ін тута бірміс (Адамзат баласының үстінде (патша болып) Бумын қаған, Істемі қаған отырды. Отырып, түрік халқының елін, дәстүрін тұтты, жетілдірді); Бөклі чөл(л)іг іл табғач түбүт апар пурум қарқаз үч қурықан, отыз татар қытан татабы бунча будун келіпен сығтамыс (Бөклі шөліндегі елдер табғач, тибет, авар, ұрым, қырғыз, үч қурықан, отыз татар, кидан, татабы – мұнша халық келіп, жылап-сықтады, жоқтады). Осы мысалдардағы олур+ып+ан, кел+іп+ен көсемшелері -ан/-ен жұрнағы қосылмаса, олур+у, кел+ү сипатында тұлғаланған болар еді. Мұндай фактілер орхон-енисей ескерткіштері тілінде аз бола тұрса да, сонор ў-дың қатаң п-ға, немесе ұяң б-ге айналуын тайға таңба басқандай дәлелдейді. Және бұл «п мен б дыбыстары тарихи даму барысында ў сонорынан пайда болған» деген пікірге негіз болып қаланады. Көсемше жұрнақтарының (-ып/-іп) алдынан қосылатын ы мен і – сына дауыстылар. Орхон-енисей ескерткіштерінде көсемше қызметін атқарған у мен ү ішкі факторлардың себебінен п мен б-ге айналғаннан кейін, оларға -ан/-ен жұрнағы қоылмаса да, бірте-бірте тұрақтанған (1. 53-54-б.).
Орта ғасыр ескерткіштерінің тілінде қатаң п-ның сонор ў-дан пайда болғандығын айғақтайтын тағы бір факті кездеседі. Ол – п мен сонор ў-дың аралығында айтылатын ْy[Ф/П] дыбысы. Бұл дыбыс арабша таңбасымен таңбаланып, Жүсіп Баласағұнидің «Құтадғу билиг», Рабғузидің «Қисас-ул анбийа», Махмуд бин Али ас-Сараидың «Нахдж-ул Фарадикс», Қутбтың «Хұсрау уа Ширин» әдеби жәдігерліктерінде, аты белгісіз автордың «Орта азиялық тәпсирінде» пайдаланылған. Мұны көне түркі тілінің сөздігін жасаушылар (ДТС) п, ф таңбаларымен, Э.Н.Наджип ْy таңбасымен транскрипциялайды. Біз осы үш таңбаны біріктіріп, ْy[Ф/П] түрінде ғылыми айналымға қостық.
Аталған ескерткіштердегі тілдік фактілер п, б, в, ْy[Ф/П] дауыссыздарының генетикалық жағынан туыс екендігін, тектестігін шүбәсіз дәлелдейді. Мысалдар: қыпчақ~ қы ْyчақ (қыфчақ) ~ қывчақ (этникалық атау); суб~су ْy yy(суф) ~сув(су); опрақ~оўрақ(офрақ) (ескі, киілген); убут ~увут~у ْy ут (ұят); йалбар~йал ْy ар(йалфар)~йалвар (жалбарын); чаб~чав(даңқ); себ~се ْy (сеф)~сев (сүй); йабыз~йа ْy ыз (йафыз)~йавыз(жауыз); йабаш~йаваш (жуыс); қабса-~қапса-~қавса(қорша-); өпка~өбка~ө ْyка(өфка)~өвка (өкпе); өп~өб~өв(сүй); упқа~йубқа~йувқа (жұқа) т.б. (ДТС). Мұндағы кейбір варианттарда ْy[Ф/П]~п~б~в сәйкестігі толық кездессе, кейбіреулерінен жартылай ғана табылады: ْy[Ф/П]~п~в, п~б~в, ْy[Ф/П]~п, б~в т.б. Бұлар бір кездегі бір фонеманың аллофоны болғандықтан, варианттар құрамында бір-біріне ауысқанымен сөздің мағынасына ешқандай нұқсан келмейді.
