Құдалықтың түрлері

Қазақ салт-дәстүрінде бала ер жетіп, қыз балиғатқа толған шақта әрбір ата-ана «ұлын ұяға, қызын қияға қондыруы» парыз. Қазақта «балиғат» деп 13-ке толған қыз баланың жасын атайды. Ал, осы жастағы ұл баланы «ер жетті» деп атайды. Қазіргі кезде қолданылып жүрген «кәмелетке толу» ұғымы жасөспірімдік шақтың соңы болатын 16-18 жасты белгілейді. Халық түсінігі бойынша жастарды неғұрлым ерте үйлендірсе, жағымсыз қылықтардан аулақ болып, ұрпағы көп, дені сау, мықты болып қалыптасады деген. Сондықтан, қыз баланы 13-14 жасында, ұл баланы 14-15 жасында үйлендіретін болған.

Көне замандардан бері қазақтар, бергісі ауыл-аймақ, шет-шекарасының тыныштығы, арғысы хандық немесе мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көрші ру-тайпалар немесе мемлекеттермен туыстық, меймандостық қатынас орнатуға талпынған. Ондайда, «үйірі басқаны ноқта қосады, атасы басқаны неке қосады» және «ұлыңды ұрымға, қызыңды қырымға» деген бойынша неғұрлым алыс жерден қыз алып, қыз берісуді жөн санаған. Оның өзіндік мәні тым тереңде жатыр. Ең әуелі, қазақ өз арасында кем дегенде жеті ата араламаған ру ішінде бір-бірінен қыз алысып, қыз берісуге тыйым салуы негізінде қан тазалығы мен осы арқылы ақыл-есі, дені сау ұрпақ өрбіту қамынан туындаған салт қалыптастырған. Сондықтан, шалғай жерлерде туып-өскендердің өзара некелесуінен туған балалардың дені сау, мықты болып өсетінін де қазақ о баста санаға әбден сіңіріп, бұлжымас қағидаға айналдырған.

Сондай-ақ, «жер айырылса шым бітейді, ел айырылса қыз бітейді» сөзі айтып тұрғанындай, арада туған түрлі кикілжіңдер түбінде қыз алысып, қыз берісу арқылы шешіліп, мамыражай қалыпқа келуі сияқты жәйттерден қоғамдық өмірде некенің және өмірге ұрпақ әкелуші болашақ ана, қыздың аса зор маңызға ие екендігін байқау қиын емес.

Екі жастың бас қосып, отбасын құруы ежелден қалыптасқан дәстүр бойынша құдаласудан басталады. Қазақтар, әдетте, «тең-теңімен, тезек қабымен» деген қағида бойынша ежелден сыйласатын, аралас-біліс, әлеуметтік деңгейі өзімен шамалас адамдармен құдаласатын болған. Қазақта құда болудың бірнеше түрі болған. Осындай т.б. жағдайларға байланысты құдалықтың «бел құда», «бесік құда» және «қарсы құда» деген негізгі түрлері қалыптасқан.

Ең әуелі қыз бен жігіттің әке-шешесі құдаласуға келісіп, қалың мал жөнінде сөйлеседі, жігіт әкесі осы келісімнің белгісі ретінде қызға үкі тағады. Егер қыз әкесі келісімді бұзса, үкіні қайтарып қана қоймай, айып төлейді, ал келісімді жігіт жағы бұзса, үкі қайтарылмайды. Бұл келісімнен кейін заңды құдаласу басталады. Жігіттің әкесі руының сыйлы адамдарының құда сайлап, қыз ауылына жібереді. Қыз жағы құдаларын қарсы алып, күтіп, қайтарында киіт кигізеді. Киіт құдалардың жасына, беделіне қарай беріледі. Ең қымбат киіт жігіттің әкесіне беріледі, оның құдалардың құрамында келу-келмеуі шарт емес. Құдалары келгенде қыз әкесі ақ қой сойып, бата оқытып, кішігірім «құда түсер» тойын жасауы керек. Осы той үстінде құдаларға құрт қатқан сорпаға салынған құйрық-бауыр тартады. Ақ қойды бауыздаған сәтте «ақ қойдың қаны ағып, ақ бата оқылады» деп бата оқып, бет сипасады.

