Жүйрік атты қалай баптайды?

Ат баптау – атадан қалған асыл өнер. Қазақ халқы «жүйрікте де жүйрік бар, бабына қарай жүгірер», «ат шаппайды, бап шабады», «бақ шаппайды, бап шабады», деп жүйрік атты баптаудың қаншалықты маңызды екендігін айтқан. Олай болса ат баптау өнеріне қатысты Бекен Қайратұлының «Қазақтың атбегілік өнері» кітабынан үзінді ұсынғанды жөн санап отырмыз.
• Тер буып бабы бұзылған жағдайда жүйріктің жүні жығылып түсі шаңбозаң тартып, тер ақпай қиналады. Бұны кейде «жел тиді» деп те айтады. Бұндай күйге түскен жүйрікті қинап терлетеді де, тері шыққан соң арнайы орнатылған шатырға кіргізіп (жел тимес үшін) терін қырғышпен сыпырады. Бірақ бұл орайда, табиғи түрде тері аз шығатын аттар да болатынын білген жөн. Бұндай жылқыларды қинамау керек. Терін алған соң 3-4 күн қатарынан еңіс жерге қинамай шаптырып, бабына келтіреді.
• Тынысы ашылмай қиналған жылқыны бабына келтіру үшін (табиғи тынысын ашу үшін) 3-4 күн қатарынан еңіске салып, өзінің ығымен ешбір қинамай шаптырған дұрыс. Сонда ғана өкпесі кеңіп, тыныс жолдары ашылып, терісі кеңейеді.
• Баптау барысында кермеде ұзақ байланған жылқы кей жағдайда жалығатын жайттар да болады. Оның белгісі жайылымы мен бабы жап-жақсы бола тұра үлкен-кіші қара жарыстарда ашылып шаппай қояды. Бұндай күйге түскен жылқыны кешкі апақ-сапақта 10-15 шақырым қашықтыққа есер жылқымен қосарлап шаптырып, жалыққан сезімін арылтады. Жалығудан арылған жылқы сол сәтте, яғни, іңір шабыс үстінде түзеледі.
• Жалыққан жүйрікті бабына келтіру үшін: жақын маңдағы биік тау немесе төбеге жетелеп шығарады немесе қара жұмысқа жегілген шабан аттармен арнайы жарыстырып, әдейі оздырып, жарыс барысында жан-жақтан қиқулап делебесін қоздырады.