Бұл дыбыстардың төркіндес екендігін қазіргі қазақ тілі материалдары да құптайды: «Екі дауысты дыбыстың аралығында (сөз тіркесінде немесе бір сөз ішінде), кейбір дауыссыздардан (д, ж, с, ш) кейін б>в болып (б мен в дыбыстарының аралығында немесе б-дан гөрі в-ға жуығырақ) айтылады. Мысалы, абай бол, қара бала, қаға беріс дегендерде б айтылады; тепсіну>тебсіну, тепшу>тебшу сипаттас сөздердегі б дыбысы кейде ф дыбысына да ұқсап кетеді» (9. 16-24-б.). «б шұғылының (б мен в аралығында кездесетін) спиранттық варианты қазіргі ноғай және қырғыз тілдерінде де ұшырайды» (2. 45-б.).
Еріннің бір-біріне жуысуынан жасалатын ызың ауыз жолды сонор ْў неліктен түркологияда ұзақ уақыт бойы п~б~в сәйкестігінің сапынан орын ала алмады? Себеп мынада. Бұл дыбыс бірде дауысты, бірде дауыссыз болып саналғанымен, этимологиясына көңіл бөлінбеді. Эволюциялық даму жолы назардан тыс қалды. Қазақ тілінде жүйесі бөлек тілдердегідей таза айтылатын у дауыстысы жоқ. Бұл дыбыс дауыссыздардан кейін дифтонг түрінде, дауыстылардан кейін сонор ў түрінде естіледі; дауысты екінші көмескі компоненті фонетика жағдайына қарай ұ мен ү, ал екінші көмескі компоненті – сонор ў (тау) – өте келте айтылады» (Аралбаев, 1988. 36-б.). Мысалдар: сұў, бұў, тұў, рұў, нұў, қауын, жауын, сауын, бау, демеу, егеу, т.б. Осы айтылғанның өзінен-ақ дауысты у-дың үш түрлі күйін (таза, қоспасыз у, дифтонг -ұў, үў, сонор ў ) аңғарамыз. Бұған орта ғасырларда түркі тілдерінде болған ْy[Ф/П] дыбысын қоссақ, аллофон саны төртке жетеді. ْy[Ф/П] аллофоны уақытша құбылыс ретінде тілден шығып қалған. Әрине, біз ْy[Ф/П] аллофоны сияқты ұмытылған фонетикалық-фонологиялық буындарды біле бермейміз. Алайда қолда бар фактілердің негізінде еріннің бір-біріне нық жабысып, кенет ашылуынан жасалатын шұғыл қатаң п-ны, сонор ў мен қалдығы орта ғасырларға келіп жеткен (ў, ф, п дыбыстарының аралығындағы) аллофонның одан әрі дамуы, жалғасы деп түсінеміз. Сонда өзгеру, қалыптасу кестесі былайша бейнеленеді: у>ў> ْy[Ф/П]>п. Мұның сыртында ұу, үу дифтонгісі де, м соноры да, өзге тілдерден келген деп есептелетін ф дауыссызы да белгілі бір дәрежеде қоспасыз таза айтылатын у дауыстысының қатысуымен жасалған күрделі элементтер ( 1.51-52-б.).
Бір замандағы таза у дауыстысының даму логикасы екі ұзақ кезеңді басынан өткізгенін аян етеді: бірінші кезең – қатаңдану кезеңі; яғни дауыстыдан сонорға, сонордан жартылай қатаңға, жартылай қатаңнан қатаңға ауысу (диахрониялық) кезеңі болса, екінші кезең – қатаңнан ұяңға ауысу (синхрониялық) кезеңі, яғни п>б>в.
Ежелгі түркі тілдерінде сөз басында, сөз соңында дауыссыздардың қатаң айтылуы сонор ў-ды сөз басында п түрінде айтылуды талап етеді. Дауысты (таза) у-дың дауыссыздардың қызметін атқаруға икемді табиғаты бүкіл эволюциялық процесті осылайша шешеді. Топтастырып, басын біріктірсек:
І. у> ў > ْy[Ф/П]>п;
ІІ. п>б>(в).
Соңғы п~б~(в) сәйкестігінің пайда болуы (яғни барлық қатаңдардың ұяңдануы) кем дегенде он мың жылды талап етсе, ْy дыбысының қатаң п дауыссызына айналуы үшін бағза заманда қанша уақыт кеткенін болжамдаудың өзі мүмкін емес. Бұл дыбыстардың бүкіл даму эволюциясын кесте арқылы бейнелесек:


