Фариза Оңғарсынованың өлеңдері

Қаймана қазақ жұрты Фариза ақынды жоқтауда. Бүгінде қазақтың қайсар қызының өлеңдерін оқып, еске ала отырайық.

Мен сонда жылап қалғам,
Сен сезбедің. Кетті ұшып жыраққа арман.
Бұның бәрі неліктен? Білесің сен –
өзіңді ұнатқаннан.
Сосын-сосын жүргеннен ұмыта алмай,
Алып ұшып жеткенде жырақтардан.
Кездеріңді алдымда құлап-талған,
Өліп-өшіп өртенген кезеңдерің,
сосын...түк болмағандай безергенің.
Осыларға түсінбей мың ақтарғам,
Басым қатып шешілмес сұрақтардан.
Сезіміңнің соншалық жалғандығы
Сен үшін бір сәт екен арман құны!
...Мен сонда жылап қалғам,
Өзіңді жек көргеннен және де
...ұнатқаннан!
Телефон шыр етедi:
Сонда менiң жүрегiм дiр етедi,
Көйлегiмнiң желбреп гүл етегi
жугiремiн. Не пайда сен емессiң.
Тек қимылдау көңiлдi жүдетедi.
Кешке дейiн неше рет дiрiлдетiп
мәнсiз, арсыз алаңмен күн өтедi.
Телефон, шыңғырсаң да,
көтермеймiн ендi мен – қылғын сарна!
Жүрегiме тыныштық бермей қойды-ау,
төбесiнен бiр қойып сындырсам ба!?
Әне тағы… сенi ме! Қоңыр дауыс!
Трубканы сүйiп мен тұрдым сонда.
Сен менің жанарыма жас тұндырып,
Өзгеге көңіл кілтін аштың күліп.
Ошаққа отырғызып кетті мені
Әне бір ұзын бойлы ақ сұр жігіт.

Мен қалдым шыр айналып қу далада,
Жете алмай арман болған ну жағаға.
Сезгендей сүлдерімнен бір сұмдықты,
Көз алмай көп қарады туған ана.

Жаншылдым, жанартаудай биік едім,
Жоқ енді сүйенерім, сүйінерім.
Мен үшін қызығы да, қайғысы да –
бәрі бірдей секілді бұл дүниенің.
Сен қайда жүрсің?
Мені осынша сағындырып,
Жүрегімді лаулатып, жалын қылып.
Мен сені іздеп жүрмін
Шығар-ау деп жарқ етіп, түзден бір күн,
Мазасыздық жайлаған жанымды ұғып.
Жинап жүрмін жүрекке ашу, ыза.
Кеудемде қамалған үн,
шаттығым мен пәк күлкім, ән – арманым.
Басқаларға айта алмас сырымды мен
Ішімдегі бүгіп жүрем -
ақтаруға тек қана саған бәрін.
Жанымды жайып салам,
Көмілмей жасқа, мұңға,
Орап сені сағыныш – ақ сағымға.
Қымсынбаймын, бар әлем қарап қалса
Сені ұйықтатып алдымда таң атқанша
Отырамын көз ілмей бас жағыңда.
Арпалысқан сәтте сол
сағыныш, наз, қимастық, арман, үміт
Әттең атып қалады-ау таң да күліп…
Әлде әйнектен қызғанып Ай қарай ма,
Ол да сені нұрымен аймалай ма?
Мына өлеңге бүкіл қазақ қыздарының ұяңдығы сыйып кеткендей...
Ақбоз атты жолаушы
біздің үйдің сыртына қырындады,
көрмеген боп көрсем де үңілмедім.
Маған қарап жеңешем жымыңдады,
қызарып күлімдедім.
"Құдық жаққа кетсемші..."
деген ойды қайталап жиі ішімнен,
өзің үйге кіргенде опынғам көп.
Көрінуге тырыстым үй-ішіне
елемей отырған боп.
Мен бірақта абдырап,
қолымдағы кестемнен жаңылдым ба,
қырық үзілді жіп деген құрып кеткір.
Өз-өзімнен тынысым тарылды да,
ақыры шығып кеттім.
Мен сол күні өзгердім.
Әшейінде еркелеу, батылдау да ем...
Сезбеппін де сол күні түс ауғанын.
Дастарқанның шетіне отырғанмен,
шайымды іше алмадым.
Кетеріңде жеңешем
атыңды ұстап мінгізді, бар қамың жеп.
Сыбырладың - ол маған сөзің дедім.
Аттандырып неге өзім салмадым деп,
сол түні көз ілмедім.
1970
;
Ал мына өлең қанша қыздың әнұранына айналды:
Сен үшін сонау алыстардағы елес ем.
осынша мені арман қып келдің неге сен.
«Сыртыңнан сүйіп жүретінімді
сезуші едің ғой»,-демесең,
мен саған ғашық емес ем.
Бас иген көп-көп бозбалаларға паңдана
асқақтау басып, бақытты болдым.«Сонда да
жан-жүрегіңді толтырар бір жан
жетпей жүрді ғой»,-демесең,
мен саған ғашық емес ем.
Бір дауыл сәттің соғарын сезіп жүргенмен,
сен екеніңді білген бе ем…
Әйтеуір, жаным,«бұл күнде менсіз
жүре алмайсың ғой»,-демесең,
мен саған ғашық емес ем.
Телефоны құрғырың үндемеді -
Оятпады мазалап түнде мені.
Шырт ұйқыдан тұрғызып сүйіктім кеп,
қалқатайым кетеміз, жүр демеді.
Ақ айдынға тоғытып жыр-кемені,
желмен ұшып жанымның мұң-желегі,
ағыстармен алысар арман сәттер
ұмытты мүлде мені.
Жақындатпай, алдырмай ой қамалы,
үміт, ыза - жиылып бойға бәрі,
арман оты жарқылдап жанарымда
найзағай ойнамады.
Азаптың да рақат бар мұңдары,
сені сағынғаным да - жанның нәрі.
Осы бір сәт тыныштық болса игі еді
дауылдың алдындағы!
"Мен сонда жылап қалғам"..., "Сен қайда жүрсің мені осынша сағындырып".... "Мен сондаймын"... оқушы кезімнің лирикасы... Сонда Фаризаның жырлары болмағанда не істер едім?!
Поэзияның авторын сүйсем де, өзіне ғашық бола алмайтын шығармын... Түк оқи алмаймын...