Тұрмағамбет шайырдың тапқырлығы

Құрманбай ақсақал кете Тұрмағамбет шайыр жайлы әңгімесінде:

– Тұрмағамбетке жас шағынан бастап Алла тапқырлық дарынды бойына құйған екен, – деді. – Жас шағында Бұқарадағы «Көкелташ» медресесінде оқып жатқан кезі екен. Медреседе ғұлама, оның отбасылары, оқып жатқан шәкірттері шайылып тазаланып тұратын хауыз болады екен. Оған дариядан тастан қаланып жасалған салмамен су құйылады. Су жүретін салманы жеті сайын тазартып тұрған. Өйткені салманың ішін лай, қайыр басып қалады. Су жүретін салма тайыз да емес, су тізеліктен асады екен. Бір күні шәкірттер салма тазалап жатса, Тұрмағамбеттің алдынан дариядан келген үлкен қыр бойы сүген (қаяз) кездесіпті.

Тұрмағамбет сүгенді әрі-бері қуса да, ұстатпапты. Сүгеннен айырылып қалатын болған соң Тұрмағамбет қасындағы балаға:

– Шешін, қазақта көттұтпай деген әдіс бар. Екеуміз екі жақтан қаусырмалап көттұтпай жасамасақ, сүгеннен айырыламыз, – дейді.

Жолдасы Тұрмағамбеттің айтқанын істеп, осы айтқан әдіспен қаусырмалап сүгенді ұстап алыпты.

Хазірет мінберде балалардың судан сүген ұстаған әрекетін қарап отырған. Хазіреттің қарап отырғанын көріп, сүгенді Хазіретке тартуға әкеліпті.

Хазірет:

– Балам, ұстаған сүгеніңде шыпа жоқ па? Таза ма, қалай ұстадың? Еттеріңе тимеді ме?

Сонда Тұрмағамбет:

– Тақсыр, сүген ұстатпаған соң қазақтың көттұтпай деген әдісімен ұстадық. Су тазалайды. Таза, – деген.

Хазірет:

– Еттеріңе тиген шығар. Суға шайып, тазалаңдар, – депті.

Хазіреттің сөзін орындау керек, қайталауға болмайды.

Тұрмағамбет сүгеннің құйрығынан ұстап, хауызға барып олай-бұлай шайқағанда, сүген Тұрмағамбеттің қолынан бұлқып шығып, суға кетіп қалады.

Сүгеннен айырылған Тұрмағамбет Хазіретке келіп:

– Тақсыр, дидар – ғайып, нәсіп – ғайып, ажал – ғайып, сүген кетті қолдан тайып. Табан асты тауып айтылған тура да әділ сөзге Хазірет тоқтап, жауап айта алмай үнсіз отырып қалған екен.

1927 жылы туылған Қазалылық Тілеуберген Төребеков деген ақсақалдан жазып алынған