ІІІ. *У> ў > ْy[Ф/П] >

ф>в

п>б>(в)

Кестедегі жақшаға алынбаған в фонологиялық дамудың нәтижесінде, жақшаға алынған (в) фонетикалық дамудың нәтижесінде пайда болғанын көрсетеді. Енді кестені керісінше құрып, әр жеке фонеманың шыққан тегін, арғы тегін, түпкі тегін анықталық.
1. в<ф< ْy[Ф/П]< ў <*У.
2. ф< ْy[Ф/П]< ў <*У.
3. б<п< ْy[Ф/П]< ў <*У.
4. п< ْy[Ф/П]< ў <*У.
Сонымен біз бұл тарауда түркі тілдеріндегі барлық дауыссыздардың шыққан тегін, түпкі тегін анықтадық. Жинақталғанда жеті қатаң, жеті ұяң, жеті үнді (сонор) бар екендігі анықталды. Олар:
І. Қатаңдар
1. т<тһ<тс<*Т[С/Ш].
2. c<тс<*Т[С/Ш].
3. ш<тш<*Т[С/Ш].
4. х<h1 (көмей)<*Һ.
5. к<Һ2(жұтқыншақ) <*Һ.
6. қ< һ2 (жұтқыншақ) < *Һ.
7. п< ْy[Ф/П]<ў <*У.

ІІ. Ұяңдар
1. д<т<тһ<тс<*Т[С/Ш].
2. з<дз<тс<*Т[С/Ш].
3. ж<дж<тш<*Т[С/Ш].
4. һ< һ1 (көмей) < *Һ
5. г<к<һ2 (жұтқыншақ) < *Һ.
6. ғ<қ< һ2 (жұтқыншақ) < *Һ.
7. б<п< ْy[Ф/П]< ў <*У

ІІІ. Үнділер

1. л<*Р. 1. *Р1>Р.
2. м<*Н. 2. *Р2>л.
3. ң<*Н. 3. *Н1>н.
4. н<*Н. 4. *Н2>м.
5. ў<*У. 5. *Н3>ң.
6. й<*И. 6. *И>й
7. р<*Р. 7. *У> ў.

Осы келтірілген сәйкестіктер жүйесінің сөздердің түп-төркінін (этимологиясын) ашуда көмегі орасан зор. Кейде бір-ақ дыбыстың жаңаруы лексикалық мағынаны көмескілендіріп жібереді (мысалы, жоғарыда келтірілген табал<тапал (аласа)). Қатаңдардың да, ұяңдардың да, үнділердің де бүкіл болмыс-табиғатын, даму эволюциясын терең меңгеріп алғаннан кейін, бір дыбысты екіншісімен алгебрадағыдай алмастырып, этимологиялық ізденістер жасауға болады.

Пайдалануға ұсынылатын әдебиеттер тізімі:
1. Сағындықұлы Б. Қазақ тілі лексикасы дамуының этимологиялық негіздері. Алматы, «Қазақ университеті», 2005.
2. Аралбаев Ж.А. Вокализм казахского языка (Очерки по экспериментальной фонетике и фонологии). Алма-Ата, 1970.
3. Ахметьянов Р.Г. К вопросу о природе звуковых переходов в тюркских языках (О переходе r~z) // Вопросы языкознания. 1961. №6.
4. Наджип Э.Н. Историко-сравнительный словарь тюркских языков XIV века. Книга І. М., 1979.
5. Серебренников Б.А., Гаджиева Н.З. Сравнительно-историческая грамматика тюркских языков. Баку, 1979; М., 1986.
6. Историко-типологическая фонология тюркских языков. М., 1988.
7. Кеңесбаев І., Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі. Лексика, фонетика. Алматы, 1962.
8. Ибатов А. «Қутбтың «Хуcрау уа Шірін» поэмасының сөздігі. Алматы, «Ғылым», 1971.
9. Неталиева Қ. Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігі. Алматы, 1977.
10. Мырзабеков М. Қазіргі қазақ тілі фонетикасы. Алматы, «Қазақ университеті», 1997.
11. Щербак А.М. Сравнительная фонетика тюркских языков. Л., 1970.
12. Ахмед Йүгінеки. Ақиқат сыйы. Алматы, «Ғылым» баспасы, 1985.
13. Айдаров Г. Язык орхонских памятников древнетюркской письменности VІІ века. Алма-Ата, 1971.
14. Древнетюркский словарь. Л., «Наука», 1969.
15. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. 1-10 тт. Алматы, 1974-1986.