Адамды өз жағыңызға тартқыңыз келсе...

«Егер сіз маған келген кезде жұдырығыңызды түйіп келсеңіз, − дейді Вудро Вильсон, онда мен де жұдырығымды түюім мүмкін. Ал егер «келіңіз екеуміз отырып оңаша сөйлесейік, егерде пікір қайшылығы болып жатса қай жерден қате жібергенімізді түсінуге тырысайық» − десеңіз шынында да ақыр аяғында біздің қайшылықтарымыз айтуға тұрмайтындай болып шығады. Кемшілік жіберген жерлеріміз аз да, ойымыздың ұштасуы, бірігуі артығырақ болады. Ал егер бізде азғантай шыдамдылық, келісім жасауға деген ынта-ықылас болса, онда біз келісімге келуіміз мүмкін».
"Егер адамның жүрегінде сізге деген көңіл толмаушылық пен күмәнділік орын алса, ол адам сіздің көзқарасыңызға, ой-пікіріңізге ешқашан қосыла алмайды. Ұрсу, жеку немесе доқ көрсету арқылы олардың өз көзқарастарын өзгертпейтініне ұрысқақ ата-ананың, қатыгез қожайынның, долы әйел мен ашушаң күйеудің көз жеткізетін кезі болады. Адамдарды менің не сіздің пікіріңізге қосыл деп мәжбүр етуге болмайды. Ал егер жылы-жылы сөйлеп, ақылмен әрекет жасасаң, бұған қол жеткізуге болар еді".

Линкольн бұл сөзді бұдан жүз жыл бұрын айтқан болатын. «Бір табақ ащы өттен гөрі бір тамшы балға шыбын көп үйірмелейді» деген ескі мақал дұрыс айтылған. Бұл сөзді адамдарға қатысты айтар болсақ: егер адамды өз жаныңызға тартқыңыз келсе, алдымен оны шын ниеттес дос екендігіңізге сендіре біліңіз. Міне, жоғарыда айтылып отырған оның жүрегін жаулап алар бір тамшы бал осы. Осы арқылы оның ақыл-ойына жол табасыз.

Өзін ұлы адам санайтын Дэниел Уэбстер алдыңғы қатарлы адвокаттардың бірі болды. Ол сот кезінде көз жеткізген нақты дәлелдерінің өзін достық қалыптағы мынадай сөздермен бастайтын. Мысалы, «Айтылған сөзді назарға алу-алмау – алқада отырғандардың өз еркі...», «Бұл туралы мырзалар, ойлануға тура келеді», «Мына бір-екі фактіні сіздер естен шығармайды деп ойлаймын», «Сіздердің білім деңгейлеріңізбен бұл сөздің астарын түсіну қиынға соға қоймас» т.б. Ол еш қиналмастан осындай қарапайым сөздер айтатын. Ол ешкімге өзінің пікірін таңып жатпай-ақ осындай қарапайым да жайлы әдісті қолданып, сол арқылы зор табысқа жетіп, аты елге танымал болды.