Сөздер сөйлейді. Қорамсақ, қылшан

Қорамсақ — садақ оғының қабы. Эпостар тілінде қорамсақ пен садақ сөздері синонимдік қатар түзейді. "Оқ қабы" мағынасында ілгеріректе қылшан сөзі деқолданылғанын көреміз. Мысалы, Қазтуған жырауда:

Қарағайдан садақ будырып,
Қылшанымды сары жүн оққа толтырып, — деген жолдарды оқимыз.

Ал Қобыланды батырда:

Дөңгеленіп келеді,
Садақтың бауы сыртылдап, — деп суреттелсе, мұндағы садақ — белге байлап алған жақ және оқ қаптары. Бұл сөздердің морфологиялық құрамын талдап, түп-төркінін ашып берген ғалым — Ә. Қайдаров. Ол Халықаралық Алтаистика Конференциясының 1972 жылы Вена қаласында өткен XV сессиясында қазақ тіліндегі қару-жарақ, сауыт-сайман атаулары жөнінде арнайы баяндама жасап, қорамсақ сөзінің құрамындағы сақ элементі бір сөз түбірінің йа/йақ/жа/жақ/са/сақ сияқты варинаттардың бірі дейді, ол қылшан сөзі қыл (аттың құйрығы не жалының қылы) сөзіне "ыдыс, футляр, қап" мағынасындағы шан сөзі немесе -шан (-шын, -шін) жұрнағы қосылып жасалған сөз болу керек дейді. Орыс тіліндегі осы мағынадағы колчан сөзі — түркі тілдерінен шамамен XIII-XV ғасырларда енген сөз.

Бір көңіл аударатын нәрсе — қорамсақ сөзі қорам түрінде де қолданылған. Мысалы "Қыз Жібек" жырында:

Енді қолын алғанша,
Қорамға қолын салғанша, — деп келеді. Бұл мысал қорамсақ сөзінің құрамы қорам+сақ деген екі бөлек сөзден тұратындығын, оның сақ компонентін қоспай да, "оқ қабы" ұғымын бере алатындығын аңғартады. Осы сөздің қорамса варинаты және болған. "Ақжонасұлы ер Кеңес" деген жырда:

Қорамсаны қолға алды,
Айтайын деп оңдалды, — деп келген жолдарды кездестіреміз. Бұлар орфаграфиялық қателер емес, біз әңгіме етіп отырған сөздің және оның құрамдарының бірнеше фонетикалық вариантта келген бір сөзден пайда болғандығын көрсететін фактілер.