Жыраулық пен ақындық поэзияның қалыптасу жолдары

Жырау – ақпа-төкпе импровизатор, өлең сөзді қару еткен өнер адамы, халықтың қамын ойлай білетін парасаты мол ел ағасы, қысылғанда жол табар ақылшысы, уақыт, оқиға сырын, замана бағыт-бағдарын ақыл таразысына салып сынай, салмақтай білетін, болжағаны болып, айтқаны келетін тапқыр да көреген дана абызы. Жырау ел тағдырын шешер ірі оқиғалар, аса мәнді көкейкесті мәселелер тұсында толғанған. Халық өзгелерден гөрі қайғырғанда демеп, қуанғанда қанат бітіріп, ақыл қосатын асыл сөз иесі – жырауларды қатты қадірлеген.
XV-XVIII ғасырларда өмір сүрген жыраулар мен ақындардың көпшілігі сарай маңында көрінеді. Мұндай сипатты Шығыс, Орта Азия елдері ақындары өмірінен де байқаймыз. XVII ғасырда патша сарайында ертекші, әңгімешілер ұстаған. Сөзі өтімді, халыққа беделді мұндай адамдарды ел билеушілердің тірек етпеуі, өз маңында ұстамауы мүмкін емес еді.

Жыраулар әлеуметтік мәні зор ірі, келелі мәселелерді жырласа, ақындар өмірмен қоян-қолтық, бетпе-бет келіп сан қилы тақырыпта өлеңдер шығарды. Бұл сипаттар Тәтіқара, Көтеш, Шал шығармаларынан, XIX ғасырдағы ақындар мұрасынан айқын аңғарылады.

Халқымыздың поэзиялық мұрасын атадан балаға ұластырып, айтып жеткізушілер – жыраулар мен ақындар. Ол мұралар ішінде жыраулар мен ақындардың төл шығармалары да, оларға әріден жеткен бағзы жырлар да, сол дәуірде туған эпостық туындылар да болуы мүмкін. Жыраулар мен ақындар жырларды тудыра отырып, өзі де қадір тұтқан поэзиялық мұраларды жырлап, таратып отырған. Бұл дәстүр қазақ, қарақалпақ, қырғыз, өзбек, түрікмен, ноғай т.б. халықтарда күні бүгінге дейін сақталып, дами түсуде.

XV-XVIII ғасырлардағы жыраулар мен ақындар елдік, ерлік, өмір, дін, заман хақында толғанған. Олар шығыс поэзиясы дәстүрімен өмірдің өтпелілігін жырлап, ізгілік пен инабатты дәріптеген. Заманының ойлы перзенті ретінде өмірдің сан алуан мәселелерін сарапқа салып, гуманистік тұрғыда философиялық-дидактикалық түйін-тұжырымдар жасап, жер-суды, атамекенді қорғау, ел бірлігін сақтау мәселелерін жырлаған.

Ақын, жыраулар мұрасында сол дәуірдегі талай тайпалар басынан өткен тарих іздері сайрап жатыр. Әр дәуірдің ірі, іргелі оқиғалары, көрнекті адамдары тарихи тұрғыда нақты, дәлдікпен көріне қоймаса да, жыраулар мен ақындардың өз басы жағдайлары, жыр жолдарында кездесетін адамдармен қарым-қатынасы, олардың сыртқы һәм ішкі бейнесінің кейбір көріністері, сол замандағы бірқатар оқиғалар хақындағы деректер анық байқалады. Мысалы, Асан қайғы жырламаса Жәнібек хан, Шалкиіз жырламаса Темір, Әзике, Мансұр билер, Махамбет жырламаса Жәңгір хан поэзия жолдарында қалмас еді. Мысалы, Тәтіқараның «Кеше тоқыраулы судың бойынан», Бұқардың «Ал, тілімді алмасаң» толғауларынан Абылай өмірінің кейбір деректерін, Үмбетейдің «Бөгенбай өлімін Абылай ханға естіртуінен» қалмақ пен қазақ арасындағы шайқас көріністерін тани аламыз.

Ақын, жыраулар хан қасында болып, оның мәртебесі мен мерейін асыруға қаншама қызмет еткенмен, өмір шындығын жырлаудан ауытқи алмаған, реті келгенде хан мен бектің ұнамсыз қылық, ыңғайсыз істерін де ашық айтып, батыл әшкерелеп отырған. Замана шындығын, дәуір сырын бейнелеген жолдар ақын, жыраулар мұрасында аз емес. Мұндай реалистік элементтер «Қырында киік жайлаған», «Әй, хан, мен айтпасам білмейсің» сияқты Асан толғауларында, «Би Темірге айтқаны», Ақтамберді, Бұқар, Шалкиіз т.б. ақын, жыраулар мұраларында да мол.