Адам Смит өмірбаяны

Адам Смит, ағылш. Adam Smith (5.6. 1723, Керколди, Шотландия — 17.7.1790, Эдинбург) — британ экономисі, философ; шоқындырылған және 5 маусымда(16 маусым) 1723 туылған, Керколди — 17 шілде 1790, Эдинбург) – шотландық экономист, философ- этик, қазiргi экономикалық теорияның негізін қалаушылардың бірі. Шотландиялық кеден қызметкері отбасында дүниеге келген. Глазго мен Оксфорд университеттерінде білім алған. Глазго ун-тінде адамгершілік философиясының (шындығында қоғамдық ғылым) проф., өмірінің соңғы жылдары Эдинбургте ірі кеден қызметкері болды. “Адамгершілік сезімдер теориясы” (1759) және “Халық байлығының табиғаты мен себептері туралы зерттеу” (1776) атты күрделі кітаптар жазған. Соңғы кітап 18 ғ-да жарық көрген ең елеулі туындылардың бірінен саналады. Смит өзінен бұрын өмір сүрген ғалымдардың идеяларын қорытындылап, экономика ғылымының категориялары, әдістері мен ұстанымдары жүйесін жасады, ол Ұлыбритания мен басқа да Еуропа елдерінде капитализмнің дамуына шешуші ықпал етті. Смиттің кейбір қағидалары күні бүгінге дейін маңызын жойған жоқ. Ол Маркске дейінгі ғылымда да, маркстік ғылымда да классикалық саяси экономияның негізін қалаушы және аса көрнекті өкілі ретінде саналады.

Смит еңбек құны (құндылық) теориясының қарапайым қағидаларын мойындады, бірақ ол тек қарабайыр күйінде ғана, өндіріс құрал-жабдығы ретінде түсінілетін капиталдың еңбек үдерісінде болмашы рөл атқаратын кезінде ғана тауар айырбасын реттейді деп есептеді. Смит жүйесінде қоғам үш таптан — капиталистерден, жалдамалы жұмысшылардан және егіншілерден тұрады, мұнда ол егіншілердің, сондай-ақ өзі өнімсіз еңбек өкілдері деп есептеген халық топтарының, атап айтқанда, үй қызметшілері мен қоғамдық қызмет көрсету саласы жұмыскерлерінің, мемл. басқару қызметкерлерінің қоғамдағы рөліне сын көзбен қарады. Ол халық ш-н объективті даму заңдарына бағынатын жүйе деп есептеді, өндіріске қатысушылардың еркін бәсеке арқылы тиімді түрде жүзеге асырылатын меншіктік мүддесі (бас пайдасы) ілгерілеудің ең басты қозғаушысы деп санады. Әдетте, бәсекені шектеу және монополия экон. өрлеуге, халықтың материалдық жағдайын жақсартуға (“халықтың байлығын” арттыруға) бөгет жасайды. Ол мемлекеттің экономика рөлін теріске шығармады, бірақ оны “ойын ережелерін” қадағалау міндеттерімен шектеуді ұсынды. Ол теориялық жүйе және мемлекеттік саясат ретіндегі меркантилизмді қатты сынға алды. Cмиттің ілімі Ұлыбританияда және басқа бірқатар мемлекеттерде капитализмнің даму қажеттеріне сай келетін ішкі және сыртқы экономикалық саясат ұстанымдарының қалыптасуында елеулі рөл атқарды. Ресейде ол басыбайлылық құқықты жою үшін дәйекті дәлел көздері ретінде пайдаланылды. Смит салық салудың, банк жүйесінің, сыртқы сауда саясатының ұтымды қағидаларын әзірлеуге де елеулі еңбек сіңірді.