Әз-Жәнібектің немересі Тоғым хан



Қазақ тарихында есімі ел есінен ұмытылып қалған, санасынан жойылып кеткен батыр ұлдары аз емес. Совет идеологиясы өзінің жұмысын жасап, оқы дегенді оқып, ұмыт дегенді ұмыттырып жүрген уақытта, қаншама есіл азаматтардың өздері мен қазақ үшін деп жасаған жанкешті әрекеттерін тарихи санамыздан өшіріліп өз мақсаттарына жетті. Алмағайып заманның қаһармандары жайында бірлі-жарым естеліктер мен арнайы болмаса да жанама соғып кететін зерттеулер негізінде өткен олқылықты толтыра аламыз. Сол мақсатпен бүгінгі әңгімеміз Тоғым хан жайында болмақ.
Тоғым хан – қазақ хандық тарихында шамамен сегізінші болып таққа отырған төре тұқымы. Ол әз-Жәнібектің немересі, Жәдік сұлтанның ұлы. Билік құрған уақыты шамамен 1532-1537 жылдар арасы болуы керек.
Хан болып немере ағасы Тайыр ханнан кейін сайланды.Тайыр ханның тұсында жағдай ушығып, арысы Ноғай ордасы, берісі Өзбек хандығы, Моғолстаны тағы бар барлығы бірігіп, қазақ хандығына шабуыл жасайды. Халықтың ахуалы нашарлап, тозып, босып кетеді. Ел жерінен, жер елінен айырылады. Бұл жағдайды көрген Тоғым хандықтың бұрынғы деңгейін, ағасы Қасым ханның кезіндегі даңқты, орданың қуатты да іргелі ұлысқа айлануға білек сыбана күреске кіріседі. Алдымен жан-жағындағы мемлекеттерге соғыс жариялап, жаудың қолында кеткен территорияны қалыпқа келтіруге жанын салуға бел байлайды.
Ақ кигізге көтеріліп, хан сайлана сала осы мақсатпен қалмаққа, моғолға, өзбекке қарсы жорықтарға шығады. Қазақтардың басын қосып, төрт тараппен теңдей ұрысады. Майдан даласында жеңіс пен жеңіліс, ұту мен ұтылу қатар келіп жүрді. Бір кезде қазақ сарбаздары, енді бірде дұшпан ұландары табысқа жетіп отырды.
Десе де тарихи өлшеммен Тоғымның билігі өте аз болды. Кім білсін, он-он бес, жиырма жыл таққа отырғанда сол кездегі саяси жағдай басқаша өрбіп, өзгеше сипаттағы қазақ хандығы болар ма еді? Тағдырдың жазғаны…
Сонымен, Ыстық көлдің шығысындағы Сан-Таш аңғарында моғол мен өзбек қолы бірігіп, Тоғымға қарсы сақадай сай дайын тұрады. Қазақтар арасында да сен тұр, мен атайын деген баһадүрлер еді. Дегенмен жау әскерімен салыстырғанда сан жағынан әлдеқайда аз еді.
Ұрыс кү атар шақтағы таңда басталып, күн ұзаққа созылып, түн қараңғылығында әзер дегенде аяқталады. Қазақтар толығымен қырғынға ұшырап, батырлар шейіт болады. Шейіттер арасында Тоғым хан және «тоғыз сары» атанған тоғыз бірдей ұлдары бар. Жалпы қалың қолдың арасында отыз жеті сұлтан қаза тауыпты.
Бұл жеңілістен кейін сахарада «қазақ түгелімен қырылды, енді қазақ деген халық жоқ» іспеттес қаңқу сөздер таралып, біраз халықты дүрліктіргені бар. Алайда жауымыздың ондай арманының орындалғаны қайдан болсын… Майданда сан мыңдаған батырларынан айырылса да, кейбір жерлерімізді басып алса да, қазақ халқының басқа да шөбі шұрайлы, Тоғым хан азат еткен ел мен жер бар еді. Кейін таққа келген басқа да хандар мен сұлтандар бұл жерлерді ұлғайтып, жауда қолған есені қайтарып алған еді.
Ал Тоғым хан есімі отарлау жылдарына дейін халық есінде еді. Тіпті, Еңсегей бойлы Ер Есім осы шайқаста шейіт болған арғы атасы Тоғым хан бастаған оғландарға Сан-Таш аңғарында арнайы ас беріп, «жанын жәнатта ете гөр деп» дұға оқытқан екен.
Рүстем Нүркен