Құйрық-бауырды қосып тартудың мәні зор: бауыр – күллі бауыр, туыс-жекжаттың белгісі, бір бауырды бөліп жеп, екі жақ бауырласқандай болады. Құйрық – малмен жан бағып отырған қазақ үшін малдың, молшылықтың белгісі, яғни арадағы алыс-беріс көбейсін дегенді білдіреді. Бір жағынан құйрық-бауыр заң орнына да жүреді, алда-жалда құдалықтың барысында дау туып, билер: «құйрық-бауыр жедіңдер ме?» – деп сұрайды, құйрық-бауыр жегендері расталса, құдалар заңды деп саналады.

Бата аяқ — екі жақтық келісімнен кейін жігіт әкесі қыз ауылына келіп «бата аяқ» өткізеді. Кейде мұны «сырға тағар» деп те атайды. Осы жолы екі жақ тойды өткізу мерзімі, кәде-жора, қалыңмал жөнінде келіседі. Мұндай келісуді «баталасу» дейді. Оның 2 түрі бар:

кесімді бата жасау, яғни мал мөлшері, той уақыты, шығын мөлшері, алыс-беріс, келу-кету, т.б.

кесімсіз бата, яғни мал саны, мүлік мөлшері кесілмейді. Жағдайға, уақытқа қарай кейін белгіленеді.

Ауқатты, елге есімі белгілі адамдардың құдалығына «бас жақсы», «аяқ жақсы» деген ірі, бағалы кәделер болады:

«Бас жақсы» кәделері – боталы түйе, құланды бие, жағалы киім, бағалы бұйым, алтын, күміс жамбылар;
«Орта жақсы» кәделері – ең жақсы түйе немесе ат.
«Аяқ жақсы» кәделері – ат, сиыр, қой, т.б.

Құда тартар – қыз алуға келген құдаларға жасалатын құрмет, «құдаларын құдайындай сыйлай» отыру дәстүрі. Бұл – ойын-күлкіге, сауыққа, сынға құрылған салт. Мұнда құда тартар кәдесін сұрай келген әйелдер бастаған топ құдаларға лап қояды да, оларды көкпар тартқандай тарта жөнеледі. Олар құдаларды теріс қаратып өгізге мінгізеді, «кірлеп кетіпті ғой» деп өзенге апарып сүңгітеді, аяғын жоғары қаратып үйдің шаңырағына да асып қояды. Не керек, жұрт күлетін қиын да, кейде ерсі қимылдарға да барады. Бұған құдалар ашуланбайды. Қолынан келсе, олар да құдағи жағына күш көрсетіп, оларды қоса құшақтай кетеді. Мұның өзі жұрттың көңілін көтеретін бір үлкен ойын-сауық.

Бел құда немесе құрсақ құда – өзара таныс-біліс, дос-жаран адамдардың әйелдері бірдей құрсақ көтеріп жүрген болса, ондай адамдар алдын-ала уәделесетін болған. Яғни, бірінен ұл, бірінен қыз туса, достар бел құда атанатын болған. Егер балалар (ұл,қыз) жас болса, тіпті іште жатса да, ерте келіп сөз байласады. Мұндай адамдар көбіне бірін-бірі жақсы білетін, өте сыйлы дос кісілер арасында болады. Олар алдымен іште жатқан балаларын бір-біріне қосу туралы келіседі. Кейде «атастыру» деп те айтады.

Қарғыбау – бірыңғай қыз немесе ұл туса, әке-шешелерінің достығын жалғастырып, жолын бөлісетін болған.

Бесік құда – балалары бесікте жатқанда кейбір ниеттес адамдардың құдаласуын айтады. Бұлайша құдаласу орташа дәулетті адамдар арасында болып, берілетін қалыңмал мөлшері әдеттегіден едәуір төмен және қалыңмалды ерте бастан-ақ, ақырындап төлеп отырған. Құдаласудың бұл түрі күні бүгінге дейін сақталған деуге боларлық.

Қарсы құда – бір-бірімен өзара қыз алысып, қыз беріскен қат-қабат құдаларды атаса, қарсы құдалықтың тағы бір түрі – қыз алған жақ қыздың қалыңмалын төлеуге шамасы келмесе, қалыңмал орнына өз жағынан бір қыз берген.

Қыздар әліппесі сайтынан