«Рустем Зораб(Дастан)» поэмасы

1934 жылы «Шығыстың жарық жұл­­дызы» атанған Фирдоусидің туғанына мың жыл толған мерекесі әлемнің көп­теген елдерінде атап өтіліп, мәңгі өлмес шы­ғармасы «Шаһнама» (патшалар өмірі жайлы жыр) әр халықтың тілдеріне жаппай аударыла бастайды. Өз кезінде «Шаһ­наманы» Шығыстың «Илиадасы» деп те атағандар болған. Бірақ шын мәнісінде «Шаһнама» «Илиада» секілді туындыдан сегіз есе көп келетін теңдессіз эпопея-дастан. Сол бір дүбірлі мереке аталып өтіп жатқан 1934 жылы Алматыда Қазақстан жазушыларының тұңғыш съезі, одан соң дәл сол жылы көркемөнерпаздардың рес­публикалық І слеті өткізіліп, оған Оңтүстік Қазақстан облысынан Тұрма­­­ғамбет Ізті­леуов те қатысады. Осы бар­­ған сапарында Қазақ өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Л.­И.Мирзоянмен, Оқу Халық комиссары Т.Жүр­геновпен жүздесіп, олармен келелі әң­гімелер қозғалады. Сөз түйініне тоқтар кезде Темірбек Жүргенов Тұрмағам­беттен: «Шаһнаманы» аудара алар ма едіңіз?» – деп сұрайды. Сонда Тұрма­ғам­бет: «Ол дастанның түркішесін де, шаға­тайшасын да, тіпті парсышасы мен арабшасын да оқығанмын. Көптеген же­рін жатқа да білемін. Оны аудармай несі бар», – дейді сенімді түрде.
Арқалы ақын Темірбек Жүргеновке осы кесімді сөзін айтқан соң, былай деп өлеңдете жөнеледі:
«Тәуекел! Орын тап та, тапсырып көр,
Алармын әрқалайда иілдіріп.
Қалайша қиял шіркін қашар екен,
Отырсаң жоғарыға киімді іліп.
Баяғы балалықтың базарында,
Өлеңді отырушы ем үйілдіріп.
Ойламай оның жолын қартайған соң,
Тастап ем зейінімді түйілдіріп.
Қалайда бәйге алып бере алмайды,
Жүйрікті жаратпастан күйін біліп.
«Ишарат – ақылы барға», деген нақыл,
Ал қойдым осы араға тыйылдырып».
Сол әңгіме үстінде бірге болған ақын Өтебай Тұрманжанов өз естелігінде былай деп жазады: «Шаһнаманы» бітір­ген­нен кейін оны редакциялауды маған тапсырған еді. Ең алдымен қолжазбаны бастан-аяқ оқып шықтым. Ақындық шабыттан туған әдемі жырлар жазылған беттерге қалам да тигізбедім».